Accessibility links

Жаңа президент Түркменстан қоғамына демократиялық өзгерістер әкеле ме?


Қазақстан саясаткерлері мен саяси сарапшылары Түркменстандағы 11 ақпанда өтетін президенттік сайлау - қазір президенттің қызметін уақытша атқарып отырған Құрбанқұл Бердімұхаммедовтың пайдасына алдын-ала шешіліп қойылған деген болжам айтып отыр. Сонымен қатар, кейбір сарапшылар, Түркменстандағы жаңа сайланған президент қоғамды демократияландыру бағытына аздап болса да бет бұрады десе, тағы бір сарапшылар бұл салада ешқандай алға жылжушылық болмайды деп санайды. Сондай-ақ, Қазақстандық саяси сарапшылар Түркменстан сыртқы саясатта бұрынғыдай бейтараптық саясатын жүргізе бермек деген пікір білдірді.

Түркпен халқы өмірлік президент етіп тағайындаса да, Түркменстанды 21 жыл басқарған Сапармұрад Ниязов 2009 жылға қарай елде президенттік сайлау болады деп айтқан еді, бірақ өзі оған жетпей, былтыр, 21-желтоқсанда кенеттен қаза болды да, елде таққа талас басталғандай болды. Десе де, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының маманы Константин Сыроежкин ешқандай да талас болмағанын айтады.

«Ол жақта ешқандай да талас болған жоқ. Ол жерде Бердымұхаммедов президент болып сайланатыны – бірден оның Ниязовты жерлеу комиссиясын басқарғаннан-ақ белгілі болды. Және одан басқа ешкім де жоқ», - дейді К.Сыроежкин.

Алайда, бірқатар сарапшылар өзгедей пікір білдірді.

«Түркменстандағы жағдай - айтарлықтай ерекше жағдай емес. Ол жердегі ахуал Түркиядағыдай өрбіп - ол аймақта Түркияның ықпалы өте күшті - билікті әскерилер алды да, енді олар азаматтық үкіметке бермекші. Және әскерилер Құрбанқұлы Бердімұхаммедовты билікке ыңғайлы деп тапты», - дейді «Мир Евразии» журналының редакторы Эдуард Полетаев.

Сонымен қатар ол Түркменстанда Сапармұрат Ниязовтан мұра ретінде «қоғамдық санадағы үрей» қалғанын айтады.

«Ол елдегі зиялы қауым не билік басындағыларда да бедел жоқ. Мысалы, Түркменбасы заманында 131 министр мен вице-министрлер орнынан алынып, не қамалып, не шетелге қашып кетіп жатты. Сондықтан билік кімге дауыс бер десе – халық соған дауыс беруге дайын. Ол жердегі сайлауда әкімшілік ресурстарды пайдаланудың еш қажеттігі де жоқ», - дейді сарапшы Полетаев.

Түркменбасының қазасынан кейін елде әскерилер шұғыл түрде билікті алған еді. Конституция бойынша, Түркменстанда орын алғандай төтенше жағдайда президенттің міндеті парламент төрағасы Овезгелді Атаевқа өтуі керек болатын. Бірақ, Түркменбасы қайтыс болғаны хабарланған күні, елдің бас прокуратурасы Атаевқа қарсы қылмыстық іс қозғап, оны орнынан алды да, елдің қауіпсіздік кеңесі президент міндетін уақытша атқаруды үкіметтің вице-премьері Құбанқұлы Бердімұхаммедовке жүктеді. Ол кезде Конституция бойынша президенттің міндетін уақытша атқарушы президенттікке үміткер ретінде сайлауға түсе алмайтын.

Алайда, Халық мәслихаты шұғыл мәжіліс өткізіп, Конституцияға өзгертулер енгізуінің арқасында Бердімұхаммедов өзін президенттікке ұсыну құқығына ие болды.

49 жасар Бердімұхаммедовты Түркменбасы 1997 жылы денсаулық сақтау министрі етіп тағайындаған болатын. Соңғы 5 жылда елдің премьер-министрі қызметін атқарған Бердімұхаммедов үлкен саяси сахнада былтырғы Минскіде өткен ТМД басшыларының кездесуінде көрініп қалған еді.

«Азаттық» радиосына берген сұхбатында Қазақстандық саяси сарапшылар мен саясаткерлерідің бәрі де бір ауыздан Түркменстан президенті осы Бердімұхаммедов болады деген болжам айтып отыр.

Қазақстандағы жалпыұлттық социал-демократиялық партия көсемі Жармахан Тұяқбай, «талай жыл тоталитарлық басқаруда болған Түркменстаннан президенттік сайлауда демократиялық ашықтық, сайлау әділдігі дегенді күту ерте» екенін айтады.

«Түркменстандағы сайлау алдындағы саяси ахуал қарап, бұл мемлекетте осы жолы демократиялық жолмен сайлау болады деген, нағыз бәсеке болады деген үміт болмауы керек. Болуы да мүмкін емес, себебі, кеңестік тоталитарлық жүйеден Түркменстан тәуелсіздік алғаннан бастап ол елде демократияның өзі тұрмақ нышаны да іс жүзінде тексеріліп көрмеген. Сондықтан, билік басындағы кландардың өзара келісімі арқасында осы сайлауға түсіп отырған Бердімұхаммедовтың толық жеңіске жететініне ешқандай күмән жоқ», - деді Ж.Тұяқбай.

