Accessibility links

Батырхан Дәрімбетті еске алу шаралары өтті


Маусымның 2-сі күні Алматыда “Алға” халықтық партиясының ұйымдастырушылардың бірі, журналист Батырхан Дәрімбеттің дүниеден өткеніне 1 жыл толуына орай “Құл болу оңай, ал одан құтылу - қиямет” атты еске алу шарасы өтті. Шараға жиналған қоғам қайраткерлері мен қала жұртшылығы оның азаматтық болмысы мен адамдық қасиеттерін тілге тиек етті.

Батырхан Дәрімбетті еске алу шарасына жиналған үзеңгілестері мен бірге қызмет істеген әріптестері, туған-туыстары оның қазақ журналистикасының тарихында да, демократия жолындағы күресте өзіндік орны бар екендігіне тоқталды. Күрескерлік қырын тілге тиек еткен “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының саяси кеңесінің мүшесі Жасарал Қуанышәлин:

“Батырхан - өз өмірін қазіргі режиммен күреске арнап, құрбандыққа шалды. Нұри Муфтах, Асхат Шәріпжан, Батырхан Дәрімбет қазіргі режимінің алдында кедергі болып, солардың мазасын алған тұлғалар. Сондықтан оларды жолдан алып тастау керек болды. Кеше ғана бәріміздің қабырғамызды қаусатып кеткен Замабек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының қазалары осының дәлелі. Енді біздің алдымызда осы құрбандыққа шалынған азаматтардың еңбегі еш болмау үшін солар бастаған істі одан әрі жалғастырып аяғына дейін апару міндеті тұр”, - деді.

Жиында сөз алған әріптестері марқұмның журналистік қызметін де еске алды.

“Батырхан Дәрімбет “Азаттық” радиосы арқылы елдің болашағы үшін әміршіл-әкімшіл жүйенің жең ұшынан жалғасқан әрекеттерін халыққа жеткізе білді. Сол үшін де оның “Өзгерген дүниедегі Орталық Азия”, “Үкімет және оппозиция” атты авторлық хабарларын тыңдармандар асыға күтіп отырды. Көтерген мәселелері аттары айтып тұрғандай өткір де өзекті болатын,” - деді онымен ұзақ жылдар “Азаттық” радиосында қызметтес болған Саясат Бейісбай.

Батырхан Дәрімбет 1991-2002 жылдар аралығында “Азаттық” радиосында қызмет істегеннен кейін 2002 жылы “Азат” газетін қайта шығарып, осы басылымның бас редакторы болды. Сол уақытта марқұммен қызметтес болған жазушы Дінәш Нұрмұхамед:

“Азат” газеті Батырханның перзенті сияқты болатын. Ол өзінің ұлынан, қызынан да осы газетті жоғары қойды. Себебі, мұнда халықтың мұңы, халықтың тағдыры туралы айтылды. “Азат” газетін одан әрі қарай дамыту оның ізбасарларының, қызметкерлерінің басты борышы”, - деді.

Ал марқұмның бастаған ісін жалғастырып, бүгінде “Азат” газетін басқарып отырған келіні Назира Дәрімбет: “Үлгілі аға, сүйікті жар, өнегелі әке болған Батырхан Дәрімбеттің ісін одан әрі жалғастыру оның отбасы, әріптестер үшін үлкен құрмет,” дейді.

Журналист Батырхан Дәрімбетті еске алу шаралары оның туған жері Қызыорда өңірінде өткен аптада басталған еді. “Алға” халықтық партиясының ұйымдастыруымен Қызылорда қаласында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. “Құл болу оңай, одан құтылу - қиямет” атты оның әр жылдарда жазылған толғаныстары мен мақалалары топтастырылған кітап жарыққа шығып, оқырмандар назарына ұсынылды.
XS
SM
MD
LG