Accessibility links

Қазақстанда тізгіні оң жақта орналасқан автокөліктерді пайдалануға қатысты тағы бір шешім кешікпей қабылданбақшы


Өткен жылдың соңында, яғни желтоқсан айының 28-і күні, Қазақстан үкіметі 2007 жылдың қаңтар айының 1-інен бастап тізгіні оң жақтан басқарылатын автокөліктерді Қазақстанға кіргізуге тиым салу жөнінде арнайы қаулы қабылдаған болатын. Ал қаңтардың 8-і күні Астанада Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің жол полициясы комитетінің төрағасы Өмірзақ Түсімов Қазақстанда оң жақта тізгіні бар 170 мыңдай автокөлік иелерін елең еткізерлік тағы бір мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, жол полициясы комитеті Қазақстанда тізгіні оң жақтағы автокөліктерді мінуге енді үш жылдан соң, яғни 2010 жылдың қаңтар айының 1-інен бастап тиым салу жөнінде үкіметке ұсыныс енгізіп қойған екен. Қазір үкіметтің қарауындағы осы ұсыныс негізінде көп кешікпей үкіметтің заң жобасы парламент талқылауына ұсынылмақ көрінеді.

Ө.Түсімовтың айтуынша, жыл сайын елде рулі оң жақтағы көліктердің жол қауіпсіздігін бұзу оқиғалары артып отыр екен. Мәселен, 2004 жылы оң жақта рулі бар көліктердің қатысуымен 111 жол оқиғасы орын алған болса, 2005 жылы 318, ал 2006 жылы 793 жол оқиғасы тіркеліпті. Осылардың салдарынан 356 адам қаза болып, 1710 адам жарақат алған. Сондықтан, ішкі істер министрлігінің рулі оң жақтағы көліктерді 2010 жылы қолданыстан шығару жөніндегі ұсынысы заңға қайшы келмейді дейді ол.

Алайда, оң жақтан басқарылатын автокөліктерге тиым салуға қарсы құрылған «Оңшылдар Одағы» атты ұйымның төрағасы Анатолий Ахметов 2007 жылдан бастап Қазақстанға оң жақтағы рулі бар автокөліктерді енгізуге тиым салу жөніндегі үкімет шешімі мен 2010 жылдан бастап тізгіні оң жақтан басқарылатын автокөліктерді мінуге тиым салу қажеттігі жөніндегі ішкі істер министрлігінің ұсынысын Қазақстан Конституциясына қайшы іс-әрекет деп бағалайды.

«Оңшылдар Одағы» алдағы ақпан айының 11-і күні Қазақстанда оң жақтан басқарылатын автокөліктерге тиым салғалы отырғанг үкімет шешімдеріне қатысты наразылық шеруін өткізуді жоспарлап отыр.

Бұған Қазақстанда бүгінгі күні оң жақтан басқарылатын автокөліктері бар, барлығы 117 мыңдай адам қамтылуы тиісті дейді ол.

«Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім оң жақтан басқарылатын автокөліктерге қатысты үкімет шешіміне өзінің таң қалып отырғанын айтады.

Егер үкімет бұл шешімді оу баста Қазақстанға осындай автокөліктерді әкелмей тұрып қабылдаған болса, онда ешқандай дау-дамай шықпас еді. Енді, міне, үкімет өз азаматтарының меншік құқығы мен конституциялық құқығына қарсы осындай шешімдерге барғалы отыр. Бұл - өте ұят іс, дейді Д.Көшім.

Ал «Әділетті Қазақстан үшін» қоғамдық қозғалысының бас хатшысы Әміржан Қосановтың пікірініше, егер Қазақстан үкіметі өз азаматтарының жол қауіпсіздігін ескеріп, оң жақтан басқарылатын автокөліктерді алдағы уақытта Қазақстанға әкелуге тиым салып отырса, онда ол шешімді құптауға болар еді, алайда Қазақстанда қазір жүріп жүрген 117 мың осындай көлік иесінің құқығын ескермей, оларды меншігінен заңсыз айыруға барса, ол – әділетті заң принципіне қарсы нәрсе болмақ.
XS
SM
MD
LG