Accessibility links

Президенттің үлкен күйеу баласы жұртшылық сауалдарына жауап берді


Президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы, жақында ғана Қазақстанның Австрия елі мен ОБСЕ ұйымындағы елшісі қызметіне екінші рет қайтадан тағайындалған Рахат Әлиев өзіне Интернет арқылы қойылған сауалдарға жауап берді. Алайда, оның берген жауаптарына қарсы пікірлер де естіліп жатыр.

Осы аптаның басында «Рахат Әлиев интернет арқылы оқырман сауалдарына жауап бермек» деген ақпарат тарасымен, сауалдар сайттарға ағыла бастаған-ды.

Ақпанның 22-күні Kazakhstan today ақпарат агенттінің сайтында Рахат Әлиевтің жауаптары жарияланды. Онда Әлиев өзінің қант бизнесін қалай бастағаны, соңғы бірнеше айдың көлемінде елдегі бірқатар ақпарат құралдарының акцияларын сатып алғаны жайында, футбол, саясат туралы баяндапты.

Алматыдағы «Альтернатива» атты өзекті мәселелерді зерттеу орталығының сарапшысы Берік Барлыбаев Рахат Әлиевтің осы сұхбатты өткізгенде мақсаты жөнінде келесідей топшылау айтады:

«Сұқбаттан алған әсер – көптеген сауалдарға өте сақтықпен, алып-қашып, орағытып берген жауаптарға қарап, сұхбаттың екі мақсаты бар ма деген ойға қаласыз. Біріншісі, өзі туралы алып-қашпа әңгімелер негізсіз екенін көпшілікке көрсеткісі келсе, екіншісі, өзінің әлі де үлкен саясаттан кете қоймағандығын мұндағыларға сездіргісі келген секілді. Білесіз бе, осындай әдіспен елден шеттетілген саясаткер мұндағыларға былайша айтқанда қыр көрсеткендей, әйтеуір бір ақпарат құралдары арқылы үнін көпшілікке естіртіп қалғысы келетін әдеттері бар емес пе, бұл да солай етті деп ойлаймын. Бірақ, ол осы екі мақсатына да жете алмаған сияқты».

Қазақстандық оппозиция өкілі Әміржан Қосанов болса, бұл сұхбатты ойын деп бағалап отыр.

«Оның бәрі - ойын, спектакль екенін жұрттың барлығы біледі. Біз бұл жерде сол отбасының ең үлкен мүшесінің жауапкершілігі туралы айтуымыз керек. Неліктен дәл осы азаматтардың өздерін жер мен көкке сиғызбай мақтауына, өздерінің қалай бизнеспен айналысқаны жайлы, қалай мемлекеттік қызметке араласқаны туралы мақтаңгершілікке неліктен жол берілді? Оның бәріне жол берген бір адам... Мен, мысалы, жеке басым мынадай сауал қояр едім: кезінде экс-премьер Әкежан Қажыгелдин оппозицияға кеткенде оның оққағарлары – Петр Афанасенко мен Сәтжан Ибраевты соттағанда, сол жігіттер сол іске Рахат Әлиевтың өзі тікелей араласқаны жөніндегі айтқандарына не жауап берер едіңіз? Бірақ, оның бәрі де, және қазіргі қойылған сұрақтардың көбі жауапсыз қалады... Бәрібір, тарих оған болсын, оның атасына болсын - қойылған сұрақтарға жауап береді. Оған тек уақыт керек, шыдам керек және әділеттілік жолында күрес керек».

Рахат Әлиевке қойылған сауалдар арасында «Нағыз Ақ жол» партиясы басшыларының бірі Болат Әбілов туралы да сауалдар бар еді. Оған Әлиев мырза берген жауабында Әбіловті өз басы жақсы танитындығын, кезінде онымен достық қарым-қатынаста болғанын, ал Әбілов көпшілікке кезінде Ұлттық банктен арзан ақша алып, одан кейін теледидарда шоумен болуымен ғана танылған, отандық футболға қатысты қоғамдық жұмысты да аяғына жеткізіп атқармаған адам ретінде сипаттапты. Ал Болаттың өзі бұған келіспейтіндігін айтып отыр.

«Біріншіден, біз Рахат Әлиевті жақсы білеміз ғой, ол шындықты ешқашан да айтпайды. Оның бизнес туралы, қант туралы, футбол туралы айтқандары дұрыс емес, көп жерінде алдаған. Футбол туралы маған қатысты айтқандары, тіпті өтірік. Әлгі төрешілер алқасын басқаруға мені тағайындадым дейді ғой. Біріншіден, мен өзім футболда Құралбек Ордабаев жетекшілік еткен кезде Футбол одағында төрешілер комитетін басқардым. Содан кейін екі жылдан соң Рахат футболға келді. Сондықтан, оның маған ешқандай қатынасы жоқ. Онымен мен жолдас та болған жоқпын. Екіншіден, кредит туралы қайтармаған деп айтқандары да өтірік. Менің ешқандай қарызым жоқ.».

Көпшілік арасында «Хабар» агенттігі Дариғаға бағынышты арна деген әңгіме Қазақстан қоғамында көптен айтылып жүр. Бірақ, кезінде осындай сөзі үшін марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлын «Хабар» сотқа беріп, одан 1 миллион теңге айыппұл өндіріп алған еді. Әлиев мырза «Хабар», Kazakhstan today, КТК, Караван секілді Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарын былтырғы желтоқсан айында иеленгенін айтыпты. Болат Әбілов болса, бұны шындыққа жанаспайды дейді.

«Біз білеміз, Хабарды олар 1995-1996 жылдары алған. Ал КТК мен Караванды 1998-1999 жылдары, анау Гиллерді қыспаққа алып жүріп, алды ғой. Ол ақыры елден кетті. «Халық-банктен» 15 миллион доллар кредит алып, соған КТК мен Караванды сатып алды. Бірақ, ол кредит әлі төленген жоқ. «Хабарға» да ешкім ақша төлеген жоқ. Енді келіп, мен өзім жасадым, аштым деп тағы алдап жатыр. Қазір мүлікті заңдастыру жүріп жатыр ғой, сол желтоқсан айында ол басқа адамдардың атына жазылғандарын өздерінің атына аударып жазған ғой. Ол заңның неге керек екенін енді түсініп жатырмыз. Сол биліктегілердің жасырын мүліктерін, Рахат пен Дариғаның заттарын заңдастыру үшін керек болған да. «Хабар» мен КТК да басқалардың атында болып, енді өздерінің атына жаздырып жатыр», - деген өз болжамын айтады Б.Әбілов.

Қазақстандық көпшілік Президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі Рахат Әлиевтің Венаға екінші рет елші болып тағайындалып кеткеніне елеңдесіп қалған еді. Бірінші рет Венаға кетуі 2001 жылғы «жас түріктер» дүрбелеңімен қатар келсе, бұл жолы «Нұрбанк» төңірегіндегі даудан соң іле-шала тағайындалуы көпшілік арасында әртүрлі алыпқашпа қауесетті тудырды.
XS
SM
MD
LG