Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.07.2006 жыл


Жұма күні жарыққа шыққан мерзімді басылымдар соңғы уақытта күн тәртібіне қызу көтерілген Қазақстаннан шет елдіктер асырауына берілген жетім балалардың жағдайына байланысты материалдар жариялап, Ресей астанасы Мәскеуде Абай ескерткішінің ашылғандығы туралы жарыса жазыпты.

“Айқын” басылымы өзінің соңғы санында Қазақстандағы жетім балалар саны 94 мыңға жеткендігін хабарлапты. Басылымның жазуына қарағанда, «биылғы жылдың алғашқы 4 айында 113 қазақстандық жетімекті жат жұрттықтар асырап алса, ал 2005 жылдың сәйкес мерзімінде шет елдіктер асырауына 204 сәби берілген». Басылым тілшісі Айқан Шәріп: “Бірақ сол балалардың бәрі бірдей аялы алақанға тап болғандары шамалы”, дей келіп, қазақстандық заңнамада шет елдіктер асырауына берілген балалардың жағдайын бақылау тетігінің жоқ екендігіне тоқталыпты. Сондай-ақ Қазақстан аумағында халықаралық бала асыраумен айналысатын агенттіктер мен қорлардың қызметін қадағалау жолдары қарастырылмағандығы тілге тиек етіліпті.

“Қазақ әдебиеті” газеті жұма күнгі санындағы “Жетімдерді кім жебейді?” атты мақалада әлемнің алдыңғы қатарлы елу мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат еткен Қазақстан шет елдіктерге жетім балаларын асырауға беруші мемлекеттер тізімінде тұрғанын жазыпты. Мақалада АҚШ-тың Орегон штатындағы Бенд қаласының тұрғыны Альберт Сайнс Қазақстаннан асырап алған өгей қызын зорлап, түрмеге түскен соң кепілдікке ақша қойып, бостандыққа шыққандығы айтылып, осыған орай, Қазақстанның үкімет мүшелері шет елдерге жіберілген балалардың тыныс-тіршілігін бақылап тұру үшін “Неке және отбасы” туралы заңға өзгеріс енгізіп, ал депутаттар мәселені жан-жақты саралап, іс-түссіз кеткен жетімектерді түгендеп алу үшін шет елдіктерге бала беруге мораторий жариялау керек”, деп мәселе көтергендігі баяндалыпты.

Ал апталық “Караван” басылымы өзінің кезекті санында Қазақстанда қартайып кеткен қызылордалық екі жастағы Ұлдана Төлегенова мен атыраулық Нұржан Өркешбаевтың бүгінгі тағдыры туралы мақала жариялапты. Басылымның жазуына қарағанда әлемде бала жасынан ерте қартаю дертіне шалдыққан 4 миллион адам болса, оның екі оқиғасы 15 миллион халқы бар Қазақстанда тіркелген. Мақалада ерте қартайып бара жатқан қызылордалық сәби Ұлдана Төлегенованың таяу уақыттарда Алматыдағы республикалық балалар клиникасына емделуге келетіндегі айтылыпты. Ал төрт жасынан қартая бастаған атыраулық Нұржан Өркешбаевтың дертімен күресуде дәрігерлердің дәрменсіз болып отырғандығы баяндалыпты.

Жұма күні жарыққа шыққан кейбір басылымдар өздеріне Ресей астанасы Мәскеу қаласында Абай ескерткішінің ашылғандығын басты тақырып етіп алыпты. “Азамат кz” апталық басылымы Мәскеу қаласының орталығындағы “Чистые пруд” саябағында ашылған Абай ескерткішінің құны 161 миллион 800 мың теңгені құрағандығын хабарлапты. Ал осы тақырыпқа “Жас Алаш” басылымы “Абайда саясаттың құралына айналды” деген мақала жариялапты. Мақала авторы Мұхтар Жанұзақұлы: “Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге барып, Ресейдегі Абай жылын ресми ашып, Абайдың осыдан бір ғасыр бұрын айтқан “Орысша оқу керек. хикметте, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек”, деген сөздерін мысалға келтірді. Владимир Путин де “Абайдың өзі орыстарға бас иген” дегендей сөздерін алға тартып тізе батыру саясатын күшейткісі келетін аңғартқандай болды. Қалай айтсақ та, Мәскеудің қақ төріне Абай ескерткіші орын тепті. Ал біз Алматы мен Астанада Пушкинге екі бірдей ескерткіш орнататын болдық. Кремльмен келіссөздерден кейінгі саяси-экономикалық “жетістігімізді” де 1:2 есебімен бағалауға болады”, деп жазыпты.
XS
SM
MD
LG