Accessibility links

Талдықорғандағы сот ісінде үкім шығарылды


Талдықорғандағы Алматы облыстық сотында қазақстандық оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевтың өліміне қатысы сот ісінде 31 тамыз күні айыпты деп танылған 10 адамға сот үкімі шығарылды. Сот қылмыстың орын алу себебін жеке бастың өкпе ренішінен туындаған кек алу деп бағалады.

Бұл әу баста айыптаушылардың ұсынған жорамалы және мұны президент наурыз айында парламенттің бірлескен отырысында да айтқан болатын. Сонымен, сот осы қылмысқа тапсырыс беруші деп айыпталып отырған Сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевты 20 жылға бас бостандығынан айыруға, қылмысты негізгі іске асырушы деп айыпталып отырған ішкі істер қызметінің бұрынғы офицері Рустам Ибрагимовты өлім жазасына, Ибрагимовтың қасында жүрген оның жүргізушісі Виталий Мирошниковты 20 жылға бас бостандығынан айырып, қатаң тәртіптегі қамау мекемесіне жіберуге, олардың жеке мүліктерін тәркілеуге, арнайы «Арыстан» тобының қызметкерлеріне базадан қаруды еркін сыртқа алып шығуына жол берген Ерғали Қасымовты 3 жылға жалпы тәртіптегі қамау мекемесіне жіберуге, «Арыстандықтарды» бастап жүрген Әбикеновты 14 жылға бас бостандығынан айыруға, олардың жеке мүліктерін тәркілеп, қатаң тәртіптегі түрмеге жіберуге, Сәрсенбайұлын сырттай бақылауға алған Алымжан Газиевті 11 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Сот үкімді оқуды сағат 11-ден өте бастап, кешкі беске таман аяқтады. Сотқа айыпкер Рустам Ибрагимовтың жақтаушылары Нұрлан Устемиров пен Серік Сәрсенов келмеді. Мамандар үкім шығару кезінде жақтаушылардың қатыспауы заң талаптарына қайшы еместігін айтады. Әдеттегідей, алғашқыда телеоператорлар мен фототілшілерді сот ғимаратына кіргізбей әуре-сарсаң болды, бірақ артынша ол мәселе оң шешілді. Тілші қауымнан - телеарналар бар, газеттер мен ақпараттық агенттіктер бар - 20 шақты өкіл болды. Халықаралық ұйымдардан - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Еуроодақ өкілдері болды.

Сот шешіміне қызығушылық танытқан Талдықорғандық бірқатар зейнеткерлер келген екен, монитор тұрған залда да сот шешімін тұрып тыңдау керек болған соң, оған шыдамай кейбіреулері кетіп қалып та жатты. Жалпы, тілшілерді қосқанда , монитор тұрған залда 50-ден астам адам болса, сот залында да айыпкерлердің туыстарымен қоса есептегенде сол 50 шақты адам болды.

Сот әу дегеннен қылмыстың орын алу себебі ретінде ресми жорамалды тағы қайталап, қылмысты Ержан Өтембаевтың кек алу әрекеті деп бағалады да, айыпкерлердің қылмысты қалай, қашан, не үшін жасағандарын тізіп, ол қандай айғақтар мен айыпкерлердің қандай көрсетулері негізінде дәлелденгендерін айтуға кірісті. Мұнда айыпкерлердің айыбын дәлелдейтін негізгі құжат ретінде, ресми жорамалда айтылғандай, Ержан Өтембаевтың президентке жазған «қылмысты мойындау хаты» алынды да, басқа қылмыстар сол хатта айтылған себептен туындаған салдары деп тарқатыла берді.

Сот төрағасы мен сот мүшелері кезектесіп оқыған сот үкімінде айыпкерлерге прокурор таққан айып баптарының бәрі дерлік сол күйінде қалды. Айыпкерлердің жақтаушыларының оған сот барысында келтірген бір де бір уәждері ескерілмеді. Тек оқиға орнын қосымша тексеру барысында жазылған хаттаманың компьютерде терілген нұсқасы ғана айып құжаты ретінде танылмай (тыңдарман есінде болса, ол хаттамаға қойылған қолдардан куәлар бас тартқан болатын), оның орнына қолдан жазылған хаттама айыптау құжаты деп алынып, айыптау құжаттары жеткілікті және ғылыми негізделген деп танылды.

Сонымен сот үкім шығарды, ал осы үкіммен барлық айыпкерлердің жақтаушылары келіспейтіндігі байқалды. Соттың мұндай үкімін айыпкерлердің туыстары да наразылықпен қарсы алды. Тіпті сот Ибрагимовқа шығарған «өлім жазасы» үкімін оқып жатқанда Ибрагимовтың соттағы анасы дауыстап жылап, сот бір сәтке болса да өз жұмысын тоқтауға мәжбүр болды.

Сот үкімінен соң қысқаша берген сұхбатында прокурор Владимир Кириленко «бұл істе ешқандай саяси астары жоқ, қарапайым кек алу» деген бағасын да беріп үлгерді.

«Жәбір көруші жақ та, айыпталушы жақ та бұл сот ісіне саяси сипат беруге тырысты. Бірақ, сот барысында белгілі болғандай, бұл қарапайым Ержан Өтембаевтың Алтынбек Сәрсенбайұлына деген жеке басынынң өкпе-ренішінен туындаған кісі өлтіру», - дейді Кириленко мырза.

Сонымен, сот үкіміне ешкім де келіспейтіндігі көрініп тұрды. Сондықтан айыпкерлердің жақтаушылары, сот үкімінде көрсетілгендей 15 күн ішінде Жоғарғы сотқа шағымданбақшы.

Соттың мұндай үкім шығарғаны көпшілікке жаңалық болмады десе болады. Бұған дейін «қылмыстың негізгі жорамалы осындай деп президенттің өзі парламент алдында жариялаған соң, сол жорамал шеңберінде ғана жұмыс істеген сот үкімі осындай болады» деген сарапшылардың болжамы дәл келді.
XS
SM
MD
LG