Accessibility links

Қостанай жылқы зауыты асыл тұқымды арабы айғырлар сатып алмақшы


Қостанай жылқы зауыты атақты Қостанай тұқымының қанын тазарту бағдарламасына кірісті. Ол үшін шет елдерден арабы жылқылар сатылып алынатын болады. Бір кездері Қазақстанда 5 миллион бас жылқы болса, қазір соның бестен бір бөлігі ғана қалыпты. Мамандардың пікірінше, оның өзін дереу асылдандырмаса, қазақы жылқы тұқымының азып кетуі мүмкін. Салыстыратын болсақ, 1990 жылы Қазақстандағы жылқының асыл тұқымдысы 9 пайыздан асатын. Ал, қазір Қазақстандағы 4 түлік малдың тек 3-5 пайызы ғана асыл тұқымды.

«Қазақ тұлпары» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны жылқының атақты Қостанай тұқымын дамытып жетілдіруді қолға алмақшы. Жылқы зауытының директоры Нәбидолла Кикебаевтың айтуына қарағанда, кәсіпорынның асылдандыру және селекция жұмыстарын жүргізу қажеттілігі мен мүмкіндігі мол. «Қостанай тұқымының «қанын» тазарту қажет, оның спорттық көрсеткіштерін жақсартуымыз керек, сондықтан асыл тұқымды арғымақтар алып жатырмыз»,- дейді кәсіпорын директоры. Бірақ, бұл жұмысты жетілдіру үшін, Қостанайда толық жабдықталған жаңа жылқы зауытын салу керек, дейді ол:

«Сол зауыттың жобасы, техникалық негіздемесі жасалды. Жері бөлінді. Бірақ, оған инвесторлардың ақшасы қажет».

XIX ғасырдың аяғында Қостанай облысында патшаның мемлекеттік жылқы зауыты жұмыс істеген. Негізгі мақсат Қазақ жылқысының тұқымын жақсарту болатын. Екінші әлем соғысы кезінде де бірнеше жүздеген бас жылқы Қазақстаннан алынған. Соғыс аяқтала салысымен маршал Буденныйдың бұйрығымен Қазақстанда 19 жылқы зауыты салынады. Онда қазақ жылқылары Дон жылқыларымен будандастырылған. Ал, қазір Қостанайда Араб айғырларын алуға тендер жарияланған. Ұлыбританиядан да жылқы сатып алу жоспарланып отыр. Жылқы зауытының директоры Нәбидолла Кикебаевтың айтуына қарағанда, әзірге қазақстандық жылқы құны арзан, бірақ, инвесторлар бірнеше жыл күтетін болса одан орасан қаражат түсіруге болады дейді ол:

«Бір жылқы 2,5-3 мың доллар тұрады. Әрине, оған басқа жылқының қаны құйылса ол 10-20 мың доллар және одан жоғары тұрады. Және ол бір жерде бәйге ұтса тіпті жақсы. Бірақ, оған 10 жыл керек».

Кеңес одағы ыдыраған соң, көптеген жылқы зауыттарындағы жағдай қиындап кеткен. Қазақстанда 5 млн. бас жылқының тек бестен бір бөлігі ғана аман қалды. Көбісі бауыздалып кетті. Ғалымдардың пікірінше, малды дереу асылдандырмаса жағдай насырға шауып кетуі ғажап емес. Асыл тұқымды малдың өнімі жай малдан 2-3 есе артық болатыны белгілі. Малды асылдандырса, экономикалық өрлеу тезірек болады, дейді қазақстандық мамандар. Оның үстіне, Қазақстан әлемдік сауда ұйымына кіргелі отыр. Бұл халықаралық ұйымның талаптарына сай, экспортқа жөнелтілетін малдың сапасы жоғары болғаны жөн. Өйтпесек, отандық өнімдер бәсекелестікке шыдамайды, дейді ауыл шаруашылығын көп жыл зерттеген экономист Атамұрат Шамен:

«Ешқандай мысалы, асыл тұқымды емес малдың өнімі де көп болмайды. Ал, асыл тұқымды мал өнімді көп береді».

Әсіресе, бәйгеге қатысатын жылқыларды асылдандырудың маңызы зор, дейді мамандар. Бәйге сыйлығы жақсы болса, атбегілер асыл тұқымды жылқы шаруашылығын өздері-ақ дамытады, дейді қайсібір экономистер. Өйткені, жай жылқы бәйгеге қатысып жүлде алмайды. Оның үстіне, асыл тұқымды жылқының 6 айлық құлыны 3 жыл бойы соғымға бордақыланған қарапайым жылқыдан 3 есе қымбат тұрады екен. Демек, жылқыларын асылдандырған фермерлер, бәйгеге қатыспай-ақ, қыруар қаражат табуына болады, дейді экономистер. Ауыл шаруашылық министрлігінің мал шаруашылығы департаментінің директоры Совет Сатығұлдың пайымдауынша, сол үшін, Қазақстанда алдағы бірнеше жылда жаңа жылқы тұқымын шығару жоспарланған:

«Қазақ тұлпары» кәсіпорыны президенттің тапсырмасымен Қазақ салт аттысы деген тұқым шығарып жатыр. Тіпті олимпиадада болсада бәйгеде болсада біздің туды көтеріп шығатын өзіміздің тұқымды шығаруымыз керек қой».

Ал, экономист Атамұрат Шаменнің ойынша, ат спорты саласына мемлекеттің араласуының қажеті жоқ:

«Спорт саласында асыл тұқымды малға мемлекетке қаржы шығарудың қажеті жоқ. Онда спортпен айналысатын азаматтар бар, салмақты соларға салу керек».

Қазір, Қазақстандағы жылқы өсіретін фермалар саны 30 дан асады. Әр жылқы зауытында 70-пен 500 басқа жуық жылқы бар. Кейбір арғымақтардың құны бірнеше жүздеген мың доллардан асады. Әзірге, Австралия мен Ұлыбритания сияқты жылқыларымыз болмасада ел таңбада суреті бар жануарларды көбейтеміз, дейді атбегілер.
XS
SM
MD
LG