Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.05.2007 жыл


Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев қана емес, қазіргі ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев жұма күні жарық көрген басылымдардың басым бөлігінің басты кейіпкерлеріне айналған. Егер газеттердің бірінде Рахат Әлиевтің Қазақстан президентімен бірге ірі мұнай компаниясына иелік еткендігі сөз болса, басқа басылымдар Тимур Құлыбаевтың қаржылық мүмкіндіктерін талдапты.

«Тасжарған» газеті Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен қазіргі ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа қатысты қатарынан бірнеше мақала жариялапты. «Рахат - Назарбаевпен бірге ірі «МаңыстауМұнайГаз» мұнай компаниясына иелік етеді» деген мақалада «Тасжарған» бұл кәсіпорынның «жасырын түрде президент пен оның бұрынғы күйеу баласының меншігінде болғандығын» шетелдің ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып жазады. Онда келтірілген деректерге қарағанда, «қазақстандық шенеуніктер мен компания өкілдері бұл кәсіпорынның меншік иесі - Джакартада тіркелген «Central Asia Petroleum» компаниясы» деп айтады. Әлиев қуғынға түскеннен кейін өз делдалдары арқылы компанияны банкирлерге сатуға тырысқан. Бірақ, мақала авторы, компанияның баспасөз-хатшысына хабарласқанында, «МаңыстауМұнайГаздың» сатылмайтындығы, онда Рахат Әлиевтің үлесі жоқ екендігі туралы хабарды естіген. Газетте келтірілген мәліметтерге сүйенсек, бұл компанияның құрамына үлкен мұнай өңдеуші зауыт кіреді. Компания өндіретін, барлау жасалған мұнай қоры - 500 миллион баррельді құраған. «Оған қоса биылғы жылы компания күніне 130 мың баррель мұнай өндіреді деп топшыланып отыр», - деп жазады «Тасжарған» газеті шетелдік ақпарат көздеріне сүйене отырып.

Ал «Тимур және оның командасы» деген мақалада «Тасжарған» газетінің назарына Қазақстан президентінің ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев ілігеді. Мақала авторының айтуынша, «Қазақстанда жұмыс істейтін барлық компаниялардың ақшасы құйылатын оффшорлы аймақтарды осы Тимур бақылайды деген сөз бар. Бермудта Қазақстандағы ең бай кеніштер – Арман, Әлібекмола, Қожасай кеніштерін игеретін «Nelson Resources Limited» деген мұнай компаниясы тіркелген. Бұл компанияның акциялары бақылау пакетінің иесі – Қазақстандағы екі ірі «Казкоммерцбанк» пен «Қазақстанның халық банкі» акционерлері. «Ал Қазақстанның қаржылық бақылау агенттігінің ресми сайтында Тимур Құлыбаев пен оның отбасы Халық банкінің 73,5 пайызын иемденетін «Алмэкс» компаниясының ірі акционерлері екендігі» айтылған» деп жазады «Тасжарған» газеті. Оған қоса Құлыбаевтың «Известия» және «Комсомольская правда» газеттерінің Қазақстандағы қосымшаларына, «Время» газетіне, «Континент» журналына тікелей қатысы бар екендігін жазады «Тасжарған» газеті. «Соған қарамастан Тимур Құлыбаев өзінің президенттік амбициясын ашық жарияламайтын, бұқаралық ақпарат құралдары үшін жабық тұлға», - дейді мақала авторы. Газет мәліметтеріне қарағанда, ерлі-зайыпты Құлыбаевтардың капиталы 4,2 миллиард долларды құрайды. Бірақ соңғы уақытта бұл қаржының жартысынан Тимур Құлыбаевпен Астанада бірге тұратын, қазірдің өзінде Құлыбаевтарға тиесілі ірі кәсіпорындарда акциялары бар Гаухар Ашкенази есімді әйелдің үміті бар екендігін жазады «Тасжарған» газеті. Ал осы газетте жоғалып кеткен баникр Жолдас Темірәлиевтің әкесі жалғыз ұлы туралы мәлімет алу мақсатында Венаға барғандығын да, Рахат Әлиевтің әкесі Мұхтар Әлиевпен де жүздескендігін баяндайды. Ол өз сөзінде банкирлердің жоғалуы бройынша операцияны Рахат Әлиев пен оның көмекшісі Кошляк өте құпия жүзеге асырғандығын, «сондықтан, сот процесіне бұл екеуінің ең болмағанда біреуі қатыстырылмай, жоғалған жігіттерге қатысты ақиқатқа жету мүмкін болмай қалуы мүмкін екендігін» тілге тиек етеді.

«Жас қазақ» газетіне «Біз үнсіз қалсақ, өзгелер қан жылауы мүмкін» деген тақырыппен «Нұрбанктің» бұрынғы басқарма төрағасы Әбілмәжін Ғылымов үлкен сұқбат беріпті. Онда ол жоғалған серіктеріне «укол салынғандығы ресми түрде айтылғандығын еске түсіріп, сондықтан, «бәлкім, сондай жағдай болып, олар еркінен, есінен айырылып қалған болар» деп топшылайды. «Сол себептен де, хабар бере алмай жатқан болар. Дипломатиялық мүмкіншілігін пайдаланып, елден алып кетуге де ол кезде оларға мүмкіндік болды. Мүмкін елден алып кеткен шығар», - дейді Әбілмәжін Ғылымов «Жас қазақ» газетінде. Сонымен бірге ол өз сұқбатында «Нұрбанкте» жұмыс істеген кезінде тек Рахат Әлиевпен ғана емес, оның ұлы Нұрәлі Әлиевпен де әсіресе кадр саясатында келіспеушіліктердің болғанын да мойныдайды. «Өркениетті елдерде ортақ бизнесте отбасы да тәртіпке бағынады. Ал біздің елде басқаша. Осы тұрғыда келіспеушілік болғанын жасырмаймын», - дейді Әбілмәжін Ғылымов.

«Деловое обозрение Республика» газеті болса, бұған дейін хабарлаған Рахат Әлиевтің өздеріне жолдаған құпия құжатына қатысты деректер келтіреді. Мақала авторы құжаттың мазмұнына қарағанда, бұл Лихтенштейн графтығының Вадуц қаласы Интерполының Вашингтон Интерполына жолдаған хаты. Онда «олар Лихтенштейн Әділет мекемесі Корольдің сарайының Қазақстан азаматтарына қатысты 14 UR.2003.141 деген санмен қылмыстық іс қозғағандығы баяндалады» дейді «ДО Республика» газеті.
XS
SM
MD
LG