Енді бір аптадан кейін Қазақстан сенат мәжіліс мақұлдаған «Халықаралық немесе шетелдік коммерциялық емес өкілдіктердің және филиалдардың қызметі туралы» заң жобасын жалпы отырысқа шығарады. Алайда, бұл заң жобасына сын айтып отырғандар бар. Сенат депутаты Зәуреш Батталова аталған заң жобасын қарағанда мәжіліс депутаттары заң бұзуға жол берді деп отыр:
- Бұл заңды біз қарауға құқықты емеспіз деп санаймын. Осы заңды қарағанда меніңше, Мәжілісте заң талаптары бұзуылған. Бұл заң жобаларын бес депутат ұсынған болатын. Бірақ, оның авторларының бірі депутат Ерасыл Әбілқасымов өзінің аты-жөнін алып тастады. Сондықтан да мәжіліс бұл заңды кері қайтарып, қайта қарау керек еді.
Зәуреш Батталова сенат депутаттары үкіметтік емес ұйымдар туралы заң жобасын мәжіліске кері қайтару мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Ал маусының 20-күні, мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің жаңа құрамымен кездесуде, Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев үкіметтік емес ұйымдар туралы заң жобасы Қазақстан мен халықаралық қауымдастық арасындағы байланысқа кері әсер етуі мүмкін екенін айтты:
- Заң жобасының шеңберінде мемлекетаралық ұйымдардың да енгізілгені байқалады. Бұл Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келіп, ЮНЕСКО, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тәрізді БҰҰ жүйесіндегі мекемелерге, сондай-ақ өзіміз төрағалық етуге үміткер болып отырған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтмақтастық ұйымының Қазақстанға тиімді қызметіне нұқсан келтіруі ықтимал.
Алайда, мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов мәжіліс мақұлдаған үкіметтік емес ұйымдар туралы заң жобасынан халықаралық ұйымдардың қызметіне нұқсан келмейді дейді. Депутат оны бұл жобадан даулы баптардың алынып тасталғанымен түсіндірді.
- Халықаралық талаптарға сай, БҰҰ және басқа да ұйымдар өздерінің жарғыларына сәйкес қызмет етеді, оған біз қол сұға алмаймыз. Сол себептен біз ұсынған заң жобасы заңға айналған жағдайда халықаралық ұйымдарға тиіспейді, оларды қамтымайды, - дейді Серік Әбдірахманов.
Дегенмен де мәжіліс депутаты Тохтархан Нұрахметов аталған заң жобасының халықаралық ұйымдарға қатысы бар екенін жоққа шығармайды:
- Мемлекеттік емес ұйымдардың барлығын жау деп отырғанымыз жоқ. Оның барлығы бізге қарсы жұмыс істеп отыр дегеніміз жоқ. Тек қана олардың ішінде кейбіреулері бар - шетелдің ақшасына елге қарсы жұмыс істеп отырған. Міне, бұл заң жобасы соған ғана жасалған әрекет.
Үкіметтік емес ұйымның өкілі, Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесінің Шымкент қаласындағы филиалының директоры Жарқынбек Сейтінбек сөз болып отырған заң жобасын парламент қабылдаса, Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы тежеледі деген пікір білдірді.