Accessibility links

Грузия Қазақстан инвестициясын молынан тартқысы келеді


Маусым айының басында Грузияның үкімет басшысы Зураб Ноғайдели бастаған бірқатар ресми тұлғалар Қазақстанда ресми сапармен болып қайтты. Олар өздерінің сапарының басты мақсаты Қазақстан инвесторларын Грузияға тарту деп түсіндірді.

Қазақстан мен Грузия арасындағы жылдық тауар айналымы 60 миллион доллар шамасында. Бірақ, кейбір сарапшылар ТМД елдерінің ішіндегі Қазақстан қаржысының белсенділік танытатын елдер қатарына Қырғызстаннан кейін осы Грузияны жатқызып отыр. Грузия мамандарының айтуынша, қазір Грузиядағы Қазақстан инвестициясының көлемі 300 миллион доллар шамасы болса, келешекте ол 1 миллиард долларға жетуі мүмкін екен. Алайда, Қазақстан мамандары оған әлі талай уақыт керек деген болжам айтады.

Ресеймен ара қатынасы салқындағалы Грузия басшылығы Қазақстанға келгіштеп жүр. Маусымның басында Астанаға келген Грузия үкімет басшысы Зураб Ноғайделидің айтуынша, қазір Қазақстанда Грузия қаржысы араласқан 90 кәсіпорын жұмыс істейді екен. Алайда, оллар негізінен, «Грузия тағамы» сияқты мейрамханалар, не кішігірім кәсіпорындар. Дегенмен, Грузия Сыртқы істер министрі Гела Бежуашвилидің айтуынша, Қазақстанның Грузияға салған инвестициясы 300 миллион доллар шамасында екен. Бежуашвили мырза «алда жоспарланған жобалар іске асатын болса, Қазақстанның Грузияға салған инвестициясы 1 миллиард доллар болар еді» деген ой айтқан болатын. Шынымен солай ма? Және оған мүмкіндіктер бар ма? Біз осы жайлы Қазақстан экономика министрлігінің маманы Шолпан Мұқашевадан сұрағанымызда ол әлі болжам ғана деген ой білдірді.

«Жалпы, ол тек жоспар ғана. Жақында, Грузия премьері келгенде, екі елдің үкімет басшылары қарым-қатынасты жандандыру қажеттігі жайлы меморандумдарға қол қойды. Ал дәл қазір газ саласындағы араласқанымызды айтпағанда, екі ел арасында экономикалық қарым-қатынас қарқын алып отыр деуге ерте. Себебі, ол жақта рынок тәуекелі өте жоғары. Бизнесті сақтандыру шараларын қарастырған жөн», - дейді Ш.Мұқашева.

Биылғы жылғы 15-ақпанда Қазақстанның «КазТрансГаз» компаниясы Грузияның «Тбилгазын» қарыздарымен қоса 100 миллион доллардан астам қаржыға сатып алды. Сол кезде «КазТрансГаз»-дың бас директоры Серік Сұлтанғалиев: «Бұл жоба экономикалық тұрғыдан онша тиімді болмаса да инвестиция салу қажеттігі туралы нұсқауды тікелей президент Нұрсұлтан Назарбаев берді, бірақ біз «Тбилгаздағы» жағдайды жөндейміз деп сенеміз» деген еді.

Қазақстандық «ТуранӘлем» банкі былтыр наурызда Грузиялық «Silk road bank»-тың 49 пайыз акциясын 2,5 миллион долларға сатып алды да, тамыз айында Тбилисиде өз өкілдігін ашты.

Биыл мамыр айында тағы да осы «ТуранӘлем» Грузияның телекоммуникациялық компаниясын 90 миллион долларға сатып алыпты деген ақпарат тарады. Және де «ТуранӘлем» былтыр Тбилисидегі Республика алаңына құны 100 миллион доллар болатын «Иверия» қонақ үйін салуды қолға алған.

Көптеген ақпарат көздері Грузиядағы ең белсенді банк ретінде осы «ТуранӘлем»-ді айтады. Тіпті кейбір ақпарат көздері бұл банк Грузияға 1 миллиард доллар қаржы салыпты деп те жазды. Банктің баспасөз хатшысы Валентина Владимирская осы жайлы «Азаттық» радиосына былай деді:

- Рас, біздің банк Грузиға инвестиция салып жатыр. Бірақ, оның мөлшері миллиардтан әлдеқайда аз. Дәл қазір жұмыс істеп жатқан нақты жоба Тбилисидегі «Иверия» қонақ үй құрлысы ғана, ал қалған жобалар тек қарастырылу деңгейлерінде. Онымен қоса ол жобаларда бірнеше, тіпті оншақты инвесторлар бар, сондықтан ол саладағы ахуал әр сынды.

Астанаға сапары кезінде Грузия премьері Қазақстан инвесторларын өздеріне тарту мақсатымен екі ел бизнесмендері қатысқан «Грузиядағы бизнестің жаңа мүмкіндіктері» атты форум өткізіп, өз елінде қайда инвестиция салуға болатынымен Қазақстан қаржыгерлерін таныстырған-ды. Олар: туризм саласы, Боржомидегі дауажай-сауықтыру нысандары, ГЭС- тер, т.б.

Жалпы, грузиндер өздерінде өткізіп жатқан жекешелендіру науқаны бойынша 300-ден астам нысандарды сату үшін Түркия, Украина, Израиль, Әзербайжан, Қазақстан компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатыр екен.
XS
SM
MD
LG