Accessibility links

АҚШ президенті Буш өз елінде тағы да кезекті рет халықтың және депутаттардың сынына ұшырауда


АҚШ-тағы қос партия өкілдері Конгрестен азаматтардың телефондарын құпия тыңдаудың заңға қаншалықты сай екендігін тергеуді талап етуде.

Осыдан екі күн бұрын АҚШ президенті Буш Ұлттық қауіпсіздік агенттігіне азаматтардың телефондарын құпия тыңдап, электрондық пошталарын ашып оқуға ресми түрде рұхсат бергендігін жариялады. Оның үстіне Дж.Буш алдағы кезде де солай болатындығын, лаңкестік шабуыл қаупі бар кезде бұл шара одан әрі жалғаса беретіндігін мәлімдеген болатын.

АҚШ-тағы Шетелдік барлау бақылау акты бойынша Ұлттық қауіпсіздік қызметіне ондай құқық берілмейді. Кей жағдайда ғана прокурордың рұхсатымен телефон тыңдалуы мүмкін. Бірақ, дүйсенбіде президент Буштың Ақ үйдегі баспасөз маслихаты кезінде айтқанындай, Конгресс оған 2001жылы ел ішінде әлгіндей тыңшылық жасау жөнінде құқық берген көрінеді. Ол кездегі АҚШ-тағы террорлық қырғыннан кейін қылмыскерлерді жазалау үшін АҚШ армиясына бар құқықтан пайдалануға рұхсат етілген болатын.

– Әл-Қайдалық топпен екі минуттік телефондық әңгіме мыңдаған адамның өліміне әкелетіндігін біз жақсы білеміз. Сондықтан американдықтарды өлімнен алып қалу үшін сондай телефон сөздерін тыңдап, ондай апаттың алдын алып қалуға мүмкіндік бар. Сол үшін мен АҚШ заңына, Ата заңына орай халықаралық телефондарды тыңдауға рұхсат бердім, - деді президент Буш.

Дегенмен, АҚШ конгресінің мүшелері Ақ үйдің ондай шешім туралы ешқашан ескертпегендігін айтады. АҚШ қарулы күштер комитетінен Мичигандық сенатор Карл Левин бұл жөніне былай дейді:

- Президент Буш Ирақтағы соғыста күш қолдану жөніндегі рұхсатқа байланысты бақылау программасы жөнінде айтып отыр. Бірақ, ол жөніндегі шешім жайында айтқысы келмейді.

Ал демократ Фейнголдт, Буш өз қалағанын іске асыра беретіндей падиша немесе хан емес, ол – президент, деді.

Әрине, Дж.Буш бірден-ақ:

- Бұл тексеріп анықталмаған билікті президенттік диктаторлық әрекетпен байластыруына мен түбегейлі қарсымын, - деген.

Дегенмен бәрібір, Конгрестің басым көпшілігі бұл мәселе бойынша президент Буш Конгресс алдында жауап беруі тиіс деп есептейді. Өткен жұмада «Нью Йорк таймс» газеті президент Буш халықтың телефондарын құпия тыңдауға бұйрық берген деген хабар таратты. Оны Буш ашық мойындады. Ол шара ел қауіпсіздігі үшін қажет деді.

Ал дүйсенбі күні президент Буш «ол оқиғаны жариялап, газет ұятқа қалды, енді мұны Әділет министрлігі тергейтін болады» деді.

- Біз талқылап отырған бұл жағдайды енді дұшпан пайдаланатын болады. Американдықтар түсінуі керек - әлі де болса АҚШ-қа соққы беруді көздейтін дұшпандар жеткілікті. Біз оларды анықтау жолын білуіміз керек, - деді Буш.

Бушты сынаушылардың айтуынша, әл-Қайдамен байланыстағыларды бақылауға олар қарсы емес. Бірақ, заң бойынша ондай барлауға президенттің қандай құқық беруі анық емес. Кез келген азаматты немесе ұйымды тексере беруге құқық берілмеген, дейді олар.

АҚШ-тағы Шетелдік барлау бақылау акты 1978 жылы жасалған болатын. Оған сол кездегі президент Никсонның ішкі саяси дұшпандарға қарсы жансыздық, шпиондық жасау жөніндегі жұмысы білініп қалғандығы түрткі болған еді. Ал президент Буш ішкі шпиондық жөнінде 1998-2001 жыл аралығында бұйрық жариялапты.

АҚШ-тық бас прокурор Гонзалестің Буш бұл бұйрықты әл-Қайдалық шабуылымен байланысты жағдайда беріп отыр деп ақтағанымен, сенаторлар бәрібір ол үшін Конгрестің арнайы заңы болуы қажет дейді. Ал егер олай болмаған жағдайда Конгресс пен президент арасында шайқас басталады, деп ескертеді олар.
XS
SM
MD
LG