Accessibility links

Таразда облыстық сот мүшесі өзіне жала жапты деп, журналисті сотқа берді


Ақпанның 9-ы күні Тараздағы №2 қалалық сотта «Экспресс К» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі Галина Выборноваға қарсы қозғалған қылмыстық іс бойынша сот мәжілісі басталды. Журналисті Жамбыл облыстық сотының төрешісі Болат Беріков «маған жала жапты және ар-намысыма тиді» деп сотқа берген. Оған үстіміздегі жылдың қаңтар айында Галина Выборнованың Тараздағы қылмыс әлеміне қатысты жазған мақаласы себеп болған.

Жамбыл облыстық сотының судьясы Болат Беріковтің жергілікті журналисті қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде шағым түсіруіне, Галина Выборнованың «Тараз: бандиты торжествуют» атты мақаласында қылмыс әлемінде аттары шыққан қылмыстық топтың ісіне байланысты келтірілген деректер себеп болған. Онда тараздық журналист өз қолына түскен бір видео-таспада Тараздағы бір моншада әлдекімнің туған күнін тойлап отырған топтың арасында облыстық соттың төрешісі Болат Беріковке ұқсас адамның қылмыс әлемінің өкілдерімен бірге көңіл көтеріп отырған сәті бейнеленгенін жазған-ды.

Осы жағдайға байланысты бейсенбі күні телефон арқылы «Азаттық» радиосының сұрағына берген жауабында, Жамбыл облыстық сотының судьясы Болат Беріков бұл жерде өзіне қатысты «Экспресс К» газетінің тілшісі шындыққа сай келмейтін ақпарат таратты деп уәж айтты. Сол себепті судья заң шеңберінде өзінің ар-намысын қорғау мақсатында сотқа шағым түсіргенін айтады.

«Видео-кассетаны ІІД арқылы алдырып осында бәріміз көрдік. Мен ол жерде бандиттермен «сауна-бордельде» емес, күнделікті тамақ ішетін қызметтік асханада жора-жолдастарыммен бірге отбасыммен отырмын. Ол жерде қайсы бандит, қайсысы жай адам екенін ол қайдан біледі? Өйткені, ешкімнің шекесінде «бандит» деп жазылып тұрған жоқ», - дейді Болат Беріков.

Ал қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқан журналист Галина Выборнова өзіне тағылған айыппен келіспейді.

«Судья Болат Беріков өзінің шағымында атап көрсеткеніндей, жанұялық жолдасы санайтын кәсіпкердің туған күн кешінде олармен бірге қылмыс әлемінің серкелері де болғандығы қолымызда бар видео кассетада бейнеленген. Оны ешкім жоққа шығара алмайды», - дейді журналист.

Бейсенбі күні басталған алғашқы сот отырысына жәбірленуші Болат Беріков келмей, оның мүддесін адвокаты қорғады. Бұл отырыста екі тарап та бірқатар өтініштер түсірді. Айыпталушы Галина Выборнова өздерінің келесі сот процесіне жәбірленуші Болат Беріков пен куәгерлерді шақыру, қылмыстық істің қозғалуына негізі себеп болған видео-кассетаны көру туралы өтініштер түсірді. Іске төрелік еткен қалалық соттың судьясы бұл өтініштерді қанағаттандыруды ұйғарды.

«Келесі сот отырысында жәбірленуші Болат Беріковпен жүздесіп, онымен тілдесетін шығармыз деп үміттеніп отырмыз», - деді Галина Выборнова «Азаттық» тілшісіне.

Ал жәбірленуші - облыстық соттың судьясы Болат Беріков өзінің сот процесіне қатыспағандығын былайша түсіндірді:

«Сотқа менің адвокатым қатысып жатыр. Өзім сот процесіне қандай да бір қысым болмасын деп барғаным жоқ».

Қазақстандағы бірқатар қоғамдық ұйымдар бұл істі биліктің көлеңкелі тұстары жөнінде сындарлы мақала жазатын журналиске қысым жасау әрекеті деп бағалап отыр.

«Галина Выборнова – тек Жамбыл өңіріне ғана емес, бүкіл Қазақстанға танымал журналист. Ол өзінің қарапайым халықтың мүддесін қорғау жолында жазған мақалалары арқылы танымал болды. Әрқашанда батыл жазады. Өкінішке орай, сот арқылы оның аузын жабуға жасалған бұл бірінші әрекет емес. Облыстық сот төрешісінің журналисті сотқа бергендігінің өзі айтуға қиын.Ол әрқашанда сыннан жоғары тұруы керек . Біз бұл жағдайды сөз бостандығына жасалған қуғын ретінде бағалаймыз», - деді Қазақстанда сөз бостандығын қорғайтын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева.

Ал Тараздағы соттың мәжілісі келесі аптаның сейсенбісі күні жалғасатын болды.
XS
SM
MD
LG