Accessibility links

Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті туралы Қазақстанда жұртшылықтың хабары шамалы


Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамы «Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні» жұртшылыққа таныстыру жобасы шеңберінде Қазақстанның 7 қаласы: Алматы, Астана, Павлодар, Атырау, Семей, Өскемен және Шымкентте ақпараттық тұрғыдан жиындар өткізіп, «Азаматтық құқықтар мен еркіндіктер» және «Саяси құқықтар» деген атпен 18 мыңдай плакаттарды қазақ және орыс тілдерінде жоғары оқу орындары мен орта мектептерге таратты.

Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамының өкілі Ғалым Ағелеуовтің айтуынша, Қазақстан қалаларында елдің Негізгі заңы азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қаншалықты сай, үйлесімді екендігін білу мақсатында өткен жиындарда қазақстандық саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, өз пікірлерін ортаға салған.

- Пікірталасқа қатысушылардың көбін Конституция және оған жуырда ензілген өзгерістер жайы көбірек қызықтыратындығына көз жеткіздік. Әрине, бұл қазақстандық азаматтардың халықаралық пактіде көрсетілген өздерінің азаматтық және саяси құқықтары туралы көбірек білмейтіндігінен болуы керек, - дейді Ғ.Ағелеуов.

Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамының атқарушы директоры Олеся Халабузарьдың айтуынша, азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Қазақстан 2005 жылдың желтоқсан айының 2-сі күні қол қойған. Қазақстан Республикасы үшін бұл халықаралық құжат 2006 жылдың сәуір айының 28-і күні күшіне енген.

- Алайда, осы халықаралық маңызды құжатта адам құқықтары туралы жазылғанымен бұл құжат ешкімді ешнәрсеге міндеттей алмайды. Ал осы құжатта жазылған яки көрсетілген құқықтар халықаралық пактіге сай қабылданған хаттамалар арқылы сонда көрсетілген механизмдер арқылы іске асады. Сондықтан біз Қазақстан президенті Н.Назарбаев, Қазақстан парламентінің сенаты мен мәжілісіне арнап үндеу қабылдауды жөн деп санадық, - дейді О.Халабузарь.

Аталмыш үндеуде Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістерден кейін азаматтардың саяси құқықтары мен жеке басының құқықтарын қорғау өзекті мәселеге айналып отырғандықтан халықаралық осы пактінің бірінші факультативтік хаттамасын қабылдап, оны мақылдау ісі өте маңызды екендігі айтылған. Бұл - Қазақстанның демократия жолындағы маңызды бір қадамы болмақ делінген аталмыш Үндеуде.

Сонымен бірге, Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамы Қазақстан Конституциясына биыл ензілген өзгертулер және Қазақстанның «Сайлау туралы», «БАҚ туралы» және бейбіт жиын, митингі өткізу туралы заңдары азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге сай келмейді деп санайды.
XS
SM
MD
LG