Accessibility links

Әлемдік экология рейтингінде Қазақстан 133 елдің ішінде 70-інші орында


Әлемдік экология рейтингінде Қазақстан 133 елдің ішінде 70-інші орында. Washington Profile Интернет-басылымы хабарлағандай, тұңғыш рет жасалған бұл тізім Давоста өтіп жатқан әлемдік экономикалық форумда таныстырылды. Қазақстан экологтарының айтуынша, елде экологиясы нашар бірнеше аймақ бар, бірақ соңғы кезде жағдай реттеліп келеді дейді олар.

Тізімді Йель және Колумбия университеттері дайындады деп хабарланады. Елдер 6 топқа бөлінген: экологиялық денсаулық, ауа сапасы, су ресурстарының жағдайы, биологиялық жанжақтылық, табиғи ресурстар және тұрақты энергетикалық даму. Оның сыртында әр ел 16 түрлі сыннан өткізілген. Алғашқы ондыққа Жаңа Зеландия, Швеция, Финляндия сияқты елдер кірді. Ал, Тәуелсіз елдер достастығы қатарында бірінші орында Ресей. 133 ел кірген тізімде Қазақстан орта жағында, дәлірек айтсақ - 70-інші орында тұр. Жергілікті экологтардың айтуынша мұның бірнеше себебі бар. Қазақстан бойынша экологиясы нашар аумаққа жататын Қызылорда облысының экология басқармасының маманы Қадірбек Шеденбетовтың айтуынша, проблемалар жоқ емес:

- Үкімет жарлығымен Қызылорда облысы экологиялық апат аумағы болып жарияланды. Біздің аймақта қазір Аралдың кепкеніне байланысты теңіз табанындағы мыңдаған тонна тұздар, бұрын ауыл шаруашылығында пайдаланған тыңайтқыштар солардың барлығы ауаға ұшып халықтың жағдайын нашарлатып жатыр.

Қазақстан бойынша экологиясы нашар аумаққа жататын Атыраудың табиғат прокуроры Батыр Жазбаевтың айтуынша, қоршаған ортаға кесірін тигізетін мұнай компаниялары:

- Ауа тазалығы жөнінде біз республика бойынша үшінші орында тұрмыз. Су ресурстарыда жаман емес. Себебі өндірістік кәсіпорындар тоқтап тұр. Алаңдатып отырғаны «Теңізшевройл» және «Аджиптің» жұмысы, тағы басқа табиғатты қолданатын 46 кәсіпорын бар. Мұнай табатын жерде экология бұзылады.

Ал, Семей өңірінің экологиясы көпшілікке белгілі. Кезінде жасалған ядролық сынақтардан халық әлі күнге дейін зардап шегіп келеді. Осы аймақта болып қайтқан эколог Дана Садықованың айтуынша, қазір бұл аймақта қоршау жоқ:

- Еш жер қоршалмаған, тек ядролық реактор орналасқан жер ғана қоршалған. Сол жерді ешкім тексеріп жатқан жоқ. Бірақ, біз адамдармен сөйлестік сол жерде тұратын, олар сол жерде мал бағамыз деп отыр.

Дәрігерлердің мәліметінше, аймақтағы онкологиялық науқастар саны басқа аймақтармен салыстырғанда 2 есе көп. Оның себептері тек бұрыңғы жарылыстар ғана емес, дейді осы аймақта болып қайтқан эколог Дана Садықова:

- Металл сынықтарын әліде алып жатыр. Тұрғындар айтады бұрын көп болған қазір саттық дейді. АҚШ-пен Қазақстан үкіметі бірігіп бір нысанды жапқан болатын, алайда тұрғындар оны қайта ашып қайта кіретін болған.

Бұл аймақтағы тұрғындар әлі күнге дейін малдарын кратерлерде жиналып қалған сумен суғарып, қауіпті жайылымдарға малдарын жіберіп келеді. Бірақ бұл жалғыз полигон емес. Келесі полигон Атырау аумағында. Экологтардың айтуынша, «Азғыр» сынақ алаңы аумағында 5 мың тонна металл сынықтары жиналған, олардың бір бөлігінің радиоактивтілігі 1 мың микрорентген/сағатқа дейін жетеді. «Табиғат» қозғалысының төрағасы Мелс Елеусізовтың айтуынша, радиоктивті заттар әлі көптеген жылдар бойы табиғатқа кеселін тигізетін түрі бар:

- Радиоктивтік заттар мыңдаған жылдар бойы жатады.

«Азғыр» ауданындағы тұрғындар арасындағы науқастар саны және ауру-сырқаудан қаза болғандар саны республикадағы осындай статистикалық көрсеткіштерден 2-3 есе артық. Әсіресе, онкологиялық індетке шалдыққандар, қандарына зақым келгендер басым, анемияға шалдыққан балалар көп. Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің маманы Сапар Базарбаевтың айтуынша, «Азғыр» полигонына қатысты ақпаратты толық жариялауға тыйым салынған. Бірақ, қазір радиоактивті аймақтар қоршалған деді ол:

- Барлық радиоактивті учаскелер қоршалған. Бірақ, осы күнге дейін жүздеген тонна радиоактивтік металл, бұрыңғы скважиналар жасайтын техника бөлшектері әлі көмілмей жатыр.

Әйтседе жергілікті экологтар әлемдік экология тізімінің ортасында тұрғанымыз жаман емес деген пікірде. Өйткені тізімнің соңғы 133 орында Нигер мемлекеті. Сонымен қатар Чад пен Мавритания тізімнің соңғы жағында орныққан. Сарапшылардың бағалауынша осы рейтинг көрсеткендей қоршаған ортаға көп жағдайда елдердің үкіметтері жүргізетін саясат әсер етеді. Мысалы, Швеция мен Бельгияның экономикалары көлемі жағынан бірдей десе болады. Және көптеген экономикалық шешімдері ұқсас. Бірақ, Швеция экология рейтингінде екінші орында болса, Бельгия 39-ыншы орында.
XS
SM
MD
LG