Accessibility links

Алматыда саяси қастандық құрбандарын еске түсіруге арналған шара мыңдаған адам қатысқан шеруге ұласты


Жексенбі, ақпанның 26-күні Алматыда екі жарым мыңнан астам адам қатысқан «Саяси құрбандардың рухына тағзым ету» митингісі болып өтті. Марқұмдарды еске алуға алдымен Шоқан Уәлиханов ескерткіші маңында жиналған жұрт, ол жердегі биліктің ұйымдастырған кедергілерінен соң, осы жерден бастап Алматының орталық көшелерінің бірі – Фурманов көшесімен Республика алаңына қарай беттеді. Полиция сақшылары мен арнаулы қызмет өкілдерінің көшені бойлап, билікке наразылық ұрандарын айғайлаған жұртты тоқтатпақ болған әрекетінен түк шықпады. Қалың адам нөпірі Алматы қаласының әкімі кеңсесі мен ҚР президентінің Алматыдағы резиденциясына жақын жердегі Республика алаңына келіп, осы жерде митинг өтті.

Жексенбі күні таңертеңнен Алматыдағы Ғылым Академиясының алдындағы алаңда құлақты тұндыратын даңғаза музыка ойнап тұрды. Бұл музыкалық дикотека емес еді. Осы жерде жергілікті биліктің Алматыдағы Шоқан Уәлиханов алаңында шұғыл түрде өткізіп жатқан аутожүргізушілерінің жүргізу шеберлігінен жарыс па, театрландырылған көрініс пе - мақсаты белгісіз бір шара өтіп жатты. Алаңның жан-жағына шектеу белгілері қойылған, айналаны полиция жасақтары қоршап тұрды.

Ал сағат 12-ге қарай бұл жерге жиналған үш мыңға жуық халықтың қолында Алтынбек Сәрсенбайұлының, Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевтің, Заманбек Нұрқаділовтың, Асхат Шәріпжановтың, Оксана Никитинаның, Батырхан Дәрімбеттің, Нұри Мұфтахтың суреттері көрінді. Сонымен қатар алаңдағы адамдар «Президент! Жендеттеріңізді тоқтатыңыз!», «Шен таққан жендеттер – ұлтымыздың масқарасы!», «Алтынбекті өлтірушілер – жазаға тартылсын!», «Президент мырза, өзіңнің қарғы баулы төбеттеріңді жауапкершілікке тарт!», «Қанды диктатураға орын жоқ!», «ҰҚК – кімге қызмет етесіңдер?!» деген жазулар ұстап тұрды. Алайда, алаңды басына көтере айғайлаған даңғаза музыка ешнәрсені жөнді естіртпеді. Тек ара-кідік музыка сәл тыныстаған сәтте, қуатты дыбыс күшейткіштен Алматы қаласы прокурорының орынбасары Асқар Досекенов жиналған көпшілікке, оппозиция басшыларына ескерту айтумен болды:

«Қазақстан Республикасының «Митингтер, демонстрациялар, шерулер өткізу тәртібі туралы заңына сәйкес, сіз ұйымдастырып жатқан акция заңсыз деп саналады! Тарауларыңызды сұраймыз! Алматы қаласының әкімшілігінен сізге осы акцияны өткізуге «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы сквер ұсынылған. Сол себептен акция өткізуге сіздердің сол жерге баруларыңызды сұраймыз. Бұл жерде митинг өткізуге рұқсат берілген жоқ. Сондықтан тарауларыңызды сұраймыз! Қоғамдық тәртіпті бұзбауларыңызды сұраймыз! Бұл митинг – заңсыз!»

Ал, оппозиция өкілдері Шоқанның ескерткішінің алдында кішкентай дауыс күшейткішпен митинг өткізіп жатыр. Сөз алған шешендер марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының рухына тағзым етуде

«Қымбатты достар! Билік біздің митингіні заңсыз деп жатыр! Тәртіп сақтаңыздар! - дейді! Ал жазықсыз адамдарды өлтіру - тәртіпке жата ма?!»

«Қадірлі ағайын! Азаматымызды атып өлтіргені аздай, бүкіл халықты мынадай қорлағаны – қай қорлық?! Иманғали! Сені анаң туғанда иманды болсын деп, атыңды Иманғали қоймады ма?! Сенің Иманың қайда?! Сенен иман кетсе, мына халық қалай қарайды? Біз, халық - төзе-төзе жеттік! Бұлай төзе берсек, бәріміз қырылармыз, бәрімізді бәлкім атар, шабар! Сонда, мына ел қандай ел болады?! Ағайындар, мен сіздердің айтқандарыңызға келістім! Мен барлық жауапкершілікті жеке өз мойныма аламын! Бәріміз ана алаңға барайық!», - деді марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек.

