Accessibility links

Ресей үкіметінің терроризмге қарсы күресі советтік үрдіске жығылды


Ресейде 16 ақпан күні Терроризмге қарсы күрес комитеті құрылды. Терроризмге қарсы күрес комитетін федералды қауіпсіздік мекемесінің директоры Николай Патрушев басқаратын болды. Шынтуайтында Терроризмге қарсы күрес комитеті кез-келген үкімет мекемесінің жұмысына араласа алатын комитет боп шықты. Бұл советтік төтенше тәртіпті еске түсіреді.

Жаңа мекеме терроризмге қарсы саясатты бір орталықтан жүргізбек, терроризмге қарсы күресте барлық федералдық үкімет орындарының қызметін бір орталықтан басқармақ. Комитет құрамына сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Ресей шетел барлау комитетінің директоры Сергей Лебедев сияқты жоғары басшылар, президент әкімшілігінің, парламенттің өкілдері кіріп отыр. Бүкіл ел бойынша антитеррорлық комиссиялар ұйымдастырылып, оларға штат бөлініп, қызметкерлер алынбақ. Жергілікті антитеррорлық комиссияларды ФСБ яғни федералды қауіпсіздік мекемесінің жергілікті басшылары басқармақ. Советтік КГБ-ның мұрагері ФСБ-ның директоры Николай Патрушев жаңа мемлекеттік жүйені құруды бұйырған президент Владимир Путинның жарлығын өте жоғары бағалады. Ол тек терроризмге қарсы күрес жүргізуге емес, енді терроризмның алдын алуға, терроризмның салдарын жоюға жол ашылды деп сипаттады.

Ресейде осы күнге шейін Терроризмге қарсы күрес бойынша федералдық комиссия болған, оны бас министр Михаил Фрадков басқарды. Енді міне оның орнына ұлттық деңгейдегі комиссия құрылып жатыр, және оның басты сыртқы ерекшелігі – ұлттық антитеррорлық комиссияның төменнен жоғарыға дейін бөлімшелері құрылып жатыр, яғни федералдық аймақтық биліктердің жанында, оларға параллельды түрде жаңа вертикаль құрылып жатыр. Жаңа жүйені ФСБ-ның жоғары және жергілікті басшылары басқарады деген сөз советтік жүйені еске түсіреді. Совет Одағы кезінде де облыс-аудандардағы нақты билік коммунистік партия комитеттерінің бірінші хатшылары мен КГБ-ның жергілікті бөлімшелері бастықтарының қолдарында шоғырланған болатын.

Совет КГБ-сының ардагері, полковник Олег Нечипоренко 17 ақпан күні "Независимая газета" басылымында Терроризмге қарсы күрес жөнінді ұлттық комиссияның құрылғаны дұрыс, бұл ешқандай қосымша бюрокатиялық жүйе емес дейді. Дәл осы "Независимя газетада" дәл осы күні Ресей парламентінің оппозициялық депутаты Виктор Илюхин "ФСБ-ның маңыздылығы көтеріліп отыр, іс жүзінде мемлекет ішінде мемлекет құрылып отыр" деп сын айтты. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі ұлттық комиссия енді кез-келген үкімет орнының жұмысына жөнді-жөнсіз араласа беретін болады, - дейді Виктор Илюхин.
XS
SM
MD
LG