Accessibility links

Ірі кәсіпкерлік және халал азық-түлік.


Азын-аулақ діни топтардың көңілін табу қаржылай қыруар пайда түсіруі мүмкін. Оны ең бірінші болып Ұлы Британиядағы кейбір компания түсіне бастаған тәрізді. Халал шоколадын өндірушілер мұсылман базарын “жаулап алды” да, енді олар Ұлы Британиядағы “Tesco” атаулы әмбебап дүкендер желісінің назарын аудартып отыр.

Халид Шариф ең алғашқы халал шоколадын осыдан 2 жыл бұрын шығара бастады. Карамель шоколадтарын өндіргенде, халал заңдарына сәйкес, алкоголь немесе жан-жануардың майы сынды қоспаларды қолдануға болмайды және олардың бірін де шоколадты орайтын қағаз бен қораптарды жасауға немесе фабрикада қолдануға болмайды. Халид Шарифтің айтуынша, сонымен қатар тұтынушылардың көбісі ол бастаған компанияның тапқан бар табысының 10 пайызын қайырымдылық қорларына бөліп отыруына да риза.

“Біз мұсылмандардың және мұсылман еместердің қайырымдылық мекемелерін қолдап, демеп тұрамыз. Мұсылман қауымдастықтарының азық-түлікке деген талғамдарын ғана емес, қауымдастықтардың алдындағы жауапкершіліктерін ірі корпорациялардың онша елей бермейтінін мұсылмандардың көпшілігі сезеді. Жас мұсылмандардың алдынан шығып жататын проблемалар көп және қаншама компания олардың мұқтаждарын елемейді, мен оны жақсы сеземін”, -деп атап көрсетеді Шариф.

Бірақ мұндай жағдайдың өзгеріп сала беруі мүмкін. Халид Шарифтің азық-түлік шығаратын “Умма” компаниясы мұз сияқты тәтті кәмпиттерін Ұлы Британия мұсылмандарының кітап дүкендері және шағын азық-түлік дүкендері – гастрономдар арқылы сата бастады. Шарифтің айтуынша, халал кәмпитті тұтынушылар осындай тәттінің сатылуын өтініп ірі әмбебап дүкендерге жаза бастаған соң, оның бұл кәсібі гүлдене берді. Міне содан бері оның кәмпит өнімдері Ұлы Британиядағы “Теско” атаулы ірі әмбебап дүкендер желісінің бірнеше қоймасында жатыр. Ұлы Британияның жетекші компаниялары, деп мәлімдейді Халид Шариф, мұсылмандардың тұтыныс әлеуетін, мүмкіндігін барған сайын терең сезе бастады.

“Мұның кішкентай ғана сұраныс еместігі олардың, яғни фирмалардың санасына жетті. Ұлы Британиядағы мұсылмандардың діни тобы – мейлінше тез өсіп келе жатқан қауымдастық, ол – жастары әлдеқайда басым қауымдастық. Міне осылайша олар мұсылмандардың азық-түлігі сатылатын бөлім болса, қаржылай зор табыс түсетінін көре бастады. Әрбір жетекші банк исламдық қызмет көрсетуге тырысып бағады. Мұсылман қауымдастығына қарсы көп теріс сезім болды – олардың көбісі әділ емес-ті. Бірақ енді олар бұл қауымдастықтың көп ақша жұмсайтынын түсінді. Демек біздер – фирмалар – соларға бет бұруымыз керек”, -деп санайды Халид Шариф.

“Теско” компаниясының өкілі Никки Мартиннің атап көрсетуінше, әмбебап дүкендердің желісі өз тұтынушыларының талап-тілектерін ескереді.

“Халал шоколады – біздің дүкендеріміздегі азық-түлік қорының біреуі ғана. Сонымен қатар бізде Афро-Кариб азық-түлігі, Жерорта теңізінің азық-түлік түрлері бар және таяуда біз поляк азық-түлігінің түрлерін енгіздік”, - деп мәлімдейді Н.Мартин.

Халид Шарифтің сөзіне қарағанда, “Теско” дүкендерінің желісі өзінің компаниясы үшін тым үлкен. Өйткені, ол өнімдерді өткізуге көмегін тигізеді. Ал өнімді сату - шағын кәсіпкерліктің дамуы үшін ең маңызды проблема болып табылады. Х.Шариф өзінің кәсібін Еуропа құрлығына қарай кеңейткісі келетінін айтады. Бірақ қазір оның ең басты жоспары - келесі жылы халал шоколадтың плиткаларын шығару болып отыр.
XS
SM
MD
LG