Accessibility links

Халықаралық қауымдастық көне Жібек Жолы қайта жаңғыртуға күш салуда


Жібек жолы бойымен кезінде ұзындығы бір километрге созылатын керуендер жүріп өтетін болған. Олардың әрқайсысында 6 мыңнан аса түйеге артылған жүк Қытайдан Еуропаға жеткізілетін еді. Жібек жолының бойында небір әсем қалалар пайда болған. Өркениет дамыған. Бұл күндері ол қалалардың орындары ғана қалған. Алайда, олардың тарихи маңыздылығы арта түскен. Жібек жолы бойындағы құндылықтарды қайта аршу үшін халықаралық дәрежеде күш салынуда.

Түркменстандағы Мерв қаласы мен Өзбекстандағы Бұқара, Самарқант қалалары Жібек жолы бойының тарихи жәдігерлері ретінде сақталып қалған. Бұл қалалар мәдени маңыздылығына орай ЮНЕСКО-ның әлемдік Мирас тізіміне енген. Алайда ол тізімге ілінбей қалған қалалар да- едәуір. ЮНЕСКО-ның әлемдік Мирас орталығы өкілі Францис Чайлд:

“Нашар сақталуы себепті әлемдік Мирас тізіміне енгізуге әзір емес бірнеше қалалар бар. Мысалы, Оңтүстік Қазақстандағы айрықша археологиялық жәдігер боп есептелетін Отырар қаласы, Қырғызстанның Шу жазығындағы Қызыл су орыны Совет үкіметі жылдары қараусыз қалған”, - дейді.

Оның әріптестері он жылдай уақыттан бері осы қалаларды қайта жандандыруға күш салуда. Бұл іске Норвегия, Италия, Швейцария қаржылай көмек беруде. Әсіресе, Жапон елі бірнеше миллион доллар көлемінде қаржы құйып отыр. Аймақтағы үкімет қорларына қаржы қосу арқылы Түркия болса бірнеше жобаларды қаржыландырды.

Чайлд мырза сондай-ақ Ауған жеріндегі жәдігерлерді сақтап қалу үшін Парсы шығанағы елдерінен қаржылай көмек алуға үміттенуде. Олай болмаған жағдайда бұл өңірдегі тарихи құндылықтар алдағы 10-15 жыл ішінде шіріп, бүлініп, жер бетінен жойылып кетуі мүмкін. Еуропа және Құрама Штаттар мамандары жергілікті мамандармен бірлікте жұмыс істеп, оларға археологилық жұмыстың қыр-сырын үйретуде.

Жібек жолы бойындағы өркениттердің қайта аршылуының архитектуралық, археологиялық маңызына қоса, сол Орталық Азия елдерінің ұлттық бет-бейнесін тарихи тұрғыдан одан әрі айқындай түсу ісінде де атқарар рөлі зор болып тұр. Чайлд мырзаның айтуынша, Совет үкіметі жылдарында Орталық Азиядағы көптеген мемлекеттер өзнің тарихи ерекшеліктерінен ажырап қалды.

“Совет үкіметі орнағанға дейін сендер артта қалған едіңдер, көшпенді болдыңдар, сендерде археологиялық қалалар болған жоқ, сендердің тарихтарың да болған жоқ” деген әңгімелер оларға тұрақты түрде айтылып келді. Бұл - шындық емес еді. Сол археологиялық ұлы қалаларды қайта аршу, жандандыру арқылы қазақтарға өз тарихын, қырғыздарға, тәжіктерге өз тарихын және мәдени ерекшеліктерін қайтару көзделуде”, - деді Чайлд мырза.

Жібек жолы бойындағы елдер бұл істен экономикалық жағынан да пайда көрмекші. Әлемдік Мирас тізіміне енгізу деген сөз бұл қалалардың айрықша тарихи орындарға айналуына әсер ету дегенді білдіреді. Мысалы, Отырар қаласына келуші туристер саны 9 мыңнан 100 мыңға дейін ұлғаюы мүмкін. ЮНЕСКО жасағы қазіргі кезде Орталық Азия және Қытайдың 12-дей қаласында жұмыс істеуде. Олардың қаржылық қорында 7 миллион доллар бар көрінеді.
XS
SM
MD
LG