Accessibility links

Қабылданғанына 10 жыл толған Конституцияға өзгерістер енгізу қажет пе?


Қазақстан Конституциясына 10 жыл толды. Осыдан 10 жыл бұрын жаңа Конституция қабылдаған қазақстандықтарға аталмыш заң қаншылықты қызмет етті? Халықтың арман-мұңдары ақталды ма? Бұл сауалдарға қазақстандық саясаткерлер жауап береді.

“Конституцияның 10 жылдығын тек мерейтой, жетістіктерді ғана айтатын мәжілістер ретінде емес, Қазақстанның дамуындағы өзекті мәселелер, ол мәселелердегі конституцияның орны жөнінде айқанымыз орынды болады”, дейді саясаткер Серікболсын Әбділдин. Оның айтуынша, жалпы конституцияда, заңдарда тұрақты болғаны жөн. Ол тұрақты болу үшін заң мемлекетке қызмет ететін азаматтар мен халықтың мүддесі үшін қызмет етуі керек. Серікболсын Әбділдин: “Шындыққа жүгінетін болсақ, біздің 1995 жылы қабылданған конституция биліктің мүддесін шешуге бағытталған конституция. 1998 жылы конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда тек бір адамның мүддесі үшін ғана жасалды. Онда: “елбасын 5 жыл емес 7 жылға сайлау енгізілді. 65 жасқа толған азамат президенттікке ұсынылмасын деген бап бар еді ол алынып тасталды. Қазіргі президентті орнынан алу жөнінде жазылған баптарда егер президент елге опасыздық жасаса және ол опасыздық соғыс кезінде соғысып жатқан жаққа болысып кетсе ғана кінәлі болады”, деп өзгертілді, дейді. Оның айтуынша, осының бәрі бір адамның қамы үшін жасалғаны көрініп тұр. Осындай баптарды өзгертпесе Қазақстан демократиялық жолмен дами алмайды.

“Руханият” партиясының Алматы қалалық бөлімінің жетекшісі Тамара Қабиева жоғарыдағы пікірмен келіспейді. Ол Конституцияға өзгеріс енгізу керек деп айғайға басқаннан ештеңе де ұтпаймыз, дейді:

«Конституцияны қайтадан жазайық, өзгерістерді енгізейік, толтырайық егер заң жұмыс істемесе мұның бәрі бекер. Сондықтан заңды қалай жұмыс істетеміз деген мәселесін көтеруіміз керек».

Ал сенатор Уалихан Қайсар: “Қазіргі Қазақстан конституциясын түбегейлі өзгерту керек”, деген пікірде. Ол: “Қазіргі таңда демократиялық конституция қабылдадық, сонымен жұмыс істеп отырмыз деп ешкім айта алмайды. Оған Қазақстандағы сайлаулардың қалай өткені жақсы мысал бола алады. Сондықтан әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жаңа конституция қабылдауымыз керек. Бізде ресми мәлімет бойынша әрбір төртінші адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатыр. Егер біздің конституция адам құқықтарын қорғайтын болса сол адамдардың құқығын неге қорғамайды? дейді.

“Қоғамда да, адамдарда да консервативтік деген болу керек. Бүгін ойбай өзгерте салайық деген әңгімеден аулақпын. Сондықтан негізгі принциптік жүйелерді анықтап алғанымыз жөн. Бұл президенттік республика бола ма, әлде парламенттік республика бола ма осы жағын қарастыру керек. Бұл конституцияның басты кемшілігі – қалай бұрмаласаң сол шыға келеді. Өз ойым - 15 млн. халық тек бір адамның ғана қас-қабағына қарап отырмау керек. Кез-келген адамның іс-қимылы заңмен қадағалануы тиіс”, дейді cаясаткер Нұрлан Ерімбетов.

Саясаткер Әлихан Бәйменов: «Конституцияда адам құқықтары жөнінде ашық жазылады да шынайы өмірде ол аяқ асты болады. Конституция қабылданған 10 жыл ішінде заң қазақстандықтарға бәлендей қызмет етті деп айтудың өзі қиын. Неге мемлекет өз азаматтарының құқықтарын қорғаудың орнына шектеуге жұмыс жасап жатады? Осы сұрақтың жауабы конституцияда жатыр. Өйткені адам құқықтары жөнінде жазылған әжептәуір баптарды жүзеге асыруға мемлекеттік биліктің халық алдындағы жауапкершілігінің жоқтығы себеп болып отыр”, дейді. Сондықтан оның пікірінше, Конституцияға өзгерістер енгізуді өмірдің өзі анықтап отыр.
XS
SM
MD
LG