Accessibility links

Владимир Путиннің Ресей президенті қызметіне үшінші рет түсуі мүмкін бе?


Ресей президенті Владимир Путин екінші рет осы қызметіне сайланғанда сайлаушылардың 77 пайыз қолдауына ие болған-ды. Егер ол 2008-ші жылы үшінші мәрте сайлауға түсе қалса, оған төтеп беретіндей тұлға бола қоймас. Дей тұрғанмен Ресей Конституциясында бір адамның үшінші рет президенттікке сайлануына тиым салынған.

Юри Левада атындағы сараптау орталығының жүргізген сауалнамасына қарағанда сұралғандардың басым бөлігі Ресей президенті Владимир Путиннің үшінші рет президенттік жарысқа түсуіне мүмкіндік жасау үшін Конституцияға өздерістер енгізуді қолдауда. Осы орталықтың өкілі Леонид Седов бұл жөнінде былай дейді:

- Мамыр айында жүргізілген сауалнамада сұралғандардың 59 пайызы Путинге үшінші рет мүмкіндік беруді қолдап шықты. Өткен жолы бұл көрсеткіш 44 пайыз болған еді.

Путин мырзаның үшінші рет сайлануына жағдай жасау үшін осындай әрекеттерге бару керек деген идеяға Батысты сендіру оңайға түспесі анық. Себебі, Путиннің билігі тұсында Ресейде демократиялық үдерістердің жүргізілу табиғатына байланысты Батыс онсыз да алаңдаушылық танытып келеді. Наурыз айында Беларус президенті Александр Лукашенконың қалай сайланғандығын да Батыс ұмыта қойған жоқ.

Өткен жылдың тамыз айында сөйлеген сөзінде Путин мырза үшінші рет сайлауға түсу жөнінде:

- Мүмкін мен оны қалайтын да шығармын, алайда оған ел конституциясы рұқсат бермейді. Қазір Ресей үшін ең маңызды нәрсе - елдегі тұрақтылық. Ол тұрақтылыққа елде өмір сүріп жатқан заңдылықты ұстана отырып қана жетуге болады, - деді.

Конституцияға өзгеріс енгізуге байланысты референдумды Путиннің қолдайтын, қолдамайтындығы да әлі белгісіз. Ресей Конституциясы бойынша бір адам үшінші рет те президент бола алады. Алайда екінші реттен кейін арада үзіліс болуы тиіс. Демек президент Путин төрт жыл үзіліс жасап, 2012-ші жылы сайлауда бағын қайта сынаса болады екен. Путиннің одақтастарының бірі, үкімет басшысының бірінші орынбасары Дмитрий Медведев және Қорғаныс министрі Сергей Иванов президенттікке үміткерлер ретінде, сондай-ақ Путин мырзаның ізбасарлары ретінде аталуда. Демек, бұл формула бойынша, президенттік таққа өзі қатарынан үшінші рет отырмаған күнде де Владимир Путин елге бақылауын шын мәнінде сақтап қалатын болады, дейді сарапшылар.

Тағы бір сарапшылардың пікірінше, өзіне тілектес сот жүйесі арқылы қазіргі президент өз мерзімінің аяқталуына бірнеше айлар қалған кезде, қызметінен кетіп, содан кейін ғана 2008-ші жылғы сайлауларға үміткер ретінде қатыса алады. Техникалық жағынан мұндай қадам Путиннің президенттікке сайлануын қатарлас немесе жалғасты түрде орын алмаған сайлау әрекеттері деп бағалауға мүмкіндік берер еді.
XS
SM
MD
LG