Accessibility links

АҚШ пен БҰҰ арасында Гуантанамодағы американдық түрме бойынша дау пайда болды


Гуантанамо бұғазындағы терроршыларға арналған АҚШ-тың түрмесі жөнінде БҰҰ бас хатшысы қарсы көзқарасын білдіріп, мүмкіндігінше оның тезірек жабылуын талап етті.

БҰҰ бас хатшысы Кофи Аннанның айтуынша, Куба маңайындағы ол түрмеде 4-5 жылдан бері абақтыда сарылып отырған 500-дей тұтқынға айып тағып, соттау керек немесе кінәсіз болса босату қажет.

- Оларға кінә тағып, тергеп, жауап алу керек, айыпты болса жазалансын, болмаса, бостандыққа шығарылсын. Бұл - заң жүйесінің талабы. Әйтеуір, ертелі ме, кеш пе, бұл Гуантанамо түрмесі жабылуы керек қой, - деді БҰҰ бас хатшысы.

Соңғы кездері БҰҰ-ның демеушілігімен арнайы комиссия бұл түрмедегі тұтқындар жағдайын тексеруде. БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша комиссиясы үкіметаралық сарапшылардың 1 жарым жылдық зерттеуі бойынша ақпанның 16-сы күні жарияланған баяндамада Гуантанамо тұтқындарына жасалған зорлық-зомбылық әрекеті жөнінде бірқатар деректер келтірілген. Мысалы, ол деректерде айқын көрсетілгеніндей түрмедегі тұтқындардың қол-аяғы шынжырланған, кісенделген, тар қапас бөлмелерде азапталған, тыр жалаңаш етіліп сабалған, итке талатылған т.т. Кезінде бұл жағдай жөнінде фотосуреттер, телебейнелер көрсетілді де.

Вашингтон болса БҰҰ комиссиясының зерттеу шараларына күдікпен қарап, түрмедегі АҚШ әскерлерінің әсіресілтеу әрекетін мойындағысы келмейді. Бұл жөнінде Ақ үй өкілі МкКлеллан былай дейді:

- БҰҰ-ның ол комиссиясы бұл мәселені қарай жүріп, тіпті осы кезге дейін Гуантанамо бұғазына бармаған да. Түрмедегі жағдаймен таныспаған. Біз Конгресстегі комитет жетекшілеріне ұсынған мүмкіндікті оларға да айтқанбыз. Бірақ, бұлар ол араға әзірше ат басын бұрған жоқ.

Сонымен, әзірше АҚШ пен БҰҰ арасындағы дау-дамай Гуантанамо түрмесіне барып, ондағы жағдаймен танысу төңірегінде ғана қалып отырғандай. Комиссия Гуантанамоға бару үшін АҚШ-тық ресмилерден 2004-жылдың маусымында рұхсат сұраған. АҚШ, араға алты ай салып, оларға әрең рұхсат берген. Бірақ, олар түрмеге барғанымен, тұтқындармен сөйлесуге мүмкіндік берілмейді деген. Содан кейін зерттеушілер Гуантанамоға барудан бас тартқан. Комиссия мүшелері ол түрмеден босап шығып, Британия, Франция және Испанияда тұрып жатқан бұрынғы тұтқындармен сөйлесіп, дерек жинаған. Сондай-ақ, олар абақтыдағы тұтқындардың адвокаттарымен кездесіп сөйлескен, бейүкіметтік ұйымдардың, БАҚ-дарының жариялаған дерек-мәліметтерімен танысқан.

Бұл орайда БҰҰ тұтқындарды азаптау мәселесімен шұғылданатын қызметкері Манфред Новак бейсенбі күні Венадан тілшімізге өз пікір айтты.

- Зерттеушілер, алдымен, Гуантанамодағы тұтқындар өз қылмыстарына байланысты заң бойынша түрмеге салынған ба деген сауалға жауап іздеген. Ал олар жасаған қорытындыға сенсек, ол тұтқындардың түрмеде отыруы негізсіз, заңсыз көрінеді, - дейді Новак.
XS
SM
MD
LG