– Журналистерге мемлекеттік тұрғыдан қамқорлық дегенде, мен айтар едім, қазір Сенатта талқыланып жатқан заңды оңды, дұрыс қабылдаса, сол ең бірінші кезекте көмек болар еді, - деді Е.Бапи «Азаттық» радиосына.
Журналистер Одағының сыйлығын алып отырған тағы бір журналист – «Қазақстан» телеарнасының бұрынғы қызметкері, бүгінде Мәдениет және ақпарат министрі Ермұхаммед Ертісбаевтың қызметінен кетуін талап етіп отырғандардың бірі Қасым Аманжол.
– Қазіргі кезең журналистер үшін өте күрделі кезең. Себебі, қазір Қазақстандағы болашақ билікке таласушы олигарх топтар өздерінің журналистік ұйымдарын құрып, тықпалау арқылы саясатқа ықпал етуге тырысып жатыр.
Ал мемлекеттік «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Айнаш Есалы Қасым Аманжолдың жоғарыдағы пікірлерімен келіспейді. Есалы Қазақстанды сөз бостандығы дамыған, демократиялық мемлекеттер қатарына жатқызады:
– Мен өзім мемлекеттік басылымда жұмыс істеймін. Ал бірақ біздің қоғамда оппозициялық басылымдарда жұмыс істеп жатқан менің әріптестерім бар. Олар өздерінің ойларын толық айта алады. Сондықтан да «бізде сөз бостандығы жоқ, ойларымыз тұншығып жатыр» деген - бос сөз.
Дегенмен мемлекеттік телеарнаның бұрынғы қызметкері, ал қазірде жұмыссыз жүрген журналист Қасым Аманжол «журналистерге мемлекет тарапынан қолдау жоқтығын қазіргі Парламентте қаралып жатқан БАҚ туралы заң жобасынан білуге болады» деген уәж айтады.
Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев журналистер мерекесі тұсында, елдегі баспасөз бен журналистердің қызметіне тұсауды қатайтатын заң жобасы парламенттің төменгі палатасында асығыс-үсігіс қаралып, қабылдануына өкініш білдіреді.
– Біздің ойымызша, Сенат та бұл заң жобасын қабылдайды. Өйткені, үстінен сондай тапсырыс бар. Бірақ, біз де жай отырған жоқпыз. Бірнеше баспасөз мәслихатын, Алматыда шеру ұйымдастырып өткіздік. Бүгін 2540 журналист қол қойып, президенттің атына хат жолдадық, - дейді С.Матаев.
Алматыда Қазақстан Журналистер Одағының сыйлықтары тапсырылып жатқан кезде, Астанадағы Парламент үйінде Сенаттың мәдениет және әлеуметтік даму комитетінің депутаттары «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасына өзгерістер енгізу туралы заң жобасын тұтастай қолдап, оны маусымның 29-да болатын Сенаттың жалпы отырысына шығару жайлы ұйғарымға келді. Егер аталған заң жобасын Сенат қабылдаса, оған қол қою не қоймау тек президенттің құзырында болады.