Сот ісін сот төрағасы Лұхмат Мерекенов өзін де, өзгені де таныстырмай-ақ бастап кетті. Сот төрағасы одан әрі бүгінгі сотта адам өліміне әкеп соқтырған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен тағылған айыпқа байланысты Ержан Өтембаевтың, Рустам Ибрагимовтың және тағы да басқа сегіз адамның аты-жөндері мен айып баптарын тізіп шығып, осы сот ісі тыңдауын бастайтынын хабарлады. Бірақ, он минуттан асар-аспаста, сотқа негізгі айыпталушылардың бірі Ибрагимовтың жақтаушысы - Өстеміровтың келмеуі себепті, сот үзіліс жариялап, түс ауа болған жалғасында соттың бейсенбіге қалдыратынын мәлімдеді. Өстеміровтың сотқа келмеуі себебін жәбірленуші жақтың жақтаушысы Серікқали Мусин мырза «Азаттық» тілшісіне былай деп түсіндірді:
- Ибрагимовтың жақтаушысы соттың алдында 2-3 күн бұрын өзі келіп, екі шағым жазыпты. Бірі - өз жақтаушысының кінәсыздығынан оны соттан босатылуын талап етсе, екнішісі – сот басталмай тұрып, алдын-ала тыңдау өтуі керек деген шағым. Бірақ, сот мұндай шағымдарды сот болатынын жарияламай тұрып қарай алатынын, ал соттың қай күні басталатынын жариялап қойғандықтан қандай да болмасын шағымдарды қарамайтынын айтып, оның шағымын кері қайтарған. Оған жақтаушы «онда мен сотқа келмеймін» деп, бүгін келмепті. Сондықтан сот ертеңге қалдырылды.
Заң бойынша, сот әділ де толыққанды өтуі үшін сотқа жәбірленуші жақ өкілдері де қатысуы шарт. Бірақ, сәрсенбі күнгі сотта жәбірленуші жақтан жалғыз Салтанат Атушеваның жақтаушысы Серікқали Мусин ғана болды. Ал, Алтынбектің ағайындары сотқа жіберген жеделхатта «Алтынбектің қарт ата-анасының басқа қалаға барып, не жататын жері белгісіз, не қанша күнге созылары белгісіз сотқа қатысуға жағдайы жоқтығын» айтқан екен. Сот хатшысы сотта осындай жедел хат алғанын жариялады. Сот бірінші күнгі отырыс шешімі бойынша Ибрагимовытың жақтаушысы, не жәбірленуші жақ өкілдері бейсенбі күні де келмесе, арнайы шешіммен өз жұмысын ары қарай жалғастыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар, сот Алтынбектің сотқа қатысамын деген ағайын-туыстарына Талдықорған қаласындағы қонақ үйлерден жай берілетінін және жолақысын төлейтінін де хабарлады.
Ресми билік қаза болғандардың мәйіттері Алматы қаласының маңында табылғанымен, құқықтық тұрғыдан қылмыс жасалған жер Алматы облысының аумағында болғандықтан, сот ісі облыс орталығында қаралуы керек деген жорамалдарын ресми баспасөз беттерінде алдын-ала жариялап та қойған болатын. Алайда Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы, сәрсенбі күні Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында, ресми биліктің бұл уәждерімен келіспейтіндігін білдіріп, сот ісі Талдықорғанда қаралып отырғанының астарында саяси себеп бар деген жорамал айтты.
- Биліктің сотты Талдықорғанда өткізіп отырғандағы мақсаты түсінікті, оны бәріңіз біліп отырсыздар - адам аз қатыссын, туыстары, жақындары бара алмай қалсын, ол сотқа қатыспасын, қойылатын сұрақтар қойылмасын деген мақсат. Ал шындықтың, ақиқаттың беті сол сұрақ қою барысында ашылады, сол шындық ашылмасын деп отыр. Сондықтан да сотты Талдықорғанда өткізуді арнайы жоспарлап отыр. Маған әрі-беріден кейін мынандай күмән келеді: бұл қылмыстың жасалуы да , сотының өтуі де - күні бұрын жасалған жоспар сияқты көрінеді, бәрі солардың алдын ала дайындаған сценариіменен келе жатыр.
Қазақстандағы оппозиция көсемдерінің бірі Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосынов және жүргізушісі Василий Журавлевтің қолдары артына байланып, желкесінен атылған оқ іздері бар жансыз денелері биылғы жылғы ақпан айының 13-күні Алматы маңында табылған болатын. Арада екі аптаға жетпейтін уақыт ішінде бұл қылмысқа қатысты деген күдікпен Парламент Сенаты аппаратының басшысы Ержан Өтембаев пен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің «Арыстан» деп аталатын арнайы әскери тобының бірнеше офицері қамауға алынды. Наурыздың 2-күні Парламент Сенаты депутаттары алдында сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев А.Сәрсенбайұлының қазасына байланысты, «Алтынбекті жеке бас араздығына бола өлтіруге тапсырыс бергені» туралы Ержан Өтембаевтан өзінің қылмысын толық мойындап жазған хат алғанын хабарлады.
Ал қазақстандық оппозиция болса Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына оның саяси қарсыластарының қатысы бар деп санайды.
Алтынбек Сәрсенбайұлы 1993-інші жылдан бастап Қазақстанның баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі, 2001-інші жылдан Ұлттық қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі сынды лауазымды мемлекеттік қызметтерді атқарды. Ал 2003 жылдың күзінен бастап ол Қазақстан оппозициясының қатарына қосылып, «Ақ жол» демократиялық партиясының тең төрағасы болып сайланды. 2004 жылы Қазақстанда парламент сайлауы өтер алдында Алтынбек Сәрсенбайұлы аз ғана мерзімге ақпарат министрі қызметіне қайта оралды. Алайда, сол жылы күзде өткен парламент сайлауы заң талаптарын өрескел бұрмалаушылықпен өткізілгенін мәлімдеп, оған наразылық ретінде министр қызметінен кетті. 2005 жылдан өмірінің соңына дейін оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы және «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысының төралқа мүшесі болды.