Accessibility links

Қытайда адам бауыры 130 мың доллар тұрады


Қытай үкіметі "Фалунгун" діни ұйымының сотталған адамдарын өлтіртіп, дене мүшелерін сатқызады деген айыптауға батыс елдері қатты назар аудара бастады. Канада адам құқықтарын қорғаушылары Қытай үкіметі түрмеге отырғызылған мұндай адамдарды өлтіртеді, дене мүшелерін трансплантация операцияларын жасауға сатқызады деген мәселе жайында баяндама жариялаған, нақты дәлел таппаған. АҚШ Өкілдер палатасының қосымша комитеті мәселе жайында 29 қыркүйекте тыңдау өткізді. Мәселе тоғызыншы қыркүйекте Қытай-Еуропа Одағының саммитінде сыртқы істер министрінің деңгейінде де көтерілді.

Канадалық екі заңгер Дэвид Метас пен Дэвид Килгоур мәселені "Фалунгун" діни ұйымының Солтүстік Америкадағы бірлестігінің өтініші бойынша зерттеді. Алтыншы шілде күні жарияланған баяндамада олар Қытай үкіметіне қарсы анық дәлел таба алмадық, бірақ ішкі ағзалар саудасы Қытайда үлкен қарқынмен жүріп жатыр деген тұжырым жасадық деді. Қытай үкіметі оларды елге кіргізбеді. Қытай үкіметі әдетте барлық ізді жасырады, бүйрек, бауыр, жүрек сияқты ағзалар алынған соң мәйіттер крематорийде өртеледі делінеді. Қытайдың Австралиядағы елшілігінің саяси кеңесшісі Оу Бокиан радиомызға айтқан пікірінде мұндай жорамалдың барлығы орынсыз деді:

- Мұны қысқаша айтуға рұқсат етіңіз, шынтуайтында бұл қолдан жасалған әңгіме, ондай нәрсе бізде жоқ.

Қытай өкілі халықаралық баспасөз өкілдері адамдар өлтіріліп, ағзалар алынады деген медициналық орындарды көрген, ешқандай олқылық таппаған дейді.

Қытай үкіметі "Фалунгун" діни ұйымына 1999 жылы тыйым салған. Ұйымға ондаған миллион адам қатысатын, үкімет бұлардың арасынан мыңдаған адамды еңбек колонияларына, қайта оқыту колонияларына жіберді. АҚШ ресми өкілдері Қытайда жүздеген осындай колония бар, оларға 300 мың адам сияды дейді. Канада адвокаттары "Фалунгун" ұйымына қатысатын көптеген адам кесіріміз туған-туыстарымызға тимесін деп шын аты-жөндерін жасырады дейді. Сөйтіп олар үй-ішін аман алып қалады, есесіне туған-туыстары олардың қайда кеткендерінен хабар үзіп қалады, арттарында іздеушілері қалмайды. Хабар-ошарсыз кеткендердің кемінде кейбіреулері Қытайда үлкен мөлшерде жүріп жатқан адам мүшелерінің саудасының пышағына ілінуі мүмкін бе?

"Фалунгун" ұйымының белсенділері мүмкін дейді. Қытай ресми өкілі, профессор Бигюй Ши берген мәліметке қарағанда, 2000 жыл мен 2005 жылдың арасында Қытайда 60 мың трансплантация операциясы жасалған. Зерттеу жүргізген Канада адвокаттары 60 мың операцияда қолданылған ішкі ағзалардың тек 18 мыңы ресми жолмен келген дейді. Бұлар - өз ағзасын берген жеке адамдар, не болмаса өлім үкімі бойынша өлтірілген азаматтардың ағзалары. Сонда қалған 40 мың ағза қайдан, кімнен келді?

Қытай үкіметі алғашқы трансплантация операцияларына ағзалар сот үкімі бойынша өлтірілген адамдардан алынғанын былтыр мойындады. Адам құқықтарын қорғайтын "Хьюман райтс уотч" ұйымы мұның өзі дұрыс емес, Қытайда өлім жазасын орындау жүйесін бақылау қиын, адам ағзаларын алу мақсатында өлім үкімін шығару көбеюі мүмкін дейді.

Коррупция Қытайда өте көп, сондықтан адам ағзаларының саудасы Қытайда кең өріс алған, қоғамдық бақылау мүлдем жоқ. Қытайда ресми жарияланған адам ағзаларының бағалары бұл қара бизнестің қаншалықты пайдалы екенін, қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Мәселен, Қытайда адам бүйрегі 62 мың доллар тұрады, адам бауыры және жүрек 130 мың доллар тұрады, өкпе 150 мың доллар тұрады.
XS
SM
MD
LG