ИСЛАМАБАД: Пәкістан, Үндістан және Ауғанстанда болған жер сілкінісінен қаза болғандардың қатары бүгін өсе түсті. Зілзаладан әсіресе ауыр зардап шеккен Пәкістанның басылымдары 40 мыңға жуық халық қырылғанын жазады. Бұл мәліметті БҰҰ-ының балалар қоры – ЮНИСЕФ те қолдап отыр. Ал Пәкістан үкіметі әзірше 20 мыңға жуық халықтың қырылғанын растады. Халықаралық агенттіктердің хабарлауынша, Пәкістанда кем дегенде 120 мың халық шұғыл көмекке мұқтаж және 4 млн.-ға жуық халық баспанасыз қалған. Пәкістанның метеорология қызметінің басшысы доктор Қамар-уз-Заман Чаудри: “Сейсмикалық тұрғыдан бұл аймақта онша белсенділік байқалған емес. Бұрын бұл жерде әлсіз жерасты қозғалыстары тіркеліп келді. Демек, бұл - 100 жыл ішіндегі ең қуатты зілзала болды”, деп атап көрсетті. БҰҰ-ының Бас хатшысы осы ұйымның барлық құрылымына қолдан келген көмегін беруге бұйырды. Осы сағаттарда Германия, АҚШ, Англия, Франция, Түркия, Ресей, Қытай және басқа елдердің құтқарушылары Пәкістанға келіп жетті..