Accessibility links

Алматыда саясаткер А.Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің қайғылы өліміне қырық күн толғанын еске алу жиыны өтті


Сенбі күні Алматыда қазақстандық оппозиция күштерінің ұйымдастыруымен саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісінің қайғылы өліміне қырық күн толғанын еске алуға, сондай-ақ осыған дейін Қазақстанда әртүрлі жылдары мезгілсіз қазаға ұшыраған азаматтардың рухын еске түсіруге арналған жиын болып өтті. Жиында сөз алған шешендер Қазақстандағы саяси биліктің атына сындар айтып, ел азаматтарын заңсыздық пен әділетсіздікке батыл қарсы тұруға бірігуге шақырды.

Алматы қаласының әкімшілігі қаралы жиынды Алматы қаласының Абай-Правда көшелері қиылысына таяу орналасқан «Сары-Арқа» кинотеатрының артындағы саябақта, сағат 11.00-12.00 арасында өткізуге рұқсат беріпті. Дәл осы күні 1,5 миллиондай тұрғыны бар қала халқы жергілікті билік орындарының бастамасымен қала көшелері мен үй, аула маңдарын тазалауға кірісті. Ал, митинг басталмай тұрып, «Сары-Арқа» кинотеатры маңындағы көше бойын полиция мен арнайы мақсаттағы топтың (ОМОН) машиналары және қаралы жиын өтетін шағын алаңды әскерилер мен полиция қызметкерлері қоршауға алып тұрды.

Алайда, белгіленген уақытта қоғам және мемлекет қайраткері А.Сәрсенбайұлы және оның екі серігін еске алуға арналған қаралы жиын басталып кетті. «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен өткен бұл жиын «Азаматтардың алаңсыз өмірі мен қауіпсіздігін қорғайық, тәртіп құрылымдары мен арнайы қызметтердің озбырлығына бірлесіп қарсы тұрайық» деген ұранмен өтті.

Әуелі, жиынға келген қауым, қапыда қаскүнемдердің қолынан қаза болған арыс азаматтарды бір минуттік үнсіздікпен еске алды. Бұдан соң осыдан дәл бір жыл бұрын саясаткер А.Сәрсенбайұлының көзі тірісінде «Нағыз Ақ Жол» демократиялық партиясының құрылтайында сөйлеген сөзі еске алынып, таспадан тыңдалды. Қаралы жиынды ашқан «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төралқа мүшесі Әміржан Қосанов қалада сенбілік өтіп жатқанына қарамастан қаралы жиынға қатысуға келгендерге жиынды ұйымдастырушылар және А.Сәрсенбайұлының туыс-туғандары атынан ризашылық білдірді. Бұдан соң «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасы, А.Сәрсенбайұлының өлімін тексеру жөніндегі қоғамдық комиссияның жетекшісі Жармақан Тұяқбай сөз алып, елде саяси көзқарастары басқаша, биліктің жүрігізіп отырған саясатына сын көзбен қарайтын азаматтардың кенет оққа ұшып немесе жол апатына ұшырап, не жоғалып кетуі оқиғаларының жиілеп кеткенін, жалпы, биліктің айтқанымен келіспейтін осындай азаматтардың есімдері қаралы тізімге алынуы көбейіп бара жатқанын айтты. Оның айтуынша, журналистер - Асхат Шәріпжанов, Батырхан Дәрімбет, Нұри Мұфтах, қоғам қайраткері Заманбек Нұрқәділов, енді міне Алтынбек Сәрсенбайұлының белгісіз өлімі кімді де болсын үлкен сұраулы ойға жетелейді.

«Ал биліктің А.Сәрсенбайұлын және оның екі көмекшісін өлтірушілер мен оған тапсырыс берушілерді ұстадық, олар жауап беріп жатыр дегеніне сену қиын, сондықтан, осы саяси астары бар өлімге қатысты барлық шындық еш бүкпесіз ашық айтылуы керек, соны талап етеміз», - деді Ж.Тұяқбай.

Ал оппозиция жетекшілерінің бірі, жуырда ғана түрмеден шыққан Ғалымжан Жақиянов елдегі қазіргі саяси жағдай жөнінде мемлекет басшысы Н.Назарбаев халық алдында жауап беруі керек, соны талап етеміз деді. Ал марқұмның туған ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы Алтынбектей асыл бауырынан айырылып, қан жұтып, көкірегін кек кернеп тұрғанын айтты.

Жиын соңында митингке қатысушылар атынан Қазақстан басшылығына арнап үндеу жарияланды. Онда елде саяси террорды тоқтату, саяси террордың құрбаны болған азаматтардың өліміне қатысты барлық шындық айтылуы керек деген талап қойылды.

Сондай-ақ, «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысы Алматыдағы қазіргі Фурманов көшесін Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы көше, ал Достық даңғылын, Заманбек Нұрқәділов атындағы көше деп атау жөнінде ұсыныс жасады. Сондай-ақ, қаладағы Мате Залке көшесіне Асхат Шәріпжановтың есімін беруді және Батырхан Дәрімбетке де бір көшенің атын беру жайында ұсыныс енгізді.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған жиыннан соң Алматыдағы «Есік» мейрамханасында А.Сәрсенбайұлының қырқына арнап ас берілді.
XS
SM
MD
LG