ТЕҺРАН. Иранның ядролық бағдарламасының өкілі Әли Лариджани Теһранды ядролық бағдарламасынан бас тартқызуды көздеген халықаралық қысымды “қорқыту” деп бағалады. Онымен қатар Иран сыртқы істер министрлігінің өкілі Хамид-Риза Азефи: “АҚШ пен Еуроодақтың қысымына мойынсұнып, Иран өзінің бейбіт ядролық бағдарламасын дамытуға деген құқынан бас тартпайды. Біз өзіміздің заңды құқымыздан бас тартпаймыз”, - деп мәлімдеді. АҚШ пен Еуроодақ елдері Иранды егер өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартпаған күнде, БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесіне оған қарсы жаза қолдану туралы сауал жолданатынын ескертті. Өткен жұма күні атом энергиясы бойынша МАГАТЭ агенттігі Иранның Исфахандағы зауытында уранды байыту өндірісін іске қосқаныны растады.