Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12.16.2005 жыл


Жұма күні Қазақстанда жарық көрген мерзімді басылымдарда Қазақстанның тәуелсіздік мерекесі мен оған бастау болған Желтоқсан оқиғасына қатысты мақалалар, сарапшылар пікірлері оқырмандар назарына ұсынылыпты.

«Егемен Қазақстан» жұма күнгі санында тәуелсіздіктің 14 жылдығына орай мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың республиканың бір топ азаматтарын мемлекеттің жоғары наградаларымен марапаттап, бірқатар әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары саласының қызметкерлеріне әскери атақ, сыныптық шендер бергендігі туралы жазыпты. Ал газеттің 6-шы бетінде 1986-жылы желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушы деген айып тағылып, 5 жылға сотталған Жансая Сәбитовамен өткізілген «Жоқ, ол күнді ұмытуға болмайды» деген тақырыптағы сұхбат жарияланыпты. Ж.Сәбитова, құрбан болған боздақтардың құрметтелу керектігін, азап-тозақты көріп ауруға ұшыраған желтоқсан жастарына өмірден лайықты орын керек екендігін, ал жалпы, желтоқсан рухын түсірмеу керектігін айтыпты.

«Айқын» басылымында Тәуелсіздік күніне орай президент Н.Назарбаевтың елдегі ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға қатысты айтқан сөздері беріліпті. Н.Назарбаев ұлттық қауіпсіздік ең маңызды стратегиялық міндет екендігін айта келе, әсіресе көрші елдермен, сондай-ақ Азия аймағының жетекші елдерімен бірлесіп орталық азиялық аймақтық қауыпсіздік жүйесі мен саяси ынтымақтастықты болдыру басты мақсат деп атаған. «Айқын» басылымы жұма күнгі санында сондай-ақ бір топ қазақстандық сарапшылардың тәуелсіздік мерекесінің мәні туралы айтқан пікірлерін келтіріпті. Ұлт тағдыры қозғалысының жетекшілерінің бірі Бейбіт Қойшыбай – тәуелсіздік халықтың санасына толық түрде сіңбегенін, сондықтан тәуелсіздікті бағалау, оны насихаттау, дәріптеу істерінде кемшіліктердің барлығын айтыпты. Оның айтуынша, тәуелсіздік ең алдымен желтоқсан оқиғасынан бастау алатындығын ұмытпау керек. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидің пікірінше сана әлі толық жаңғырмаған. Оның себебі, отарлық езгі сананы қатты улап тастаған. Ал мәдениеттанушы Мұрат Әуезов тәуелсіздік үшін Қазақстанда қазақ халқы жауапты, тәуелсіздік қатардағы жай мейрамдардың бірі емес, сондықтан ең басты мереке ретінде аталып өтуі керек деген пікір білдірген. Ал «Айқынның» тілшісі Жолдасбек Дуанабай Желтоқсан көтерілісіне қатысты көтерілістің 20 жылдығына дайындық керек деген атпен мәселе көтерген мақаласын жариялапты. Онда осы желтоқсан көтерілісі туралы шындық жазылған мақалалар мен зерттеулерді топтастырып кітап етіп шығару, ал бұрын шыққан бірер кітаптарды толықтырып, оны қайтадан бастырып шығаруды қолға алу қажеттігі айтылған.

«Жас қазақ» апталығы жұмалық санының бірінші бетін «Азаттықтың айы» деген атпен тәуелсіздік күніне және желтоқсан оқиғасына арнапты. «Міне, тәуелсіздік алғанымызға 14 жыл толып отыр, бірақ өз шешімін таппаған ұлттық мәселелер де аз емес, ал желтоқсан көтерілісін ойлағанда әрбір қазақ үйінде тыншып отыра алмай, ата-баба аруағын ауызға алып, қазақ жастарының қаны төгілген алаңға барасың, қайран Қайрат, Ербол, Сәбира, Ләззаттардың рухын іздейсің» деп жазады «Жас қазақ» басылымының тілшісі Жанарбек Әшімжан. «Жас Қазақ» газетінің осы санына берген сұхбатында ақын Мұхтар Шаханов осыдан 19 жыл бұрын дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан құпияларының әлі толық ашылмауының көптеген себептері барлығын айтқан. Бір мысал ретінде алаңда қазақ жастарын аясыз қанға бояған топтың әке-шешесіз, мейірімсіз өскен адамдардан жасақталғанын, олардың фашистерден де асып түсерілік айуандықтарға барғанын айтқан. «Желтоқсан көтерілісінің толық құпиясы қалай болғанда да бір ашылады, ал дәл қашан екендігін айту қиын» деген М.Шаханов «Жас қазаққа» берген сұқбатында.

Ал «Жұма-Таймстың» жазуынша 1988 жылдан бастап осы желтоқсан оқиғасы туралы түсірілген «Аллажар» фильмін әлі күнге дейін көпшілікке көрсетуге әлдекімдер ықыласты емес көрінеді. Фильм ақ қар, көк мұзда Қазақстанның тәуелісіздігі мен ар-намысы үшін алаңға шығып, өздерінің ой-пікірлерін жоғары жаққа жеткізбек болған жастардың қапыда қанға бөккен жанайқайын ашық түрде көрсетеді. Газет тілшісі Кенже Серікбайұлының жазуынша, фильмнің режиссері Қалдыбай Әбенов желтоқсан қарсаңында осы туындысын көпшілікке көрсетпек болып былтыр да, алдыңғы жылы да жүгіріп баққанымен, биыл әрең деп қол жеткізген. Алайда, фильмді шығартпаудың түрлі жолдарын қарастыратындар әлі де бар көрінеді. Осы «Жұма-Таймста» желтоқсан оқиғасына қатысты жарияланған тағы бір мақалада, 1986-жылғы желтоқсанда құрылған жазалау тобында тергеуші болған Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Дүйсенбек Баймахановтың тоқсаншы жылдардың басынан бері жастарға жасалған қиянатқа араша іздеп келгені туралы айтылыпты.
XS
SM
MD
LG