Accessibility links

“Баянауыл” базарының кәсіпкерлері базардың жабылуына қарсы


Тамыздың 8-і күні Алматыда автокөлік және оның бөлшектерін сатып келген «Баянауыл» базарының кәсіпкерлері өз наразылықтарын білдірді. Кәсіпкерлердің наразылық білдіруіне шілденің 1-күні Алматы қаласындағы ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттың «Баянауыл» базарын жабу туралы шешімі себеп болған. Өз меншіктерін кепілге қойып несие алып жұмыс істеп жатқандықтарын айтқан кәсіпкерлер базар жабылса далада қалатын болдық, дейді.

“Баянауыл” базарының басшысы Жеңіс Қияқбаев Алматы қаласының ауданаралық экономикалық соты шілденің 1-інде автокөлік және оның бөлшектерін сатып келген «Баянауыл» базарын жабу жөнінде заңсыз шешім шығарды дейді. Ол осы жылдық ақпан айының 2-сі күні Алматы қалалық СЭБ басқармасы базар аймағындағы қоғамдық тамақтану орындарында ереже бұзушылықтарды анықтады. Осыған сәйкес басқарма “Баянауыл” базарының іс-әрекетін тоқтата тұру туралы арызбен ауданаралық экономикалық сотқа шағымданды, сот өз кезегінде анықталған кемістіктерді жою үшін базар қызметін тоқтатып тастады дейді. Оның айтуынша, базар әкімшілігі ауданаралық экономикалық соттық шешіміне аппеляциялық шағым жасап, қалалық соттың алқасы 2005 жылдық көкек айының 1-іне дейін кемшіліктер жойылсын деп шешім шығарады.

Алайда 2005 жылдың шілдесіне дейін базардағы барлық кемшіліктердің жойылғанына қарамастан қалалық әкімшілік пен Алматы қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы Әуезов ауданының СЭС-інен іс-әрекет ету үшін берілген рұқсаты бар асханаларға қайта тексеру жүргізіп, аталған комиссия бұрын берілген төмен тұрған инстанцияның асханалардың әрекет етуіне рұқсатын елемей, асхана меңгерушілеріне ереже бұзушылық туралы актілерге қол қоюға мәжбүрлейді. Базар басшысы Жеңіс Қияқбаев бұл қоғамдық орындарда сауда жасауды қадағалау ережелеріне қайшы келеді дейді. Нәтижесінде Алматы қаласының әкімшілігі СЭБ басқармасының қайта тексеру актісін негізге ала отырып базардың жабылуы туралы арыз-шағым береді. Шағым 2005 жылдық 1 шілдесінде қанағаттандырылады.

Базар басшысы Жеңіс Қияқбаев базарды жабу жөнінде шешім шыққаннан кейін қалалық сот алқасына аппеляциялық шағым түсірдік дейді. Ал бүгінгі әрекетіміз – “Баянауыл” базарында еңбек ететін 1000-ға жуықа адамның тығырыққа тіреліп отырғандығы туралы хабардар ету болатын дейді.

Осы мәселеге байланысты Алматы қалалық әкімшілігіне хабарласқанымызда қалалық әкімшіліктің баспасөз қызметкері Нұрлан Асқаров: “Бұл мәселеге байланысты Алматы қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментіне хабарласыңыз. Бастығы - Ерғали Шорманов. Сол кісілер айтады. Ал менде нақты мәлімет жоқ”, деді. Департамент бастығы Ерғали Шорманов орнында болмады. Ал кәсіпкер Сембек Нұрғұл: «Мен өзім ауылдан келгенмін. “Баян-Ауыл” базарында жұмыс істейтіндердің 70-80 пайызы ауылдан келген азаматтар. Ертең базар жабылатын болса жағдайымыз не болатынын білмеймін. Бұл жерде 10 мыңға жуық азамат күнін көріп жүр», деді.

Саудагер Нұрберген Асқаров: ”Күнімді осы базардан ғана көріп отырмын. Анығын айтатын болсақ ауылдағымыз малмен, қаладағымыз базармен күн көріп жатырмыз. Халықпен де санасу керек деп ойлаймын”, дейді.

Адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис: ”Қызметі санитарлық талаптарға сай келмейтін асханалар үшін азық-түлік өнімдерін сатумен айналыспайтын базарды жабу дұрыс емес. Заң нормаларына жүгінетін болсақ, бұл жерде заң талаптарын бұзған кәсіпкер жазалануы тиіс”, дейді.
XS
SM
MD
LG