Accessibility links

Аудан және облыстық деңгейдегі әкімдер сайлауына түсетін үміткерлер үгіт-насихат жұмысын аяқтады


Қазанның 18-і күні Қазақстанда алғаш рет өтетін аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлауға түсетін үміткерлердің үгіт-насихат жұмысын жүргізу кезеңі аяқталды. Бұл сайлау республиканың өзін-өзі басқару органдарының 30 пайызын, яғни, 49 аудан мен 10 қаланы қамтып отыр дейді Орталық Сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоос. Ол әкімдерді сайлау Қазақстанда демократияны алға жылжытуға өз үлесін қосады деп есептейді. Алайда, "Қазақстанның сайлаушылар лигасы" тәрізді қоғамдық ұйымдар бұл сайлауды мойындамай, оған бақылаушы ретінде қатысудан бас тартып отыр.

Қазақстандағы 49 аудан мен облыстық деңгейдегі 10 қаланың әкімдерін сайлауға 135 үміткер түсіп отыр. Олардың 48-і – қазіргі әкімдер. Алғашқы сайланбалы әкімдер атанудан үміткерлер қазанның 18-і күні түнгі 12-де үгіт-насихат жұмыстарын аяқтайтындығын айтты Орталық Сайлау комиссиясының хатшысы Владимир Фоос «Азаттық» радиосына сәрсенбі күні.

- Қоғамды демократияландыру бойынша тағы бір алға қадам жасалды. Алғаш рет бізде биліктің атқарушы тармағы сайланбақ. Ал сайланған адам тұрғындардың мұң-мұқтаждығына көбірек жауапкершілікпен қарайтындығы белгілі. Қазір үміткерлер мәслихат депуттары мен ел арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, болашақ тұғырнамаларымен таныстыруда. Бұл сайлауда кедергілер болады деп ойламаймыз. Өйткені, біз бұған дейін 2 рет, яғни, 2001-ші жылы және 2005-ші жылы ауыл-аудан әкімдерін сайлау бойынша сынақ өткізгенбіз, - деді Владимир Фоос.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан президенті бекіткен ережелерге сай аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдері 4 жылға сайланады. Оларды сайлау жасырын дауыс беру арқылы жанама құқық негізінде өткізіледі.Әкімдерге үміткерлерді облыс әкімдері балама негізінде ұсынса, оларды мәслихат депутаттары сайлайды. Қазірдің өзінде үміткер ретінде тіркеліп отырғандардың үштен бір бөлігінен астамы қазіргі әкімдер. Мұндай таңдауды сайлауға жатқызуға болмайды дейді Павлодар облысының бұрынғы әкімі, «Азаматтық қоғам» қорының жетекшісі Ғалымжан Жақиянов:

- Өйткені, сайлауға халық қатысуы керек қой. Бұл жерде сайлаушылар жоқ. Мәслихат бүкіл сайлаушылар мен бүкіл халықты қамтымайды. Оның үстіне жоғарыда тұрған әкім өз айтқанын өткізіп отрыса, ол қайдағы сайлау?! Бұл – көзбояушылық. Тағайындауды сайлауға айналыдырып отырғандары - биліктің демократия туралы өз түсінігінен туындаса керек. Бүгінгі киіп отырған тонын қайта теріс айналдырып, бүркенбекші.

Ал «Сайлауды бақылау комитетінің» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, сенатор Қуаныш СҰЛТАНОВ әкімдерді осылай сайлау арқылы ең алдымен мәслихаттардың жауапкершілігін арттырамыз деп отыр:

- Бұрын әкімді тек жоғарғы басқарушы билік бекітетін. Осы ауданның барлық шаруасы бір әкімге тіреліп тұратын. Ал енді ең алдымен мәслихатпен бірге жұмыс жасап, халықтың мұң-мұқтажына жауап беретін адамдардың санын көбейтуіміз керек. Демократияның мақсаты да сол. Барлығын бір орталыққа жиып алу емес, қайта билік түрлерін орталықсыздандыру бағытында дамып бара жатырмыз... Бұл мәселеде жәй интуициямен шешпей, қабылданған заңдарымыз жолымен өмір сүруге бейімделуіміз керек.

Дегенмен, әзірге әкімдерді сайлау бойынша Қазақстанда ешқандай заңнама жоқ. Сондықтан, әкімдерді сайлау да заңсыз деп есептейді «Қазақстан сайлаушылар лигасының» төрайымы Наталья Чумакова.

- «Сайлау туралы» заңды ашайықшы - оның қай жерінде әкімдерді сайлау бойынша тарау немесе бап бар? Бұл сайлаулардың өту тәртібі қай жерінде көрсетілген? Қазақстанда әкімдерді сайлау бойынша ешқандай заңнама қоры жоқ! Сайлау өткізбес бұрын әкімдерді сайлау бойынша заңға өзгерістер даярланып, олар Парламентте қабылдануы тиіс болатын. Бірақ сайлауды билік өзінің ойлап тапқан ережесі бойынша өткізбек. Бұл – сайлау емес, сайлау ойыны. Біз оған қатыспаймыз! - дейді Наталья Чумакова.

Дегенмен, Орталық Сайлау комиссиясының «Азаттық» радиосына берген мәліметтеріне қарағанда, қазанның 20-сы күні өтетін аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлауға республикалық бюджет есебінен биыл 32 миллион теңге бөлінген. Келесі жылғы бюджетте де әкімдерді сайлау мәселесі ескеріліп, 60 миллион теңгеден астам ақша бөлу жоспарланған. Яғни, биылғы жылы аудан, қала көлеміндегі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының 30 пайызынын қамтитын сайлау келесі жылы да жалғасады деп есептейді Орталық Сайлау комиссиясы.
XS
SM
MD
LG