Accessibility links

Қазақ-өзбек шекарасында атылған оқтан бір адам қаза тапты


Қазақстан шекара қызметінің бөлім бастығы полковник Олег Нұртазин 16 сәуір күні Оңтүстік Қазақстандағы «Қақпақ» шекара бекетінің маңында Қазақстан шекарашыларының оғынан Өзбекстанның 36 жасар азаматшасы қаза болғанын сейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында растады. Қазір осы оқиғаға қатысты Қазақстанның екі шекарашысы тергеу-тексеру астында. Мамандар әзірге бұл қазаның жазатайым болғанын, не шекара бұзушыны тоқтату барысында орын алғанын айту ерте дейді.

Қазақстан -Өзбекстан шекарасындағы орын алған осы тосын оқиға жайлы кейбір интернет сайттарда Қазақстан шекарашыларының мемлекеттік шекарада күзет қызметі кезінде мас болғандығы және олар алдымен аспанға бір оқ атып, кейін Қазақстан территориясында орналасқан қамыстан жасалған қораға екі оқ атқандығы жазылыпты. Соның салдарынан басына оқ тиген Өзбекстан азаматшасы сол жерде қаза болғаны айтылған. Осы оқиғаға байланысты «Азаттық» тілшісі сәуірдің 17-күні Сарыағаштағы «Оңтүстік» аймақтық шекара басқарма бастығының орынбасары, полковник Эрик Росляковпен байланысып, болған оқиғаның мән-жайын сұраған еді.

«Сарыағаш шекара бөлімшесінің «Қақпақ» отрядында 16-сәуір күні шекара күзетіне кіші сержант Байменов пен қатардағы жауынгер Ташматов шыққан. Және де автоматтан кездейсоқ атылған оқ Өзбекстан азаматшасының басына тиіп, ол қаза болған. Бұл оқиға жайлы тиісті құқық органдарына хабарланып, олар қазір тергеу-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бәлкім, шекарашылар шынымен мас болған шығар, бірақ оның анық-қанығы тексеру барысында анықталмақ», - деп жауап берді полковник Эрик Росляков.

Астанадағы Қазақстан шекара қызметінің басқарма жетекшісі, полковник Олег Нұртазин де қазақ-өзбек шекарасында болған төтенше оқиғада адам қазасы болғанын растады.

«Рас, ондай оқиға орын алды. Оқ тиюі себепті Қазақстан территориясындағы шекара маңында егіндікпен айналысып жүрген және сол жерде тұратын Өзбекстан азаматшасы қаза тапты. Осы оқиғаға байланысты қазір тексеру жүріп жатыр, сондықтан, әзірге бұл оқиға жазатайым болғанын, не шекара бұзушыларды тоқтату барысында орын алғанын, не тентектікпен болғанын мен айта алмаймын. Күте тұрайық», - деді полковник Олег Нұртазин.

Шекара қызметкерлерінің берген осы сараң ақпараттарында айтылған әлгі қаза болған Өзбекстан азаматшасы Қазақстан аумағында қандай мақсатпен жүрген деген сауал әзірге жауапсыз қалып отыр.

Қазақстан-Өзбекстан шекарасында бұған дейін де шекарашылардың оғынан кісі өлімі болған еді.
XS
SM
MD
LG