Accessibility links

Сталиндік қуғын-сүргінді көргендердің тауқыметті тағдырлары ешқашан ұмытылмайды. ІІ-бөлім


1990 жылдың 13 тамызы күні Совет Одағының тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачев сталиндік қуғын-сүргін құрбандары болған миллиондаған адамдарды ақтау туралы жарлық берді. Сталиндік репрессия зобалаңы 1937-38 жылдары өзінің шырқау шыңына жеткен болатын, бұл кезеңді бүгінде ұлы зұлмат-зобалаң жылдары деп атайды. «Азаттық» радиосы осы террор кезеңіне арналған бірнеше бөліктен тұратын сериялы хабарларында сталиндік репрессия саясатының құрбандарына айналған отбасылардың тағдырлары жайында сөз етеді.

Ол кезде сталиндік үлкен террордың қаралы жалыны шарпымаған ешкім қалмаған еді. Зұлмат Совет одағының құрамындағы барлық елді, барша ұлт пен ұлысты, түрлі жастағы азаматтардың бәрін де қамтыған болатын. Бүгін репрессия өз тағдырларына өшпес із қалдырған екі әйелдің естелігімен таныс болыңыздар.

Мая Лазаревна Кофман, 77 жаста.

- Менің әжем күйеуі 1893 жылы қайтыс болған кезде анам мен оның кіші бауырларын алып, Францияға кеткен екен. Оның күйеуі, демек, атамыз Герценштейн деген кісі болған. Ол Думада Қара жүздіктер өлтірген Герценштейндер әулетінен екен, сол себепті де қиын болған сияқты, ол Ресейдегі санаулы ғана инженерлердің бірі болған. Анам өмір бойы Францияда тұрды, әкеміз бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Брюсселде оқыған, міне олар сонда Европада танысқан. Оларды сол себепті де Ресей азаматтары ретінде тіркелген. Сол кезде көптеген адамдар Совет еліндегі жарқын болашаққа сеніп, коммунизмді өз қолдарымен құруға барған, келісссөздер жүргізіліп, қанша айтылса да, олар көздерін жұмып, Европадан барған. Олар сөйтіп 1930 жылы СССР-ге келеді, ал 1937 жылы оларды түрмеге отырғызады. Мен анам онда қайтып оралған соң екі айдан кейін дүниеге келіппін, оларды 10 жылға ешқандай хат-хабар алысуға болмайды деген үкіммен отырғызады, бұл шын мәнінде ату жазасы деген болатын. Кейін көп жылдар өткен соң мен құжаттарды алғанда олардың түрмеге қамалған соң алты айдан кейін-ақ атылғанын білдім. 1938 жылы маусым айында, ол кезде мен алты жаста болғанмын. Әкемді, оның ортаншы бауырын және анамды бәрін бірге түрмеге отырғызған. Ал бауырын Колымаға жіберген, оған үш рет үкім шығарылады, сол жақта ол өмір бойы отырады, кейін 1950-шы жылдары қайта қамай бастағанда өзін-өзі өлтіреді. Маған өмір бойы қиын болды, оның біріншісі мен еврей екендігім, екіншісі ата-анамның репрессияланғандығы. Жоғарғы оқу орнына түсер кезде және кейін де осы екі жағдай үнемі алдымнан шығып отырды. Екінші жылы Тимириязев атындағы академияға қабылдаған жоқ, сосын мен сияқтыларды қабылдайтын мұнайшылар институтына түстім, мамандығым бойынша геологпын. Мені ешқашақн тұтқындаған жоқ, бұл реттен мен бақытты болармын, өйткені ата-анасы атылған балаларды да отырғызып, қамап қоятын, - деп аяқтады өз естелігін Мая Кофман.

Екінші кейіпкеріміз - Сюзанна Соломоновна Печура.

- Mен 74 жастамын, - дейді ол, - мені 1951 жылдың қаңтарынан 1956 жылдың сәуіріне дейін түрмеде ұстады. Біз жоғары кластың бірқатар оқушылары және бір топ студенттер сол кездегі жүйеге қарсы Революция ісі үшін күрес одағы деген ұйым құрдық. Біздің топта барлығы 8 адам болған, ал барлығы 16 адамды ұстап, біздің таныстарымызды да қамауға алды. Алдымызда не күтіп тұрғанын білдік. Алғашқы екі аптада бізді Лубянкада ұстады, кейін басқа да көптеген түрмелерде болдық. Тергеу 13 ай бойына жалғасты. Балалардың бірнешеуін 18 жаста-ақ атып тастады. Бізге "Отанын сатты" деген айып тағылды, "террорлық акт жасады" деген статья тағылғанын мен кейіннен, тергеу қағаздарын алғанда білдім. Мен 7 лагерде, 11 түрмеде болдым. Бұл саясиларға арналған арнайы лагерлер, онда жағдай өте қиын болатын. Онда өлгендері көмбейтін, тек шұңқырға лақтырып тастайтын. Біздің лагерь бастығы жақсы жұмыс істеңдер, жақсы жұмыс істегендерді табытқа салып көмеміз деп айқайлайтын. Мені 1989 жылы ақтады, ақтау туралы заң шыққан соң бізге төлемақы деп ақша берді, сол ақшаға менің өзіме плащь сатып алғаным есімде. Сосын әр ай сайын зейнетақымызға 70 рубль қосатын болды, - дейі Сюзанна Печура.

Бұрынғы Совет одағының құрамында болған елдер өз құпия мұрағаттарын біртіндеп жарыққа шығарып жатыр. Ал миллиондаған адамның тағдырына өзінің өшпес жарасын салған сталиндік зұлмат жылдары олардың естерінен ешқашан шықпайтындығы кәміл.
XS
SM
MD
LG