Бағдад. Мемлекеттік телеарна Ирақ үкіметі қақтығыстар кең етек алған ел астанасында және үш провинцияда коменданттық сағатты жұма күнгі кешкі төртке дейін ұзартты деген хабар таратты. Сунниттердің негізгі блогы Ирақтың жаңа үкіметі турасындағы келіссөзді тастап шығып кетті. Сунниттер елде қақтығыстардың басталып, өріс алуына шииттер кінәлі деп есептейді. Сәрсенбі күні Самарра қаласында шиттер үшін қасиетті Әл-Асқария кесенесінің жанында қуатты жарылыс болғаннан кейін көпшілік толқулары етек алған болатын. Террорлық актіден соң көптеген суннит мешіттеріне шабуылдар жасалды. Кеше түрлі қақтығыстарда Ирақта құрбан болған адамдардың саны 100-ден асып кетті. АҚШ президенті Дж.Буш қасиетті орында жарылысты жүзеге асырғандар жаулар деп атап көрсетіп, Америка қабірхананы қалпына келтіруге көмек қолын ұсынады деді. Әлем елдерінің жетекшілері Ирақта болған лаңкестік әрекетті айыптап, Ирақ шииттері мен суниттерін байсалдылық пен салқынқандылыққа шақыруда.