Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11. 29. 2005 жыл


Сейсенбі күні жарық көрген басылым беттерінде 4-ші желтоқсан күні өтетін президенттік сайлауға қатысты материалдар мен Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың Астанадағы бірқатар жұмыс нысандарын аралап қайтқандығы жайында жазылған мақалаларға орын берілген.

«Егемен Қазақстан» газетінің 29-ы күнгі санында жарияланған мақалада журналист Жақсыбай Самрат: «Президент Н.Назарбаев Астана қаласында орналасқан «Қай Иншаат» атты Түркиялық компаниясы құрылысын жүргізіп жатқан Ұлттық мұрағаттың ғимаратын аралап қайтқандығын, аталмыш компанияның құрылыс алаңы 13 мыңнан астам шаршы метрді құрайтындығынан хабардар еткен. Журналистің айтуынша, нысан Астана құрылысы бағдарламасына сәйкес құрылып жатқан көрінеді. Оның сметалық құны 775,3 млн теңге және құрылыстың толығымен аяқталуы 2005 жылдың желтоқсан айында белгіленгендігі жазылған. Сондай-ақ журналист бұл мақалада екінші бір нысан - Халыққа қызмет көрсету орталығына да тоқталып өткен. Астана қаласының 240 мың тұрғыны бар Сарыарқа ауданының халқына қызмет көрсетуге құрылған орталықта қазір 37 адам жұмыс істейді және олар екі ауысымда таңғы 8-ден кешкі 21-ге дейін үзіліссіз және демалыссыз қызмет көрсетеді деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Ал «Литер» газетінің сейсенбілік санында тілшілер Любовь Подоляк пен Бауыржан Алтынбековтың «Президент нарықтың қатынасын реттеді» деген мақаласында Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың республикада тұңғыш ашылған «Шапағат» қазынашылық базарында болып, ондағы сауда жасаушылар мен тұтынушылардың жағдайымен танысып қайтқандығынан толық мәлімет берген. Мақалада аталмыш базардың директоры Қанат Нұриев: «Қыркүйек айында іске қосылған 2700 шаршы метрлік кешен аумақты әзірге 212 кәсіпкердің жалға алып отырғандығын және де қаланың басқа базарларында айына жалға алу бағасы 30 мың теңге болса, мұнда небәрі 12 мың теңгені құрайтындығынан» ақпарат береді. Мақалада қос авторлар мұнда өзге сауда нүктелеріне қарағанда тауар бағасының 20-25 пайызға арзан екендігін атап айтады.

«Айқын» газетінде «Бақылаушылар саны 1982-ге жетті» деген Ескендір Ертайдың мақаласында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Оңалсын Жұмабековтың АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джон Ордвейді қабылдағанын айтады. Оңалсын Жұмабековтың айтуынша, қарашаның 28-іне дейін сайлаушылардың тізімі пысықталып, қайта сараптаудан өткізіледі. Сыртқы істер министрлігінің рұқсатымен 1590 бақылаушы сайлау барысын қадағалай алады. Сондай-ақ бұл мақалада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сайлауды бақылау тобының жетекшісі Орди Гловердің шағымдарына орай Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру кезінде конвертті қолдану мәселесін кезекті отырысында қарағандығын жазады. Сайлау кезінде конвертті пайдалану туралы орталық сайлау комиссиясы қарашаның 18-індегі қаулысына орай осы мақсатқа 70 миллион теңге бөлініп, бүгінге дейін 8 миллионнан астам конверт жасалғандығы мақала өзегіне айналып отыр. Осыған орай президенттіктен үміткерлердің штабы орталық сайлау комиссиясынан конверт арқылы дауыс беру туралы қаулының күшін жоюды талап етіп отыр. Бұл талапты орталық сайлау комиссиясының мүшелері бірауыздан қолдады деп жазады «Айқын» газеті.

Қарашаның 29-ы күнгі «Жас Алаш» газетіндегі «Үштаған немесе Қазақстанда әділ сайлау неге арман» деген «Ақ жол» партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының мақаласында: «..елімізде ақыры бір рет болса да әділетті сайлау өтетін болды-ау деп үміттеніп едік. Тағы да билік бетімен жер басқандай болып отыр. Бірінші рет емес» деген автор өз қынжылысын жеткізеді. Сондай-ақ бұл мақалада автор өзінің сан түрлі саяси сауалдарын президент Н. Назарбаевқа бағыттайды. Автор мемлекеттің қазба байлықтарынан түсіп жатқан қаржының құмға сіңгендей жоқ болуын, миллиардтаған сомалардың шетел банктерінде жатқандығын, халық арасындағы үйсіздік пен жұмыссыздықтың кең етек алуын жемқорлықпен байланыстырады. Әңгіме желісі мақалаға тақырып болып отырған «Үштаған» атауына ауысады. Онда автор бұл ұғымның мағынсына тоқтала кеткен. Бұл үш атауды автор былай талдайды: «Отбасы- президент Н. Назарбаевтың семьясы. Айналасы - министрлер, әкімдер, әкімшілік пен Үкіметтің жоғары шенді шенеуніктері. Ал олигархтар-мемлекеттегі ірі зауыт, фабрикалардың иелері, миллион, миллиардаған қаржыны жамбасына жастаған бай, алпауыт адамдар. Үштаған Н. Назарбаевқа мұқтаж. Ол Үштағанға керек». Мақала соңында автор халықты әділ сайлау өткізуге шақыра отырып, «Әркім өзі үшін, өзінің балалары үшін, Тәуелсіздіктің тағдыры үшін таңдау жасар сәт» деп аяқтайды.
XS
SM
MD
LG