Accessibility links

«Шенеунік және кәсіпкер» акциясы барысында 46 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылды


«Шенеунік және кәсіпкер» акциясы мәресіне жетті деп хабарлайды прокуратура өкілдері. Тек Алматы облысында бір ай бойы жүргізілген «Шенеунік және кәсіпкер» акциясы барысында 46 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 50-ге жуық тұлға – тәртіпке шақырылды деп хабарланып отыр. Бұл шара барысында прокурорларға бірнеше ондаған кәсіпкер түрлі мазмұндағы арыздармен шағымданған. Олардың шағымдары бойынша 40-тан астам прокурорлық тексеру жүргізілді.

Шенеунік және кәсіпкер жұмыс бабымен жиі кездесетін адамдар, дейді прокуратура өкілдері. «Азаттық» радиосының тілшілері осындай бір қатынастың нәтижесін зерттеп жатыр. Қуат Далабаев ертеректе ішкі істер органдарында лейтенант болған. Ал, Кеңес одағы ыдыраған соң Қазақстан заңдарына өзгерістер енгізіле бастады. Осы өзгерістер жекелеген топтардың мүдделеріне бағытталғандықтан, ішкі істер саласынан кетуді шештім, дейді Қуат. Бертін келе, ол кәсіпкер болып, ұшақтармен жұмыс істей бастаған. Бірақ, күндердің күнінде оның үстінен бір емес 42 қылмысты іс қозғалады. Оның себебі мені сотқа бергендердің тойымсыздығы, дейді кәсіпкер. Қуат Далабаевтың айтуынша, Көлік және коммуникация министрлігінде заңсыз жолмен ақша тапқысы келетіндер бар:

«Ақша төлегенмін самолет жөндеуге. Сол ақшаны алған жоқпыз деп маған жала жапты. Өздеріне сол ақшаны пайдаланғысы келді».

42 қылмысты істің салдарынан Қуат 17 ай абақтыда отырған соң, өзінің кінасыз сотталғанын дәлелдеп, бостандыққа шығады. Қазір, заңсыз сотталдым деп санайтын кәсіпкер өзінің үстінен қылмысты іс қозғаған адамдардан моральдық шығынын өтеп алмақшы. Заңгерлердің пікірінше, осыған тектес оқиғалар Қазақстанда аз емес. Өздерін заңсыз сотталғандар атап жүрген ресми емес ұйымда құрылған. Топ өкілдерінің айтуынша, олардың қолдарында барлық деңгейдегі прокуратура жұмыскерлерінің және көптеген басқа да мекеме шенеуніктерінің кәсіби төмендігін дәлелдейтін көптеген құжаттары бар. Мысалы, Арқалықтан келген Айман Тоқаева бұған дейін Арқалық әкімі болған Жомарт Түбекбаевтың бұйрығымен амбулаториядан қуылдым деп шағымданып отыр:

«Менің жанұялы амбулаториямды Жомарт Түбекпаев өзінің жерлесіне әпергісі келіп, менің ізіме түсті».

Басқа жағдайларда да осыған ұқсас жайттар. Бірақ, көбінесе шағымданушылар соттардың шешіміне наразы. Кейбір саясаткерлер Қазақстан соттары билікке тәуелді және жемқорлық бар, дейді. Бас прокурордың аға кеңесшісі Төрехан Адайдың айтуынша, судьялардың пара алатын жағдайлары болып тұрады:

«Жақында мысалы, Таразда судьяға қатысты іс қаралды. Пара алып жатқан кезінде қолға түсті. Мен өзім жүргізгем ол істі».

Астананың кәсіпкерлікті қолдау департаментінің маманы Қуаныш Аймақовтың айтуынша, кәсіпкерлер мен шенеуніктердің ең көп шоғырланған жері Астанада. Қазір қалада 36 мыңға жуық шағын кәсіпорын бар екен. Сондықтан шенеуніктердің жұмысына қатысты шағымдар көп болады, дейді ол. Қуаныш Аймақовтың айтуынша, кәсіпкерлер шенеуніктер кәсіпорын ашуға рұқсат бермей, қол қоймай жатыр деген шағым айтады. Жемқорлық пен қалаймақан барлық аймақтарда бар, дейді ол.

Астананың кәсіпкерлікті қолдау департаментінің маманы Қуаныш Аймақовтың айтуынша, кәсіпкерлердің шағымдары бойынша шенеуніктерден сауал алынады және көп жағдайда кәсіпкерлердің өздері кінәлы болып шығады, дейді ол.

Астананың кәсіпкерлікті қолдау департаментінің мамандары айтып өткендей іскер адамдарға пара алушармен күресу үшін қаржы полициясы, ұлттық қауіпсіздік комитетінің және прокуратураның телефондары беріледі. Ал, бас прокуратураның баспа сөз хатшысы Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша, прокуратураның басқа тексерушілерге қарағанда құзыры көп:

«Прокуратура негізгі бақылау органы болып есептеледі. Кез-келген банктен, органнан анықтама алатын құқығы бар.Ол милицияда, ұлттық қауіпсіздік органдарында және қаржы полициясында жоқ.Ол тек бізде ғана бар».

Бақылаушылар жемқорлықпен күрес шаралары барысында орта шендегі шенеуніктер тұтылып, қалғандары құтылып жатады деген пікірде. Кейбір сарапшылар «Трансперенси интернешнл» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша Қазақстан жемқорлық кездесетін елдердің тізімінде әлі де соңғы орындарда келеді деп отыр. Ал, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, соңғы жылдары Қазақстанда ахуал өзгерген. Өзбекстанмен салыстырғанда пара беру дәстүрден шыққан, дейді ол.
XS
SM
MD
LG