Accessibility links

Түркіменстандық диссиденттің ауруханадағы екі жылдық азабы


Түркіменстандық диссидент Ғурбандұрды Дурдықұлов 2 жылдан астам уақыт психиатриялық ауруханада жатып, сәуірдің 12-күні өз отбасына әрең жетті.

Түркіменстандық диссидент осыдан екі жыл бұрын 2004 жылы қаңтарда президент Ниязовқа хат жазып, батыс аймақтағы Балқанабат қаласында екі күндік шеруге рұхсат сұраймын деп басы бәлеге қалады. Тіпті оның ақпанның 18-19 күндері Сапармұрад Ниязовтың туған күніне орай шеру өткізсек деген де ойы болған.

Дұрдықұловтың өз хатында жазғанындай, шеру кезінде президент Ниязовтың және үкіметтік ресмилердің саясатымен келіспейтіндігін айтпақшы болған екен. Бірақ бір айдан кейін дәрігерлер мен қауіпсіздік қызметі келеді де оны шығыс аймақтағы Гарашсызлық деген қаладағы психиатриялық ауруханаға салып, қамап қояды. Сонымен сол жерде 2 жыл 2 ай жатып, сәуірдің 11-інде бостандыққа шығарылды.

Ғұрбандұрды Дұрдықұлиев ол ауруханадағы кісі төзгісіз азаптан кейін енді ғана өзіне қайта келе жатқандығын айтты.

- Олар мені ауруханаға есімнен тандырып, жынды ету үшін салды. Айкезбе (лунатик) және қылмыскерлермен бірге жатқызды. Олардың кейбірі әйелдерінің көкірегін кесіп, әйел, бала-шағаларын өлтіргендер екен. Сондай үрейлі жағдаймен мені олар жындандырмақ болды. Осылайша екі жыл екі ай ұстады. Бірақ, арнайы комиссия келіп, менің ақыл-есім орнында екендігін дәлелдеп берді, - дейді Дұрдықұлов.

Дәрігерлік комиссия оны тексерген кезде ресмилер «Дұрдықұлов саяси тұтқын» депті. Ал ақиқат шындықты жеткізу үшін ол жоғарыдағы денсаулық бөлімдері мен прокурорға талай арыз хатын жазған, бірақ олардан жауап болмаған. Тіпті Гаага сотына жазған хаттан да қайран болмаған. Ал ол арадағы жағдай барған сайын өте қиындай түскен.

- Соңғы кездері әйелім мен қызымның маған келуіне рұхсат бермей қойды. Өмір жолдасымның ежелгі аты-жөні Аннагүл Анаева болғандықтан, оның саған қатыстығы жоқ деді. Қызым менің фамилиямда болғандықтан наурыздың 22-сінде кіргізді, бірақ әкелген зат, ас-тамағын бергізбеді. Сол күннен бері ыстық тамақ ішкен емеспін. Дегенмен, сәуірдің 11-і күні күтпеген жерден аурухана басшылығы келіп, тыныш жүріп аузыңа ие бол, өсекке жолама. Болмаса жағдайың бұдан да бетер болады, деп қорқытты. Бірақ мен, көрерміз дедім. Себебі, ол кездегі азаптан артық енді өзге қорлық бола қоймас, деп ойладым. Сонымен жолға шықтық. Чарджоуға жеткенде ғана, сені үйіңе жеткіземіз деді, - дейді Дұрдықұлиев.

Паспортың жоқ, деп оны көлікке отырғызған. 700 шақырымдай жолда оған су да, тамақ та бермеген, тіпті әжетханаға баруға да рұхсат етпеген. Тек таңғы 3-те өз үйіне әрең жеткен.

Дұрдықұлиев өзін ол психиатриялық ауруханадан шығаруға көмектескен АҚШ Конгрессінің 54 мүшесіне шынайы ризашылығын білдіреді.

- Сіздердің радиоларыңыз арқылы халықаралық ұйымдарға, АҚШ Конгрессіне үлкен рахметімді айтамын. Сондай-ақ, маған 40-50 шақты хат, жеделхат жолдағандарға да өте ризамын. Бірақ, психиатриялық аурухана басшылығы ол хаттарды бір рет көрсетіп, өздерінде қалдырды. Оларға да рахмет, - дейді түрікменстандық диссидент.

Енді Дурдықұлиев Гаагадағы халықаралық сотқа арыз жазып, Түркімен үкіметін сотқа бермек. Ол психиатриялық ауруханада тартқан 2 жылдық азап, көрген қорлығы үшін ресмилерден өтемақы ретінде 5 млн доллар талап етпек. Ал әзірше, жұмыссыз үйде отырған Дурдықұлиевті қауіпсіздік қызметі қатаң бақылап отырған көрінеді.
XS
SM
MD
LG