Accessibility links

Қазақстан шекарашылары Өзбекстанмен арадағы кейбір шекара бекеттерінің маңында тосқауыл шептерін тұрғызып жатыр


«Оңтүстік» аймақтық шекара басқармасы бастығының орынбасары Эрик Росляков бұл шара жоспарлы шара екенін айтады. Сондай-ақ ол бұл тосқауыл шекарадан өту тәртібінің сақталуына септігін тигізеді дейді. Сарыағаш, Мақтаарал аудандарындағы халқы тығыз орналасқан елді мекендерден өтетін шекарада, барлығы 45 шақырымдай жерде, осындай тосқауыл шептердің салынбақ.

Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы тосқауыл шептер әзірге Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек», «Сарыағаш», «Ынтымақ» және «Қызыл сарқырама» шекара бекеттерінің маңында салынып жатыр. «Оңтүстік» аймақтық шекара басқармасы бастығының орынбасары Эрик Росляков мырза мұндай шептердің салынуы жоспардағы шара деп түсіндіріп отыр.

- Негізінде, тосқауыл шептердің салынуы - шекараны инженерлік тұрғыдан жабдықтау мақсатында үкімет қаулысына сәйкес жүргізіліп жатқан жоспарлы шара. Биылғы жылы мамыр айында осы шекараға парламент депутаттары келген болатын. Содан олар қосымша қаржы бөлу мәселесін де шешіп, енді міне бірінші кезекте тосқауыл шептер салып жатырмыз, - дейді Эрик Росляков мырза.

Тосқауыл шеп - биіктігі екі жарым метрдей болатын тікенек сымтемір және жерге төселген ілгек сымтемір. Ол сымтемірлерден тоқ жіберілмеген, сондықтан адам өміріне қауіпсіз.

- Ол шекара бұзушы контрабандистерге, заңсыз мигранттарға тосқауыл болып, шекара қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді, - дейді Росляков.

Бұған қосымша ретінде Қазақстан шекарашыларының баспасөз хатшысы Лариса Дмитрюк бұдан былай Қазақстан шекарашылары да мемлекеттік шекараны бұзушыларға қарсы қару қолдана алатынын айтады.

- Енді шекараны бұзушы контрабандистер даладағы ашық алаңқайларға қарай ауысуы мүмкін. Ал далада, тәртіп бойынша, қару қолдану да жеңілдейді. Осы шараға байланысты берген түсініктемесінде «Оңтүстік» аймақтық шекара басқармасының бастығы Талғат Есетов, халқы тығыз орналасқан аймақтағы шекара бұзушыларды тоқтату үшін қару да қолдану қауіпті, себебі, басқа адамдар жапа шегуі мүмкін деп айтты. Міне, енді шекара бұзушылар бұрынғыдай тоқтамай қашып кете алмайтын болады, - дейді Дмитрюк ханым.

Бұған дейін қазақ-өзбек шекарасында адам өліміне де алып келген бірнеше оқиғалар орын алған болатын. Мамандар осындай тосқауыл шеп қою алдағы уақытта ондай оқиғалардың болмауына септігін тигізеді деп отыр.
XS
SM
MD
LG