Accessibility links

Алматыда «Желтоқсан көтерілісіне» арналған ескерткіш ашылды


Қыркүйектің 18-і күні Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші ашылды. Оған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Желтоқсан көтерлісіне қатысушылар, жұртшылық өкілдері қатысты.

Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай Алматы қаласының Желтоқсан мен Сәтпаев көшелерінің қиылысында орналасқан «Тәуелсіздік таңы» ескерткішінің ашылу рәсіміне келген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев:

- Жастарды алаңға шығуға итермелеген желтоқсандағы оқиға Қазақстан тәуелсіздігінің жаршысы болды. Бұл оқиғаға ұлтшылдық сипат беруге талпыныстар жасалып, ұлтаралық қақтығыс деп түсіндіру пиғылдары да болды. Мүлдем олай болмағанын тарихтың өзі көрсетіп берді. Жастар бар болғаны әділеттілікті, теңдікті, тәуелсіздікті қалады. 1986-жылдың желтоқсанында болған оқиға Кавказ бен Балтық жағалауы елдеріндегі ұлттық қозғалыстардың өршуіне жол ашты, - деді.

Ескерткішке гүл шоғын қойған Н.Назарбаев осы 20 жыл бойы қазақстандықтардың бірлікте, түсіністікке өмір сүріп келе жатқанын айта келіп, елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың, адамдардың арасындағы татулық пен теңдіктің елдегі табыстың, бақыт пен гүлденудің қайнар көзі екенін халықтың түсініп отырғанын жеткізді.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне белгілі қоғам қайраткерлері, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылар, «Желтоқсан» қозғалысының мүшелері, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдар мен ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері қатысты.

«Тәуелсіздік қарлығыштары» қоғамдық ұйымының белсендісі, желтоқсан оқиғасына қатысушы Гүлбахрам Жүніс:

- Желтоқсан көтерілісі осы Желтоқсан көшесінің бойында басталған. Осыған орай ескерткіштің Желтоқсан көшесі бойында ашылғаны дұрыс. Алайда, көтеріліс Желтоқсан көшесі бойында басталғанымен оқиғаның болған жері қазіргі республика алаңы. Сол алаңның бергі бұрышында кеңес мектептеріндегі қызыл бұрыштар тәрізді желтоқсан оқиғасы құрбандарына қойылған алақандай тақтайша бар. Біздің ойымызша, Қазақстан тәуелсіздігінің негізі болған оқиғаға қойылған белгілер алаңда болғаны дұрыс. Соңғы 5-6 жыл көлемінде осы алаңды «Желтоқсан» алаңы деп атау жөнінде және осы алаңды қиып өтетін көлік қозғалысын тоқтату туралы бастама көтеріп келеміз, - дейді.

Келесі сұхбаттасымыз, Желтоқсан оқиғасына қатысушысы Халелхан Әділханов Алматыда осы ескерткіштің ашылуына арнайы келген екен.

- Қызыл империяға, Кеңес Одағының саясатына ең алғаш қазақ жастары қарсы шықты. Ескерткіш ашылады деген соң, замандастарыммен кездесейін деп Шығыс Қазақстан облысы Зайсаннан әдейі келдім. Оқиғаға қатысқаным үшін қуғын көріп, қиыншылықтарды бастан кешірдім, - дейді Халелхан Әділханов.

Жаңа ескерткіштің ашылу салтанатына келген Алматы қаласының тұрғыны Сәкен Саламатов:

- Бұл ескерткіш көтерілісте шейіт болған азаматтарымызға жасалған құрмет деп білемін. Енді менің ойымша, желтоқсанның 25 жылдығына орай осы ескерткіш жанынан қазақ үй пішіндес ғимарат салып, желтоқсан оқиғасының деректерін жинастырып, назарға ұсынатын музей салу керек. Бұл - біздің ұрпақтарымыз үшін қажет деп ойлаймын, - деген өз ұсынысын айтты.

Алматы қалалық әкімшілігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Тәуелсіздік таңы» ескерткішін тұрғызуға 176 278 мың теңге жұмсалған. Қазір қалада тарихи-мәдени 133 ескерткіш, 87 сәулет өнерінің, 46 монумент өнерінің ескерткіші , соның ішінде республикалық маңызы бар 30 ескерткіш бар екен.
XS
SM
MD
LG