Accessibility links

Ресей үкіметі Курил аралдарының дамуы үшін мол инвестиция құймақ


Демографиялық дағдарыс алдында тұрған Ресей федерациясының қайсы аймағында жергілікті тұрғындар саны күрт азая бастаған деген сауалға, сіз бәлкім, соғыс оты жалмаған Шешенстан немесе орман-тундралы аймақ Солтүстік Сібір деуіңіз әбден мүмкін. Бірақ, Тынық мұхитында шығыстағы Камшатка жарты аралынан Жапонияның Хоккайдо аралына дейін созылып жатқан таулы-тасты Курил аралдарындағы жағдай тіптен өзгеше. Мұндағы ондаған үлкенді-кішілі аралдарда бар-жоғы 6 мыңдай ресейлік өмір сүреді. Ондағы жергілікті тұрғындардың жалпы санына қарағанда орыс әскерлерінің саны екі есе көптеу. Міне енді Ресей сол Курил аралдарының жағдайын да ойластыра бастағандай.

Ресей экономикалық даму және сауда министрі Герман Грефтің айтуынша, ол аралдарды дамыту үшін 17 млрд рубль бөлініп отыр екен. Ал бұл тек қана экономиканың қамы емес секілді.

Мәскеудегі Карнеги орталығы директорының орынбасары Дмитрий Трениннің айтуынша, бұл аймақтың даму жоспарымен Ресей Жапониямен Курил аралдары үшін талас жөніндегі келіссөздерге тиым салмақ.

- Президент Путин және Сыртқы істер министрі Лавров өзара бейбітшілік келісіміне орай Жапонияға тек қана Шикотан және Хабомай аралдарын беруі мүмкін. Басқаша шешім болуы мүмкін емес, - дейді Дмитрий Тренин.

Оған себеп, мамандардың пікірінше, Жапониямен жақын аймақта жатқан бұл екі аралдың Ресей үшін экономикалық, стратегиялық мәні шамалы.

Сондықтан болар, Шикотан және Хабомай аралдары алғаш рет 1956 жылы да ол кездегі Совет Одағы тарапынан Жапонияға ұсынылған болатын. Бірақ сол кезде ол ұсынысқа Жапония көнбеген, сондай-ақ алдағы кезде де оған келісе қоймас. Жапония Кеңес одағы кезінде басып алған барлық Курил аралдарының қайтарылуын талап етеді.

Дмитрий Трениннің пікірінше, Ресей өзінің бүкіл әлемнің ширегіндей жеріндегі шегаралардың әлі де болса кеңінен қамтылмағандығын сезіп отыр.

Оған Еуропа жағында эксклав жағдайында қалып отырған Калининград облысы, Солтүстік Қапқаз аймақтары дәлел, дейді сарапшы.

Соғыстан қираған Шешенстанды қайта құру үшін Ресей қаншама қаржы бөліп отыр. Ол да шегара үшін қажет.

Лондондағы халықаралық орталықтың Жапония және Солтүстік Шығыс Азия қауіпсіздік мәселелері бойынша маманы Джон Свенсон-Райттың бұл орайда өз пікірі бар.

- Кей әрекеттер Жапониядағы алдағы басшылық орын алмасуына байланысты болмақ. Қыркүйек айында бас министр Койзуми қызметінен кетеді. Кейбіреулер Жапонияда ұлтшылдық өршіп барады дейді. Ал онда Жапониялық жаңа бас министрдің жаңа қатаңқолды әрекетіне орай Ресей де өз көзқарасын өзгертуі де мүмкін ғой, - дейді лондондық сарапшы.

Осы кезге дейін Курил аралдары үлкен Ресейден сырттау қалып келгенімен енді ол аймаққа да жан бітетін түрі бар. Аралдағы кезінде жапондар салған шағын әуежайдың орнына 2017-жылға дейін үлкен заманауи жаңа ұшақжай дүниеге келмек. Сондай-ақ, Ресей жоспарында теңіз айлағы, жаңа жолдар, 20 шақты балық консерві фабрикасын салу секілді шаралар бар. Тіпті ол аралдарда кездесетін қымбатты металл өндіретін зауыт та салынбақ.

Дегенмен Трениннің пікірінше, Ресей Жапонияны түгелдей шеттете қоймас.

– Ресей-Жапония ынтымақтастық байланысында Жапонияның елеулі орны бар. Қиыр шығыс пен Сібір аймағын дамытуда бұл байланыс, әріптестіктің маңызы айтарлықтай, - дейді сарапшы.

Бірақ лондондық сарапшы Свенсон-Райттың айтуынша, Ресей федералдық қордан қаншама инвестиция құйғанымен ең жақын көрші Жапонияның тікелей көмегінсіз Курил аралдарын жақын болашақта өркендетіп жіберуге мүмкіндік бола қоймас.
XS
SM
MD
LG