Сөйтіп, жиналған халық Шоқан ескертіші жанынан жаяу Шевченко көшесімен жүріп келіп, Алматының орталық көшелерінің бірі – Фурманов көшесіне түсіп, онымен бойымен жоғары қарай өрледі. Көшедегі көлік қозғалысын тоқтатып, айғай-ұранмен кетіп бара жатқан мыңдаған адамның алдын полиция жасақтары кес-кестеп, бірнеше рет бөгеп, тоқтатуға әрекеттенгенімен ашулы көпшілік заң өкілдеріне дес бермей, әндетіп, ұрандатқан қалпы Республика алаңына келіп, Тәуелсіздік ескерткішінің алдына ат басын бір-ақ тіреді. Осы жерде митинг одан әрі жалғасты.

«Құметті халайық, біз Алтынбек Сәрсенбайұлы, басқа да саяси террордың құрбандарын еске алуға арналған шараны Ғылым Академиясының алдындағы алаңға жиналып, сол жерде өткіземіз деп жоспарлаған едік, бірақ оның арты немен біткенін өздеріңіз көріп отырсыздар! Біз қазір орталық алаңда тұрмыз. Бұл - бүгінгі биліктің тәртіп орнатамыз деп, тәртіпті бұзғаны деп білемін! Бірақ біз осы жерге келдік екен, бұл - біздің бүгінгі күнгі жеңісіміз деп білемін! 1986 жылы желтоқсанда елдің бірінші демократтары, бірінші отансүйгіш патриоттар, елдің тәуелсіздігі үшін ең бірінші болып күрескен азаматтар осы жерден шыққан! Енді мұнда біз келіп тұрмыз!», - деді «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай.

Бұл жерге келгендердің арасында марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының жақын-туыстары да бар еді.

«Бүгін біздің қасымызда Алтекең жоқ! Соған өзім сенбей жүрмін! Қазір Алтекеңнің айтқан сөздері есіме түседі. Балалары Бекжан мен Шолпан әкесінен: «Сен не үшін осы оппозицияда жүрсің?» деп сұрағанда, ол айтатын: «Бірінші, сендер үшін жүрмін! Содан кейін қазақтардың болашағы үшін жүрмін!» деп. Сол сөздер менің есіме қайта-қайта келеді... Бүгін арамызда Алтекең бізбен жоқ. Сіздер, бүкіл Қазақстан осы жерге келіп жиналмағанына өкінбеңіздер! Ол – болашақта! Қазақстан оянады! Екінші Белорусия, не Түркменстан болмайды, оған сенемін! Алтынбектің еңбегі зая кетпейді! Зәкеңнің қазасынан кейін билік осындай сұмдыққа барады деп ешкім сенген жоқ! Осы қылмысты жасаған жауларды таппаса, онда Назарбаевтың өзі де, отбасы да - түгел Қазақстаннан кетсін!!» - деді Алтынбектің жесірі Салтанат Апушева.

Алтынбектің ағасы, журналист Рысбек Сәрсенбайұлы:

«Біз қандай мемлекетте өмір сүріп отырмыз?! Біз - бандиттік мемлекетте өмір сүріп отырмыз! Біз – шексіз билік бір адамның қолына шоғырланған, отбасылық мемлекетте өмір сүріп отырмыз! Олар осы қалпын сақтағысы келеді! Сол үшін халықты тізе бүктіріп, қан қақсатқысы келеді! Халықтың қазасының өзін сайқымазаққа айналдырғысы келеді! Міне, біздің мемлекеттің сыйқы осы!.. Халқым! Бірге болайық! Мықты болайық! Азбайық! Тозбайық! Арзан сөзге, жоқ уәделерге, өтірік сөзге алданбайық! Біз – шындықты айтатын ұлттық, дербес телеарнаны талап етейік! Онсыз біз дұрыс өмір құра алмаймыз!» - деді.

Бұлардан өзге митингіде қазақстандық оппозиция өкілдері - Маржан Аспандиярова, Серікболсын Әбділдин, Болат Әбілов, Зәуреш Батталова, Асылбек Қожахметов сөйледі, ал Әміржан Қосанов марқұм Алтынбекке арнаған өлеңін оқыды. Оппозиция өкілдерінің митингісін Жармахан Тұяқбай қортындылады.

«Бүгінгі митингіміздің ең басты себебі, біз бүгінгі биліктен, бүгінгі ел басқарып отырған азаматтардан, бүгінгі заң органдарынан, бүгінгі ҰҚК-нен, ІІМ-нен, тергеу жүргізіп жатқан топтан сұрайтынымыз, талабымыз біреу: ол – осы жасалған саяси қылмыстың бетін ашып, әшкерелеп, соны ұйымдастырған, тапсырма берген адамдарды тапсын! Халықтың алдына шығарып, тиісті түрде жазаға тартсын! Өйтпейтін болса, біз бұл билікке сене алмаймыз! Бұл билік біздің халқымызды, елімізді, оның азаматтарын қорғай алады деп сене алмаймыз! Сенімді орнатамын дейді екен, онда – тапсын!»

Митинг соңында жиналған жұрт саяси құрбандардың рухына тағзым етіп, бір минуттық үнсіздік жариялап, көк аспанға көгершіндер ұшырып жатып, «бұл - бейкүнә саяси құрбандардың рухының еркіндікке самғаған символы болсын» деген тілек білдірді.
XS
SM
MD
LG