Accessibility links

Қазақ журналисі Борат жайлы фильм АҚШ-та «Алтын глобус» жүлдесін жеңіп алды


«Алтын глобус» жүлдесіне ие болған британдық сайқымазақ Саша Коэннің «Борат» фильмін қазақстандық көрермен тек пираттық дисктерден ғана тамашалай алады. Батыста алғаш экранға шығысымен аз ғана уақыттың ішінде үлкен пайда түсірген бұл филбм Қазақстанның кинотеатрларында көрсетілмейді. Елдегі қара базарда фильмнің сапасыз көшірмесін 4 доллардан саудалап жатқан сатушылар өнімнің өтпей жатқандығына шағымданса, қазақстандық киносыншылар «Борат» фильміне өте төмен баға беріп отыр.

Британдық сайқымазақ Саша Барон Коэннің «Борат немесе Қазақстан халқының мәртебесі үшін Америкадағы мәдени зерттеулер» атты фильмі, Қазақстандағы бірқатар лауазым иелерінің сынына ұшыраған соң, «Гемини-фильм» компаниясы аталған туындыны Қазақстанда таратпау туралы шешім шығарған болатын. Алайда, қазақстандық көрермендер ол фильммен қарақшылық жолмен саудаланатын өнімдер арқылы танысуда. Фильмнің көшірмесі 500 теңге тұрады дейді, Алматыдағы базарлардың бірінде DVD дискілерін сатып тұрған Шахарбек есімді азамат.

- «Борат» фильмін сатып жатқаныма бір айға жуық уақыт болды. Алғашқы кезде қызығушылық танытып, сатып алушылар аз болған жоқ. Алайда, жаңа фильмдерді қарауға қайта соққанда, олар «Борат» фильміне қатысты теріс пікірін білдіріп жатады. Қазір бұл дискіге қызығушылар аз.

«Борат» фильмімен осындай дискілер арқылы танысқан қазақстандық көрермендердің бірқатары шығарма желісі шынайы өмірден алыс екендігін айрықша атап көрсетуде. Мұражай қызметкері Жәмила Нұрсейітқызының пікірінше, «Борат» фильмінде адамгершілік құндылықтарға жат дүниелер көп.

- Бұл фильмді қарап отырып, адамгершілікке жатпайтын дүниелермен танысуға мәжбүр болдым. Қазақтардың ежелгі өмірінде де мұнадай масқара жайттар болған емес. Мәселен, қазақтар дәрет алатын жеріне жуынбақ түгілі, ол жерге түкірмеген де. Бұл туындыны экранға шығарып отырған адамдар қайда қарап отыр екен!? Фильмдегі адамдар қазаққа ұқсамайды. Бізге тіпті жат дүниелер, - дейді «Борат» фильмін көріп отырып, ашына пікір білдірген Жәмила Нұрсейітқызы.

Қазақстандық киносыншылар да «Борат» фильміне теріс баға беріп отыр. Киносыншы Гүлнәр Әбікееваның пікірінше, бұл туындыны «Алтын глобусқа» ұсыну былай тұрсын, үлкен экрандарға шығарудың өзі ыңғайсыз.

- Статистикалық тұрғыдан келер болсақ, шығарма деңгейі өте төмен. Фильм сондай жағымсыз әзілдерден құралған. Осы киноны қарап отырып жұрттың күлкіге бататындығы мен үшін өкінішті дүние. Ал енді Саша Барон Коэннің «Алтын глобус» иегері атануын былай түсіндірген болар едім – фильм деректі шығарма ретінде түсірілген, бұл Голливуд сыншылары үшін жаңалық ретінде көрінсе керек. Бірақ, мен анайы күлкінің осыншама резонанс тудырғандығына түсіне алар емеспін, - дейді қазақстандық киносыншы Гүлнәр Әбікеева.

Бұған дейін Қазақстанның ресми тұлғалары «Борат» фильмінің әлемдік экрандарда көрсетілуіне өз наразылығын білдірген болатын. Алайда, осы шығарманың Америкадағы тұсаукесер салтанаты өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтондағы жұмыс сапарымен бір мезгілде өткізілді. АҚШ-тағы көрсетілімдерде «Борат» 26 миллион доллар жинағаны үшін табысты фильмдердің қатарына іліксе, британдық сайқымазақ Саша Барон Коэн 2006 жылдың қорытындысы бойынша «Алтын глобус» иегері атанды. Бұл сыйлық мәртебесі жағынан «Оскар» сыйлығынан кейінгі орынға ие.
XS
SM
MD
LG