Accessibility links

Тараз соты 5 жылға бас еркіндігінен айырған оппозиция белсендісінің уәждерін Жоғарғы сот негізсіз деп тапты


Дүйсенбі күні Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты, бұған дейін Тараз сотының үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылған, «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының Тараздық бөлімше белсендісі Әлібек Жұмабаевтың шағымын қарап, облыстық сот үкімін күшінде қалдырды. Былтыр президенттік сайлау науқаны кезінде оппозиция көсемі Жармахан Тұяқбайдың Жамбыл облысы бойынша сенімді өкілі болған Әлібек Жұмабаев 2005 жылы 25-қараша күні, президенттің билборд-суреттерін өртеді және тағы да басқа қылмыс жасады деген айыппен қамауға алынып, сотқа тартылған болатын. Оған келіспеген оппозиция белсенділері Жоғарғы сотқа шағымданған еді.

11-желтоқсанда Астанада Қазақстанның Жоғарғы соты Тараздық оппозиция белсендісі Әлібек Жұмабаевтың шағымын қанағаттандырмай тастады.

- Әлібекті бес жылға бас бостандығынан айыру туралы Жамбыл облыстық сот үкімі өз күшінде қалды. Бұдан кейін Әлібектің үкіміне шағым айтатын жер қалған жоқ елде. Сондықтан осы сот отырысына өзіміз келдік. Оның жақтаушысы Серікқали Мусин Әлібектің сот ісі жасанды екенін жеткілікті уәждермен негіздеп айтты. Бірақ, өкінішке орай, сот біздің уәждерімізге құлақ аспай, облыстық сот үкімін күшінде қалдырды. Бұл осы сот ісінің саяси астары бар екенін тағы көрсетті, - деді, дүйсенбі күні Астанада өткен Жоғарғы сот отырысына қатысып шыққан соң, «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосанов «Азаттық» радиосына.

Сонымен, Қазақстанда әділеттік іздеп шағымданатын басқа жер таппаған оппозиция өкілдері енді халықаралық сотқа жүгінеміз деп отыр.

- Бұған дейін біз облыстық деңгейдегі сот орындарына жүгінген болатынбыз. Бірақ, одан нәтиже болмады. Себебі, қазір Қазақстанда президенттік сайлауда заң бұзылу орын алғанын ұмытқысы келетін азаматтар бар. Билік те оны көп есіне алғысы келмей, «болған іс болды, бояуы сіңді» деп айтқысы келеді. Алайда, осы Әлібектің сот ісі Қазақстандағы президенттік сайлаудың қандай әділетсіздікпен өткенін айғақтайтын әрі билікке де, халықаралық қауымдастыққа да еске салып тұратын сот ісі болды деп есептейміз. Біз Әлібек үшін күресті тоқтатпаймыз. Қазір біз жеке тұлға ретінде халықаралық Страсбург сотына шағымданудың құқықтық жағдаяттарын зерттеп жатырмыз, - деді Ә.Қосанов.

Ал Жоғарғы сот баспасөз қызметінің айтуынша «Жоғарғы сот шағымданушы жақтың уәждерін негізсіз деп тапқалы себепті, облыстық сот шешімін өз күшінде қалдырған».

Қазақстанда былтыр өткен президенттік сайлауда біріккен оппозициядан сайлауға түскен Жармахан Тұяқбайдың Жамбыл облысы бойынша сенімді өкілі болған Әлібек Жұмабаев сол жылғы қарашада президенттің билборд-суреттерін өртеді, бұзақылық жасады деп айыпталып, қамауға алынған болатын. Бірақ оған кейініректе жаңадан басқа да айып тағылды.

- Біріншіден, ондай қылмыс орын алған жоқ, оны ойдан шығарылған сылтаумен айыптап отыр. Жаңа жылдан соң 10-шы қаңтарда амнистия туралы заң шыққан. Сол кезде оған 17-қаңтар күні айыптап отырған алғашқы екі бапқа тағы да қосымша ретінде 241-бапты тақты. Ол «халықты жаппай тәртіпсіздік пен бейберекеттікке үгіттеу» деген айып. Ал бұл бап бойынша соттағанда сот жазаға 4 жыл мен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы үкім шығара алады. Бұл бап амнистияға ілікпейді, - дейді Әлібек Жұмабаевтың сол кездегі жақтаушыларының бірі Дүйсенбек Баймаханов.

Оппозиция мүшелерінің айтуынша, былтырғы президенттік сайлау науқаны кезінде Тараздық Рахметов, Литвинов деген азаматтар президенттің жарнамалық билборд-портреттерін әр жерде өртеп, кейін олар өздері ҰҚК-тіне келіп, оған «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының Тараздық бөлімше белсендісі әрі сайлауда Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі болған Әлібек Жұмабаевтың қатысы бар деп шағым жасайды. Соның негізінде Ә.Жұмабаев абақтыға қамалып, кейін бес жылға сотталды.

Қазақстан азаматтарынан халықаралық Страсбург сотына шағымданған әзірге ешкім жоқ. Бірақ оған шағымданамыз дегендер қатарында, биылғы жылы ақпан айында жанындағы екі серігімен Алматыда қастандықпен өлтірілген оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек бар болатын.
XS
SM
MD
LG