Accessibility links

Талдықорғанда аяқталған соттың шығарған үкімі жұрт көкейіндегі күмәнді сейілтпеді


Қазақстанның кейбір сарапшылары мен саясаткерлері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне байланысты Талдықорғанда өткен сот, шын мәніндегі қылмысқа тапсырыс берушілер мен орындаушыларды жазаға тартпады, сондықтан нақты қылмыскерлердің жазасыздығы бұндай оқиғаның келешекте де қайталану қаупін сақтайды деген болжам айтып отыр. Сонымен қатар олар «Алтынбектің өлімінің құпиясы ерте ме, кеш пе, әйтеуір ашылады және ол, билік ауысуы кезеңіндегі тақталаста қарсылас топтардың бірінің қаруына айналмақ деген де ой айтады.

Сонымен, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең бір шулы да қайғылы сот процесі көпшілік көкейіндегі көптеген күмәндарды сейілте алмаған қалпы аяқталды. Кейбір кезеңінде сот билік басындағыларды шарпып кетіп, дауға да айналатындай жағдай болып еді, бірақ, биліктің тікелей араласу арқасында болса керек, «жабулы қазан, жабулы күйінде қала берді».

Соттың шығарған қатаң үкімі ешкімді де таң қалдырмады десе болады. Себебі, сарапшылардың осындай шешім болады деген болжамымен бұған дейін «Азаттық» радиосы өз тыңдарманын құлағдар еткен болатын.

Сот жөніндегі ой-пікірлерімен қоғам өкілдері сот үкімінен соң бөлісіп жатыр.

- Сот қортындысында ең бірінші айқындалғаны - көпшілік көкейіндегі сауалдарға жауап алынбағаны. Сотқа қатысушы жақтарды айтпағанда, көпшілікте де сот басталғаннан-ақ тергеу орындары мен сотқа деген сенім өте аз болды. Және көкірегі ояу, қырағы көпшілік қылмысқа тапсырыс беруші Ержан Өтембаев дегенге шынымен сене қойды деуге болмас. Олардың көкейінде қылмысқа тапсырыс берушілер басқа адамдар және олар бүткілдей сот барысында көлеңкеде болып, осы соттың тез аяқталуына өз ықпалын тигізіп келді деген күдік қалды, - дейді Тәуекелді зерттеу орталығының директоры Досым Сәтпаев мырза.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының белді мүшелерінің бірі Әміржан Қосанов «сот барысында жауап берілмеген көпшілік көкейіндегі сұрақтарды үшке бөлуге болады» дейді.

- Біріншісі – тергеу барысында және сотта анықталғандай оқиға орнынан табылған заттай айғақтардың тегі қайдан, томардағы автокөлік бояулары шынымен Мирошниковтың автокөлігінікі екендігі қалай дәлелденді деген және т.б. толып жатқан техникалық сауалдар болса, екіншіден, Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары мен жақтаушыларының осы сотқа, атын атап, түрін түстеп тұрып, «пәленше деген саясаткерлер мен пәленше деген адамдарды шақыру керек!» деген кезде, сот оларды неге шақырмады? Ал үшінші, әрине, бұның артында кім тұр деген сауалдар, - дейді Әміржан мырза.

Саясаттанушы Андрей Чеботарев болса, соттың тағы бір айқындағаны – шын қылмыскерлердің жазасыздығы болды деген байлам айтады.

- Соттың объективті өтпей, істің мән-жайына барғысы келмей, атүсті өтуі, шын қылмыскерлердің жазасыздығы, келешекте мұндай қылмыстың қайталану қаупін сақтайды. Бәз біреулерде жүгенсіздік пен жазасыздық және астамшылдық сезімі пайда болуы мүмкін. Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының қазаларынан кейін Қазақстанның бетке ұстар саясаткерлерінің тағы бірі құбан болып жатпаса... әрине, ондайдың бетін аулақ қылсын дейік, - деген ой білдірді Чеботарев мырза.

Сонымен, сот шынымен нақты қылмыскерлерді жазаға тартпаған болса, ол құпияны қазақстандықтар келешекте біле ала ма? Бұл сауалға келгенде сарапшылар мен саясаткерлердің пікірі бір жерден шықты. Бәрінің айтатыны: «ерте ме, кеш пе, әйтеуір шындық бәрібір ашылады».

«Шын мәнінде, осы соттың шындығы қашан ашылады деген кезде, мен Брежнев, Хрущев, Сталин замандарын көз алдыма елестетемін. Ол кезде де талай саяси астары бар қылмыстар жасалды. Сол кезде де олардың бәрі «құпия», «аса құпия» деген грифтің астында жатқан, ал қазір сол кездегі жасалған зұлымдықтардың беті ашылып жатыр. Сондықтан, Қазақстанға да бұл уақыт келеді. Ол құпия - осы Алтынбектің өліміне қатысты қылмысты ұйымдастырған, тергеуді бақылаған, сот жүйесіне пәрмен берген адамдар биліктен кеткен күннің ертесіне ашылады». – дейді Әміржан Қосанов мырза.

Тәуекелді зерттеу орталығының директоры Досым Сәтпаев та «бұл құпияны білетін топтар билік ауысуы кезеңіндегі тақталаста қарсылас топтардың бірінің қаруына айналдырмақ» дейді.

Сонымен, сот үкімін шығарды. Ал үкіммен келіспеген айыпкерлердің жақтаушылары жоғарғы жаққа шағымданбақшы. Ол не бермек? Сот қайта қаралуға жіберілуі, не болмаса жаза мерзімдері қысқартылуы мүмкін бе? Бұл сауалға да сарапшылар бір ауыздан «жоқ» деп, «Қазақстанның билік басындағыларымен ымыраласып кеткен сот жүйесі жағдайында, ондай мүмкін емес» деген ой айтады.

«Мен өзім қаншама жыл оппозицияда жүрмін. Осы уақытта бір де бір рет оппозицияның қатысқан сот процесіне қатысты төменгі деңгейдегі сот үкімін жоғарғы деңгей қайта қарағанда, оны бұзып, ақиқатқа жүгініп, әділеттікке қарай бастағанын мен көрген жоқпын. Сондықтан, дәл осы сот процесінен кейін біздің билік өзгере салып, аяқ астынан әділетті бола қалатынына менің онша көп сенімім жоқ. Сондықтан, менің сезіп отырғаным, билік сол өзінің сценарийін соңына дейін, керек болса Жоғарғы соттың шешіміне дейін алып келуі мүмкін», - дейді оппозиционер Әміржан Қосанов.

Дегенмен тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи мырза «Арыстандықтар» түрмеде ерекше жайлы жасалған жағдайда бірер жыл отырған соң олардың істері қайта қаралып, жаза мерзімдері қысқартылып, не оларға қайырымдылық көрсетіліп, түрмеден босатылуы мүмкін, ал Ержан Өтембаев пен Рустам Ибрагимов сол түрмеде денсаулығы шыдас бермей, не оқыс оқиға құрбандары болып кету қаупі бар» деген болжам айтады.
XS
SM
MD
LG