Accessibility links

Оппозициялық партия парламент сайлауына түсетін кандидаттар тізімін бекітті


Шілденің 7-күні Алматыда оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өзінің IV съезін өткізіп, алдағы айда парламенттік сайлауға партиялық тізім бойынша түсетін 80 адамның тізімін бекітті. Тізімдегі депутаттыққа үміткерлер арасында оппозиция көсемі Жармахан Тұяқбайдан бастап, осы партияның барлық дерлік басшылары және жақында ғана таратылған парламент депутаттары Амалбек Тшан мен Болат Әбішов, бұрын Сенат депутаты болған Уәлихан Қайсар мен Зәуреш Батталова, бұрынғы Мәжіліс депутаты Оразалы Сәбден бар. Ал өткен айдың соңында осы партияға біріккен «Нағыз Ақ жол» партиясының жетекшілерінің бірі Болат Әбілов бұл тізімге бұрын сотталғалы себепті енбей қалды. Бірақ ол оппозицияның сайлау штабын басқаратын боп шешілді.

Сенбі күні Алматыда өткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның съезінде алдағы парламенттік сайлауға оппозиция қатысатыны жөнінде шешім қабылданды. Алғашында партиялық тізімге партияның 77 мүшесін енгізіп, одан соң, Орталық сайлау комиссия қандай да бір мүшелерін тізімнен алып тастауы мүмкін екені ескеріліп, тізімдегілер санын 80 адамға дейін көбейткенді жөн деп шешті. Олар алдағы сайлауға көгілдір аспан түсті жалауға салынған ақ райхан гүлінің рәмізін ту етіп, «Әділетті жолмен - лайықты өмірге жетейік!» деген ұранмен шықпақшы. Қазақстан оппозициясының туы ТМД аумағында біраз елес боп кезген түрлі-түсті революцияларды елестетпей ме деген сауалға оппозиция көсемі Жармахан Тұяқбай:

- Райхан гүлі – дүние жүзінде социал-демократтардың символы. Гүл ұстаған қол... Яғни, біздің партиямыздың алға қойған мақсаты – бейбітшілік пен елдегі тыныштық, әлеуметтік әділеттілік, азаттық, ынтымақ. Райхан гүлі осының бәрін сипаттайтын дүние жүзілік социал-демократтардың символы. Көгілдір түс болғандығы – туымыз көгілдір, рәміздеріміз көгілдір, сондықтан бұл гүл көз тартарлық үйлесімді деп есептейміз. Ол гүл «анау елде революция, мынау елде революция болды, соған еліктейік» дегеннен емес. Біздің елдің өз саяси ахуалы бар, соған сәйкес біздің өз әрекеттеріміз бен өз өрнектеріміз болуы керек деп есептеймін, - деп жауап берді.

Қазақстан оппозициясының сайлау алды бағдарламасы жөнінде Тұяқбай былай деп жауап берді:

- Біз бағдарламамызда жеті проблеманы көтеріп отырмыз. Ол: билік құрылымы, саяси жүйе, экономика, әлеуметтік мәселе, соның ішінде білім, денсаулық, ауыл мәселесі. Одан кейін халықтың рухани жағдайы, халықтың ішіндегі негативтік процестер - тіл мәселесі, т.б. бірқатар мәселелер біздің бағдарламамызда басымдылықпен аталып отыр.

Шілденің 7-күні басталған оппозиция съезі өз жұмысында қыркүйек айына дейін үзіліс жариялады. «Бұл шешім кез келген уақытта съез жұмысын жалғастыруға қолайлы» дейді оппозиция көсемдерінң бірі Әміржан Қосанов. Демек, тіпті сайлау барысында да билік тарапынан өрескел заң бұзушылықтар орын алып бара жатса, съез өз жұмысын жалғастырып, қосымша шешім қабылдауы да ғажап емес.

- Ондай жағдай әбден мүмкін. Ол биліктің өзінің қимыл-әрекетіне байланысты. Билік, кеше президент Назарбаев айтқандай, әділ де ашық сайлау өткізуге деген шын ниетін танытса оған біз бір бағасын береміз, ал бұрынғыдай «баяғы жартас – бір жартас», ұр да жық тас лақтыру, немес арандату, біздің белсенділерімізге қоқан-лоққылық көрсету болса, әрине, ондай сайлауға басқаша баға береміз. Сондықтан, оны уақыт пен биліктің қимыл-әрекеті көрсетеді. Біз сайлау туралы заңды, Конституцияны сынағанмен, сайлауға қатысып отырғанымыз - біздің тарапымыздан заң бұзушылық болмасын деп жасап отырғанымыз, - дейді Әміржан Қосанов.

Оппозиця қатарында соңғы таратылған парламент мәжілісінің мүшесі болған әрі Конституцияға енгізілген соңғы толықтыруларға қарсы дауыс берген 3 депутаттың екеуі - Болат Әбішов пен Амалбек Тшан бар. «Азаттық» тілшісіне А.Тшан оппозиция қатарына қсоылуын былайша түсіндірді:

- Мен жалпы өзімнің өмірлік танымымда әр уақыт өз пікіріммен жүрген адаммын. Бір де бір партияға қосылмай сайлауларда жеке өтіп жүрген болатынмын. Ал енді қазір, мына жаңа Конституция бойынша, тек партиялық тізіммен ғана өту керек. Сондықтан, әлбетте, «Нұр Отанға» да кіруге мүмкіндік болар еді, егер де шын мәнісінде «Мен - Отанмын» деп шықсам. Бірақ, мен бұрын да, «Ақ жол» партиясы екіге бөлінбей тұрған кезде, сол партияны қолдадым. Ал соңғы уақытта осы Социал-демократиялық партия мен «Нағыз Ақ жолдың» қосылу съезіне қатыстым, делегат боп. Сөйтіп, осы партияның тұғырнамасы да, бағдарламасы да менің өмірлік негізіме лайықты нәрсе деп таптым.

Бір айта кетерлігі, оппозиция партия көсемдерінің бәрі дерлік алдағы сайлау әділ болмайды-ау деп күдіктенгенімен, парламенттен орын бұйыратынына үмітсіз де емес. Тіпті олар «Қазақстан халқының қанша бөлігі елдегі жағдайға, өз жағдайларына наразы болса, сонша пайыз халық бізге дауыс беруі керек, ал елде ондай адамдар саны 60 пайыздан асады» деп есептейді.

- Билік пен мемлекеттік құрылымдар өздерінің баяғы кір ойындарын, әлбетте, тоқтатпайды. Ол кеше-ақ басталып кетті. Себебі, барлық сайлау учаскілеріне осы біріккен оппозиция мүшелерін кіргізбей қойды. Ол дегеніңіз - олар о бастан сол жерде лас технологиялармен жұмыс істейді деген сөз. Сонда да менде халық қалауымен 25-30 пайыз дауысқа ие боламыз ба деген үміт бар. Билік оны қанша сызғанымен өшіре алмайды. Ал енді билік тіпті құртатын болса, жаңа айтылғандай, бәлкім, сайлауға байкот жасауға тура келер. Меніңше, ол бүгінгі быт-шыт боп жатқан билікке де қажет емес деп ойлаймын, - дейді экс-депутат Амалбек Тшан.

Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – Мәжіліске депутат сайлауы биылғы жылғы тамыз айының 18-іне белгіленген. Сайлауға партиялық тізім бойынша үміткерлерді ұсыну маусымның 22-сінен шілденің 11-іне дейін жүргізіледі.
XS
SM
MD
LG