Accessibility links

Қазақстан елде жұмыс атқарып жатқан американдық энергетикалық компаниясына 200 млн доллар айыппұл төлетпек


Қазақстан тарабы американдық энергетикалық «AES» корпорациясын электр қуатын тек өзінің делдалдық кәсіпорыны арқылы жергілікті тұрғындарға қымбатқа сатқаны үшін 200 миллион доллар айыппұл төлеуін талап етіп отыр. Бұл туралы қазанның 5 күні Астанада бірінші сот үдерісін жеңіп шыққан Индустрия және сауда министрлігінің бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Алиақпар Мәтішев хабарлады. «AES» корпорациясының басшылығы керісінше тауарлардың еркін қозғалысына шектеу жасауға болмайды деген болатын.

Индустрия және сауда министрлігінің бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Алиақпар Мәтішевтің айтуынша, «2005-2006 жылдарда AES компаниясының тобына кіретін кәсіпорындар электр қуатын өзге компанияларға беруден бас тартып тек өзінің Алматыдағы делдалдық «Нұрэнергосерсив» жауапкершілігі шектеулі кәсіпорны арқылы электр қуатын сату жүйесін жасаған. Сөйтіп электр қуаты базарын өздері бөлісіп алған». Мәтішевтің айтуынша, «AES корпорациясы өзге компаниялармен келісім шарт жасаудан бас тартып өз компанияларымен келісіп Шығыс Қазақстан облысында өндірілетін электр қуатын жергілікті тұтынушыларға бермей басқа облыстарға жіберіп келген. Нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы электр қуатын басқа облыстардан алуға мәжбүр болған», дейді ол.

Мәтішевтің айтуынша, «осы әрекеттердің кесірінен Шығыс Қазақстан облысы және басқада облыс тұтынушылары электр қуатының бағасын 27 пайызға артық төлеуге мәжбүр болған». Бәсекелестікті қорғау комитеті төрағасының айтуынша, «AES корпорациясы электр қуатының бір киловат сағатын өндіргеніне 1 теңге жұмсап оны 3 теңгеден сатып Шығыс Қазақстан энергетикасына инвестиция салмай асыра пайда таппақ болған».

Осылайша «Қазақстанның Монополияға қарсы заңын» бұзғаны үшін бәсекелестікті қорғау комитеті Американдық AES компаниясының тобына кіретін 4 компанияға жалпы сомасы 24 миллиард теңге немесе 200 миллион долларға жуық айыппұл салмақшы. Атап айтқанда қазір корпорацияға Алматыдағы «Нұрэнергосерсив» жауапкершілігі шектеулі кәсіпорны, «AES Өскемен гидроэлектростансасы», «AES Өскемен жылуэлектрстансасы», «AES Шульбинская гидроэлектростансасы» кіреді. Бәсекелестікті қорғау комитет төрағасы Мәтішевтің айтуынша, «AES корпорациясы Нью-Йорк қор биржасының қатысушысы бола тұра Қазақстанның монополияға қарсы заңдарын елемеген». Мәтішевтің айтуынша, «AES корпорациясы онымен хабарласып осы фактілерді журналистерге айтпауын өтініп сұраған. Өйткені бұл жағдай корпорацияның акцияларына әсер етіп, Нью-Йорк қор биржасында проблемаларға әкеліп, корпорацияның құнды қағаз ұстаушылары акциялардан құтылуға тырысуы мүмкін екендігін айтқан».

Алматыдағы «Нұрэнергосерсив» компаниясының қабылдау бөлмесіндегі хатшысының айтуынша ол бұл мәселеге байланысты ақпарат бере алмайды. «Ал бас директор Джон Вудхам және компания заңгері орнында жоқ», деді ол.

«Өскемен жылуэлектрстансасы» компаниясының қабылдау бөлмесіндегі хатшының айтуыншада бас директор Иван Запольский және заңгер орнында жоқ.

Бірақ бұған дейін 2003 жылы шілде айының басында AES корпорациясының Қазақстандағы компанияларының вице-президенті Майкл Джонаган керісінше жергілікті бәсекелестікті қорғау комитетін кінәлап олар электр қуатын тек бір облыстан алыңдар деп күштейді, бұлайша дербес облыстарды жасанды түрде айқындау тауарлардың еркін қозғалысына жасалатын шектеу деген болатын. Ал Қазақстанның бәсекелестікті қорғау комитеті болса AES корпорациясының Шығыс Қазақстан облысындағы арзан электр қауатын алмай оны Павлодар облысынан қымбатқа алатындығына түсінбестік білдірді. Осы Шығыс Қазақстан облысынан сайланған парламент сенатының депутаты болған саясаткер Зәуреш Батталованың айтуынша ол бұл мәселені өзі зерттеген:

- Олардың сол кездегі жауаптары керісінше Павлодар жақтан арзан болғандықтан біз сол жақтан алып отырмыз деген.

Саясаткер Зәуреш Батталованың айтуынша 1993 жылы корпорация инвестиция саламыз деген уәдемен Қазақстанның ірі энерго жүйесін, яғни Өскеменмен Семей қалаларының энергожелісін толығымен жекешелендіргенсоң монополист болған және қазір баға тағайындап отыр, дейді ол. Сенатор кезінде мен бұл мәселемен айналысқанмын, дейді саясаткер Батталова.

Бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы Мәтішевтің айтуынша комитет корпорацияға соңғы сот шағымдары арқылы ескерту жасап бұдан былай Қазақстан заңдарын бұзбау қажеттігін жеткізгісі келеді. Қазір Қазақстан тарабы бірінші сот үдерісін жеңіп шықты, енді қалған сот үдерістері жүріп жатыр деп хабарланады.
XS
SM
MD
LG