Accessibility links

Алматыда ата-аналар қаладағы Оқушылар сарайының бұзылуына қарсылық білдіріп, жиын өткізді


Маусымның 1-і күні Алматыдағы «Сарыарқа» кинотеатрының артында оқушылар сарайының қиратылуға жатқызылуына наразылық білдірген митингі өтті. “Оқушылар сарайының бұзылуға жатқызылғандығын болашағымызға шабылған балта”, деп бағалаған ата-аналар кезекті рет Қазақстан президентіне үндеу жолдады.

«Сарыарқа» кинотеатрының артындағы бақта болған наразылық шарасына қоғамдық ұйым өкілдері және ата-аналар мен оқушылар қатысты. Наразылық шарасына жиналаған оқушылар: “Біз сіздердің ертеңізбіз”, деп айғайлап тұрды.

«Біздің бұған дейін наразылық шарасын өткізуге құлқымыз болған емес. Осыған дейін өткізілген баспасөз мәслихаттарында айтқан сөздеріміз, президент пен парламентке жолдаған ашық хаттарымыздың жауапсыз қалғандығы бізді қинайды», - дейді республикалық ата-аналар кеңесінің мүшесі Марианна Гурина.

Ол мұндай жағдайға бей-жай қалмайтындықтарын айтты. Ата-аналардың жан-айқайына немқұрайлы қарай алмайтындарды өздерін қолдауға шақырған Марианна Гурина ел президентінен бұзылуға жатқызылған оқушылар үйін балалардың игілінде қалдыруға көмек сұрады.

«Елімізде соңғы 15 жыл ішінде тек қирату мен бұзу ғана белең алды. Бір сарайды бұзбас бұрын билік алдымен екеуін салып берсін, сосын осы сарайды бұза берсін. Балабақшаларды қиратты, оқушылар сарайын бұзды. Балаларға қажетті сарайлар енді қашан салынады?” - деген сауал тастады Нина Коныгина есімді ана.

Бүгінгі наразылық шарасына өзек болып отырған Алматыдағы оқушылар сарайы жерімен бірге 2005 жылдың қараша айында 65 млн. теңгеге «Алпари» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестікке сатылған. Аталмыш серіктестік бүгінде ғимаратты бұзып, оның орнына жаңа нысан салу үшін үлкен дуалдармен қоршап тастапты.

“Оқушылар сарайы тұрған жер Алматы қаласын дамытудың бас жоспарына сәйкес жер кодексінің 84 бабымен мемлекет қажетіне алынып отыр”, - дейді “Алматы жер” компаниясының баспасөзбен байланыс жөніндегі қызметкері Рамир Нығматуллин.

Бейсенбі күні өткен наразылық шарасына қатысқан балалардың арасынан Қуат есімді оқушы:

«Оқушылар сарайының бұзылғандығы дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені, сол жерде көптеген секциялар тегін жұмыс істеді. Мен соған қатысқан болатынмын», - дейді.

«Балалар мекемелеріне тиіспеу керек. Қайта оны көбейту керек. Міне, жаз туды, енді балалар қайда барады? Менің бір немерем үйде отыр. Оны қайда жіберетінімді білмеймін. Қазір атыс-шабыс пен өлтіруді насихаттайтын компьютер клубтарынан басқа ештеңе де қалған жоқ”, дейді Биғайша Тұрлыбаева есімді ана.

Ал наразы топ бейсенбі күні өткізген шарадан кейін “Ғимаратты бұзуды тоқтатыңыздар!” деген жазу жазылған плакатты Оқушылар сарайының дуалына іліп кетті.
XS
SM
MD
LG