Accessibility links

Еуразиялық Медиа Форумды ұйымдастырушы штабтар арасында идеологиялық келіспеушіліктер жеткілікті


Биыл сәуір айының 19-21 аралығында Алматыда өтетін Еуразиялық Медиа форумда әлемдік саясат тақырыбына арналатын пікірталастар жылдағыдан шиеленісті өтеді деп күтілуде. 30 қаңтар күні осы жайында мәлімдеген Еуразиялық Медиа форумның бас продюсері Владимир Рерих форумға дайындық барысында Алматы мен Лондондағы ұйымдастырушы штабтар арасында пікір қайшылықтары пайда болғанын жеткізді.

Еуразиялық Медиа форумның бас продюсері Владимир Рерих форумды ұйымдастырушы Алматы және Лондон штабтары арасындағы идеологиялық қайшылықтардың биылғы форум тақырыптарының біріне айналатын әлемдік саясатқа байланысты туғанын айтады. Оның пікірінше, 2006 жылы әлемде орын алған және орын алып отырған оқиғаларға қатысты екі жақтың әдістемелері бір-бірінен мүлде алшақтап кеткен.

- Өзге штабтар форум бағдарламасына қарсылықтарын білдірмеді. Негізгі түсінбестік Лондон мен Алматыдағылар арасында жүріп жатыр. Соңғы кездері әлемдік саясаттың принциптері мен тәсілдері адамгершілікке қарсы сипатқа ие бола бастағаны айқындалып келеді. Әсіресе, діни мейрамдар қарсаңында Саддам Хусейнді ортағасырлық тәсілмен дарға асу бүкіл толеранттықты тауысты. Мысалы, біз Сомалиді бомбалау, шейіттер мен сүнниттер арасындағы қақтығыстар, Джордж Буштың халықаралық қауымдастықтың сөздеріне құлақ аспауы сияқты мәселелерге қатаң тұжырымдама жасап, биылғы форум лейтмотивы етіп «Әлемдік саясаттың құралдары мен тәсілдерінің дегуманизациялануы» деп алдық. Ал Лондондағылар бұған келіспей отыр. Олар біздің тұжырымымызды саяси мәдениеттілікке келмейтінін айтады, - дейді Владимир Рерих.

Қазақстандық саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек болса, Еуразиялық Медиа форум ішінде болатын осындай түсінбестіктер мүдделер қайшылығы мен стереотиптерден туады деген пікір білдіреді.

- Әр елдің өзінше бір түсінігі болады ғой. Әсіресе ұлтаралық қатынастарда қатып қалған стереотиптер бар. Мысалы, Еуропа Ресейге және бұрынғы Кеңес Одағынан шыққан елдерге үнемі артта қалған елдер деп қарайды. Әр елдің, халықтың ойлау жүйесі ерекше. Мысалы, біз үшін қалыпты көрінетін жағдайлар оларға дөрекі болып көрінуі мүмкін. Сондықтан, олар мысалы бізді түсіне бермейді. Мұны өркениеттердің арасындағы қарама-қайшылық деп айтуға болады, - дейді Шәріпбек Әмірбек.

Еуразиялық Медиа форумының бас директоры Лариса Пак осындай қайшылықтарға қарамастан форум бағдарламасының дайын болып қалғанын айтады.

- Форумда әлемдік саясаттың құралдары мен тәсілдерінің дегуманизациялануынан басқа, Еуразияның қауіпсіздігі, ядролық бағдарлама тақырыптарын, сондай-ақ Ресейдің Украина мен Грузия арасындағы қарым-қатнастарын да талқыға салмақпыз. Қазақстанның Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық ету мәселесі де күн тәртібіне қойылады. Форумның соңғы күнінде Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының жағдайына да тоқталамыз, - деді Лариса Пак.

Сондай-ақ, форумды ұйымдастыршылар Еуразиялық Медиа форумға қатысушылардың алдын-ала тізімін де жария етті. Олар Украинадан Савик Шустер, Ресейден Владимир Соловьев, Сергей Брилев, АҚШ-тан Риз Хан сияқты танымал тележүргізушілерді шақырған. Ал шетелдік қонақтардың қатарында белгілі саясаткерлер Мұхамет Хатами, Евгений Примаков және саясаттанушы Сергей Кара-Мурза да бар.

2002 жылдан бастап жыл сайын шақыртылып келе жатқан Еуразиялық Медиа форумның мақсаты Еуразияның бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби дамуын қолдап, Еуразия өңірінің өркендеу ерекшеліктері, Еуразия ақпарат кеңістігінің қазіргі медиадағы өзгерістердің ықпалымен трансформациялануы және бүгінгі ахуалы туралы ақпарат тарату, ғаламдық даму үрдісінде Еуразия құрылығының орны мен рөлі секілді мәселелер бойынша сұхбат аясын кеңейтіп, бастама көтеру. Коммерциялық емес бейресми болып құрылған Еуразиялық Медиа Форум Қорының Мәскеу, Лондон және Гонконгта өкілдері бар.
XS
SM
MD
LG