Accessibility links

Отставкаға кеткен үкімет жұмысына қатардағы қазақстандықтар қандай баға береді?


Жаңа үкіметтің жұмысынан олар не күтеді? «Азаттық» cауалнамасына тартылған азаматтардың кейбірі отставкаға кеткен үкіметтің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға беріп, үкімет халық үшін жұмыс істеді десе, енді бірі бұл үкімет жұмысының ешқандай жаңалығы болған жоқ, дейді.

Алматы қаласының тұрғыны Жангелді Тілеубайұлы: «Отставкаға кеткен Даниал Ахметовтің үкіметі біраз шаруаларды тындырды. Осының алдындағы үкіметтің бастаған істерін жалғастырды. Мысалы, ауыл жылдары табысты өтті деп ойлаймын. Оны халықтың бүгінгі тұрмыс-тіршілігінен байқауға болады. Экономика өсті. Сын-ескертпелер аз айтылады. Бұл үкіметтің жалпы халық алдында алған міндеттерін дұрыс атқарғандығының белгісі болса керек. Жалпы қанағаттанарлық деген баға беруге болады. Алайда, бұл үкімет іске асыра алмаған, шешуін таппаған әлеуметтік маселелерде болды. Оған кезінде Семей сынақ алаңында зардап шеккен халықтың әлі күнге өтемақыларының төленбегендігін айтуға болады. Тек қана Семей емес басқа да экологиялық аймақтардың халқы сондай төлемақыға қол жеткізсе екен деп ойлаймын. Жастарға көмек, демографиялық ахуалды түзету үшін үкімет баспана мәселесіне көңіл бөлеміз деп айтып келеді. Бірақ нақты қолға алынған жоқ. Осы мәселелер ескерілсе екен», дейді.

Отставкаға кеткен үкіметтің халық үшін жасаған жұмысы аз болған жоқ, деген кейбір азаматтар үкіметтің атқарған жұмысын ешкім тартып ала қоймас, сондықтан олардың іске асыра алмаған міндеттері мен жіберген кемшіліктерін баса айтқанымыз жөн, дейді.

«Жалпы Ахметов үкіметінің жұмысын орташа деп бағалауға болады. Қарапайым халық үшін не істеді? Ауыл жылы деді. Ауыл жылына бөлінген қаржы діттеген жеріне жеткен жоқ. Ол жыл тек қаржы шашу жылы болды. Әр салада көптеген бағдарламалар қабылданды. Бірақ нәтижесі жоқ», дейді Жанпейіс есімді зейнеткер.

Бұл пікірді қолдайтын Нұрқасым есімді азамат: «Даниал Ахметовтің үкіметі ауыл адамдарының жағдайын мүлдем естен шығарып алды деуге болады. Халқымыздың жағдайының жақсарғаны шамалы. Ауыл халқы малын бағып, көкөнісін өсіріп күнін көріп отыр. Сол өсірген өнімін өз бағасына сата алмайды. Бұл бүгінгі күні ешкімді ойландырып отырған жоқ. Жаңа үкімет осы мәселеге назар аударса екен. Қарапайым шаруаға несие алу, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік берілсе халықтың жағдайы өзінен-өзі жақсарады деп ойлаймын», дейді.

«Даниал Ахметов үкіметінің атқарған жұмысының нәтижесін мен көріп тұрғаным жоқ. Не айтуға болады? Ауылда да, қалада да өзгерген ешнәрсе жоқ. Осы үкімет кезінде түрлі-түрлі тұрғын үй бағдарламасы қабылданды. Бірақ сол бағдарламаның жақсылығын кім көрді? Қайта керісінше болды. Шаңырақ, Бақайда азаматтар баспанасыз қалды», дейді Жанар есімді студент.

Ақылбек есімді азамат мұндай пікірмен мүлдем келіспейді.

«Үкімет қолынан келгенін халық үшін істеп жатыр. Жұмыс көздері ашылып жатыр. Бізден де төмен жағдайда өмір сүріп жатқан елдер бар. Бәрі бір-ақ күнде бола қоймайды. Жаңа үкіметке айтарымыз – ең бірінші, ауыл жағдайын көтеруді қолға алу керек. Ауыл жағдайы көтерілсе қаланың жағдайы өзінен-өзі көтеріледі», дейді Ақылбек.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, қаңтардың 8-і күні өткен үкіметтің отырысында республика үкімет басшысы Даниал Ахметов президенттің атына отставкаға кету туралы өтініш берген еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев үкімет басшысының отставкаға кету туралы өтінішін қабылдаған болатын.
XS
SM
MD
LG