Президенттікке үміткерлер қатарында Бердімұхаммедовтен басқа тағы бес адам тіркелген. Олар: Мұнай-газ өнеркәсібі министрінің орынбасары - Ишанқұлы Нуриев, Абадан қаласының әкімі Оразмұрат Қаражаев, Түркменбасы қаласының әкімі Әшірнияз Помманов, Дашауыз облыстық әкім орынбасары Амманияз Атажіков, Лебап облысының Қарабекұлы аудандық әкімі Мұхаммедназар Құрбанов.

Алайда, Жармахан Тұяқбай мырза, бұл аталған үміткерлер - сән үшін тіркелгендер деп санайды.

«Балама үміткер болып сайлауға түсіп жатқан басқа тұлғалардың барлығы президент түгілі елдің бір өлкесін, аймақты басқаруға шамасы келмейді. Сондықтан бұл жерде балама үміткерлерді сайлауға қатыстыру – ол әдейі жасалып отырған нәрсе. Сырт көзге «баламалы сайлау» өткіздік деп, шын мәнінде бәрін өздері келісіп, жоғарыдан шешкен кандидатурасын өткізу мақсатында жасалып отырған нәрсе», - дейді Тұяқбай мырза.

Енді осы үміткерлердің бағдарламаларының кейбір тұстарына қысқаша тоқталсақ.

Негізгі үміткер Бердімұхаммедов: «егер мен президент болсам, зейнеткерлік реформа жүргізіп, есірткіге қарсы күресті күшейтемін» деп уәде беріп отыр. Байқап қарар болса, Түркменбасы заманында нашақорлыққа қарсы күрес тұрмақ, ондай келеңсіздік қоғамда бар екенін ашық айтуға тыйым салынған болатын. Одан басқа ол 10 жылдық жалпы білім беру, жастардың шетелде білім алуына жол ашу сияқты бірқатар ұсыныстар айтады.

Мұнай-газ өнеркәсібі министрінің орынбасары Ишанқұлы Нуриев «елде ақшаны еркін валютаға айырбастау мүмкіндігін орнатамын» десе, аудандық әкім Құрбанов мырза, тіпті, «елде демократияны нығайтып, тәртіп пен заң орнығуына күш саламын» дейді. Байқасаңыздар, Ниязов дәуірінде мұндай сөздерді оның өзі ғана айта алатын. Ал басқа үміткерлер «елде арзан тұрғын үй саламын, орта-шағын бизнесті дамытамын, елдің интернетке қосылуына мүмкіндік жасаймын», тіпті «ұялы телефон байланысын енгіземін» деген сияқты уәделерін беріп жатыр. Ал енді осы уәделік бағдарламаларға зер салып, байыппен қарасаңыз, барлық үміткерлер де «бұдан ары қарай қазіргідей өмір сүруге болмайды» деп мойындап тұрғандай...

Сонымен, Түркменстан президенті кім болатыны белгілі дейік. Ал сайлаудан соң елдегі ішкі-сыртқы саясатта қандай өзгерістерді күтуге болады? Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының көсемі Жармахан Тұяқбай:

«Әрине, қазіргі тұлға қандай адам екенін толық білу өте қиын. Бірақ, менің ойымша, ол екінші Сапармұрат Ниязов бола алмайды. Біріншіден, оның халық арасындағы беделі мен ықпалын есептесек, екіншіден, ол бәрібір ертең елде демократиялық өзгерістер жасамаса, ары қарай да ол оқшауланып, басқа елдердің сынына ұшырайтынын жақсы біледі. Сондықтан, ол қаншалықты терең демократиялық қадамдар жасайтыны – ол басқа мәселе, бірақ, мен ол демократиялық қадамдар жасайтынына сенімім мол», - деген пікірін білдірді.

Алайда, бұл айтылғандармен келіспейтіндер де бар. Алматыдағы Адам хұқықтарын қорғау және заңдылықтың сақталуын қадағалау жөніндегі халықаралық бюро жетекшісі Евгений Жовтис қоғамды демократияландыру бағытында Түркменстаннан әзірге ешқандай да нақты қадам күтуге болмайды деп санайды.

«Себебі, ол елде либералды не демократиялық күштер, не құндылық түріндегі қоғамдық сана атымен жоқ. Ол дегеніңіз - күшті арнайы қызметі бар полициялық, қаласаңыз, кеңестік дәуірдегідей не Солтүстік Корея сияқты мемлекет қой! Ал аздаған өзгерістер - әшейін көзбояушылық деңгейде ғана болмақ», - дейді Жовтис.

Қазақстандық тағы бір саяси сарапшы, Тәуекелді зерттеу орталығының директоры Досым Сәтпаев жаңа президент Түркменстанның бейтараптық сыртқы саясатына ешқандай өзгерістер әкелмейді деп отыр.

«Елдегі ішкі саясат бұрынғыға қарағанда жұмсақтау болады да, назардың негізгі бөлігі елдегі әлеуметтік жағдайды жақсартуға аударылады. Сонымен қатар, саяси ахуалға бақылауды да жоғалтпай оған әскери құрылымдарды да жұмылдырып отыруы әбден мүмкін», - дейді сарапшы Д.Сәтпаев.
XS
SM
MD
LG