Accessibility links

Орталық Азияға кімнің ықпалы жүреді?


Америка Құрама Штаттарының Орта Азия кеңістігіндегі ықпал күшіне Шанхай ынтымақтастық ұйымы кедергі бола ала ма? Аталған ұйымға мүше Қытай, Ресей және Орта Азиядағы төрт мемлекет АҚШ ықпалының аймақта азаюуына мүдделі сияқты. Сонымен Орта Азияға ықпал жолындағы күрес атты Азаттық радиосының хабарлар топтамасының бұл жолғы екінші бөлімінде біз аталған аймақтағы ықпал күштері ара-салмағының өзгермелі болып тұрғанына және Қытай - Ресей одағының табиғатына тоқталмақшымыз.

Мамыр айында Әндіжанда болған оқиғалар Өзбекстанның ішкі, сыртқы саясатына ғана әсер етіп қойған жоқ. Ол оқиға Орта Азияға ықпал үшін пәрменді күштердің тайталасына да алып келді. Әндіжан оқиғаларына халықаралық тұрғыда зерттеу жүргізуге АҚШ тарапы шақырған тұста Өзбек елбасы Ислам Каримов айналасынан қолдаушылар іздей бастаған еді. Дәстүрлі әріптестер Ресей мен Қытай елінің қолдауына сүйенген Каримов ешқандай тәуелсіз зерттеулердің жүргізілмейтіндігін мәлімдеген болатын. Шілде айында Қазақстан Астанасында болған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Каримовтың сенімі тіпті арта түскен еді.

Саммитте қабылданған бірлескен мәлімдемеде АҚШ-тың Орта Азиядағы әскери ықпалын аяқтау мерзімі нақты айтылсын, деген талап қойылған еді. Тіпті содан кейін Каримов мырза ресми Уашингтонға Өзбекстаннан әскери күштерін шығаруға алты ай мерзім берген болатын. Бұл талаптың сырт жағында Ресей мен Қытайдың тұрғаны белгілі еді. Себебі, Орталық Азияда Америка күштерінің тұруы олардың тынышын алған болатын. Сингапурде орналасқан Шығыс Азия бойынша зерттеулер институтының сарапшысы доктор Лей Хоңийдің айтуынша, “АҚШ бұл аймақта биліктің аусуына апаратын үдерісті әзірлеуде”, деп ресми Бежін қауіп ойлауда. “Ресей мен Қытайдың қабылдауынша, Құрама Штаттары Орта Азияда өзін тым өктем ұстауда. Яғни АҚШ олардың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруде. АҚШ ең алдымен демократиялық қозғалыстарды, атап айтқанда халықтық қозғалыстарды құрып, оларды билік тұтқасына қарай өткізуге тырысуда. Уашингтон ол жаңа өкіметтер Америкашыл бағытты ұстанатын болады, деп үміттенеді”, дейді Лей сарапшы.

Әсіресе наурыз айында Қырғызстанда болған төңкерістер Орта Азия мемлекеттеріне ғана емес, сондай-ақ Шыңжаңдағы Ұйғыр аймағына да кері әсерін тигізуі мүмкін, деп ресми Бежін қауіп ойлауда. Астанада болған Шанхай саммиті барысында Ресей мен Қытайдың аталған аймақтағы қызығушылықтарын қорғау үдерісі айқын аңғарылған болатын. Сондай-ақ Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын қорғау мақсатында АҚШ күштерінің Әзірбайжан мен Грузияға қарай жылжуы жөнінде әңгімелер өрбуде. Тіпті Түркменстанда жаңа әуе базасын ашу жөніндегі сыбыс та бар. Бұл елге байланысты Ресей мен Қытай болса, өз жоспарларын сызуда.

Дей тұрғанмен, Қырғызстан үшін көршілес Қытай еліне қарсы балама ретінде, АҚШ-тың қолдауына ие болу-аса маңызды үдеріс боп саналады. Сондықтан да қырғыз әуе базаларынан Америка ұшақтары Ауған аспанына қарай көтерілуде. Ресей мен Қытайды қазір ортақ қызығушылықтар біріктіріп тұр. Сондай-ақ Қытай барған сайын күшейіп, ал Орта Азия мемлекеттерінің өз жеке қызығушылықтары бар. Бұл аймақтағы Ресейдің қызығушылығын әзірге Қытай мойындап отыр.
XS
SM
MD
LG