ВЕНА. Бүгін Венада Косово өлкесінің болашақ мәртебесі бойынша сербтер мен албандардың өзара тікелей келіссөзінің екінші сатысы басталады. БҰҰ-ының арнаулы өкілі Мартти Ахтисааридің дәнекерлігімен өтетін бұл келіссөз – Косово өлкесіне не тәуелсіздік берілетінін, не оның Сербия құрамында қалатынын шешуге тиіс. Осы аптаның басында албандар жағы келіссөздің осы сатысына делегацияны Косовоны азат ету Армиясының бұрынғы қолбасшысы Хашим Тхацидің бастап баратынын хабарлады. Кезінде Сербия жағы оны “терроризммен айналысты” деп айыптаған болатын. Косовоны 1999-ыншы жылдан бері БҰҰ-ы басқарып келеді.