Accessibility links

Қазақстан президентінің қызы мен күйеу баласы миллиардерлер тізімінде аталды


Америкалық Forbes журналы 2006 жылдың қорытындысы бойынша әлемдегі миллиардерлердің есімдерін жариялады. Осы тізімде Қазақстан президентінің ортаншы қызы Динара Құлыбаева елдегі ең алғашқы миллиардер әйел атанса, оның күйеуі Тимур Құлыбаев және «Казкоммерцбанк» төрағасы Нұржан Субханбердин елдегі миллиардерлер санын жетеуге жеткізіп отыр.

Апталық Forbes басылымының дәстүрлі 20-шы тізіміне әлемнің 946 миллиардерінің есімі ілігіпті. «Қазақмыс» корпорациясының басшысы Владимир Ким 5,5 миллиард доллар қаржысымен 142-ші сатыға орныққан. Ал әрқайсысының 2,1 миллиарды бар Динара және Тимур Құлыбаевтар ә дегеннен алғашқы бесжүздікке ілігіп, 458-орынға жайғасыпты. Есімдері бұған дейін де миллиардер ретінде аталып жүрген Александр Машкевич, Патох Шодиев және Әлімжан Ибрагимовтар 1 миллиард 900 миллион доллармен 538-шы сатыны өзара бөлісіп тұр. Қазақстандық миллиардерлердің жетілігін 1 жарым миллиардымен «Казкоммерцбанк» төрағасы Нұржан Субханбердин қорытындылайды.

Forbes апталығының осының алдындағы, яғни 2005 жылдың қортынды мәліметімен салыстыратын болсақ, бұл жолы Қазақстандағы ең бай бай адам - Владимир Ким мырзаның табысы екі есеге өскендігін байқауға болады. Ал Машкевич, Шодиев және Ибрагимовтардың қаржылары сол деңгейде сақталыпты. Қалған миллиардерлердің қанша ақшасы бар екендігін жұртшылық енді ғана біліп отыр. Осылайша Forbes журналы бір жылдың ішінде ғана Қазақстандағы үш «жаңа» миллиардермен таныстырды. Өткен жылғы тізімде қазақстандық миллиардерлер төртеу болатын.

Қазақстандағы бірқатар сарапшылар елде миллиардерлер саны алдағы жылдары да көбейе түсетіндігін екенін айтса, тағы бірі бұл процесті тежейтін фактор бар екендігін алға тартады. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың пікірінше, Қазақстанда миллиардерлер тізіміне кіруге бата алмай тұрғандар да бар.

- Миллиард – паразиттік капитал - пара мен туысқандық байланыстар арқылы басталып, заң бұзумен жиналған ақшалар. Менің ойымша, ендігі жылы миллиардерлер қатарына тағы бір-екі адам қосылады. Жалпы, бар байлықтың жарияланғаны дұрыс. Оларды кейін тартып алуға тырыспау керек, Нұрекең [Н.Назарбаев] кеткен соң. Әлі де бір-екілі миллиардер тізімге кіруге бата алмай тұр. Менің ойымша, дәулетті адамдар Қазақстанда бар. Олардың қатарында Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиев, Болат Өтемұратов және Әділбек Жақсыбеков болуы мүмкін, - дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.

Алайда, Жалпы проблемаларды талдау орталығы директорының орынбасары, экономист Қанат Берентаев болса келесі жылы миллиардерлер саны биылғыдай көбейеді дегенге қосылмайды.

- Қазақстанда миллиардерлердің көбеюіне не себеп дейтін болсақ, онда халық арасында табыстың әділетсіз бөлінісі туралы айтпасқа болмайды. Жаңа миллиардерлердің «шіріген байға» айналуы да мемлекеттік меншікті жекешелендіру процесінің дұрыс жүргізілмегендігінің көрінісі. Олардың ақшалары заң алдында легитимді болғанымен, халықтың алдында заңдық күші жоқ. Осы фактор Қазақстанда жаңа миллиардерлердің көбеюін тежеп тұрған секілді, - дейді экономист Қанат Берентаев.

Сонымен қатар, сарапшылар миллиардерлер тізіміне Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы мен күйеу баласының бірге енуін де назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Бұл жағдайдан «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев «негатив» көріп отыр.

- Журналдың тізімінде келтірілген қазақстандық миллиардерлердің көпшілігі отандық экономиканың дамуына үлесін қосып жатса, оны біз мақтанышпен айта алар едік. Екінші жағынан, Forbes басылымының мәліметтері қаншалықты шындыққа сай келетіндігін айту қиын. Мәселен, белгілі бір саяси немесе іскер топтың аталған журнал арқылы қоғамда позитивтік немесе негативтік ой туғызуды көздеуі мүмкін ғой. Бірақ, бұл ақпараттың негативтік маңызы басым ба деп ойлаймын, - дейді саясаттанушы Андрей Чеботарев.

1996 жылы «Файненшл таймс» газетінің Қазақстан президенті Н. Назарбаевты әлемдегі ең бай 25 адамның қатарына жатқызуы – қоғамда түрлі қайшы пікірлер туғызған болатын. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін кімнің қанша қаржысы бары халықтан жасырын болмауы керек деп санайды экономист Қанат Берентаев.

- Мұндай мәліметтер жергілікті тұрғындар үшін белгісіз. Егер бір компания өзінің акцияларын батыс елдерінің қор биржаларына шығаратын болса, онда ол өзінің қаржы операциялары мен компанияның меншік иесі туралы толық мәліметті беруі тиіс. Соған сәйкес, батыстағыларға кәсіпкерге қандай компаниялар тиесілі екендігін анықтап, оның жеке байлығы қанша тұратындығын бағаға шағып беру қиын тірлік емес, - дейді экономист.

1987 жылдан бері әлемдегі миллиардерлер туралы мәліметті дәстүрлі жариялап келе жатқан Forbes журналының тізіміне қазақстандық миллиардерлердің есімі алғаш рет 2005 жылы енген болатын. Ал жер бетіндегі миллиардерлер көшін 13 жыл бойы қатарынан америкалық Билл Гейтс бастап келеді. Forbes журналының мәліметі бойынша, қазір оның байлығы 56 миллиард долларды құрайды екен.
XS
SM
MD
LG